Елорданың Байқоңыр ауданының бұрынғы әкімі Асқар Есіловке сот үкімімен 15 450 000 теңге айыппұл салынды, - деп хабарлады Sputniknews.kz. 17 ақпанда Есіл ауданының №2 соты Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының бұрынғы әкімі Асқар Есілов пен кәсіпкер С.Нұртазинге үкім шығарды.
"Экс-әкім пара түрінде 515 000 теңгенің ұялы телефон алғаны және футбол алаңдарының құрылысы бойынша қосалқы мердігерлік жұмыстарды алуға жәрдем бергені үшін кінәлі деп танылды. Оған сот үкімімен 15 450 000 теңге, ал Нұртазинге пара бергені үшін 7 725 000 теңге айыппұл салынды", - делінген Есіл аудандық сотының хабарламасында.Сонымен қатар, екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сотталушылардың жасаған қылмысы үшін өкінгенін, кінәсін мойындағанын, асырауында жас балаларының барын ескере отырып, іс жеделдетілген сотқа дейінгі өнідірісте тергеліп-тексерілді. Егер олар айыппұл төлеуден жалтарса, жаза түрі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Қаңтар айының соңында елорданың "Байқоңыр" ауданының бұрынғы әкімі Асқар Есілов пара алды деген күдікке ілінді. Оған жекеменшік компания өкілінен "Байқоңыр" ауданын абаттандыру бойынша субмердігерлік жұмыстарды алуға жәрдемдескені үшін пара түрінде iPhone-ның соңғы нұсқасын алды деген айып тағылды. Сондай-ақ, экс-әкім қызмет бабын асыра пайдаланып, жалпы қамқорлық жасады деген күдікке ілінді. Күдіктілер кінәсін мойындап, тергеуді жеделдетілген тәртіпте аяқтауды сұраған болатын. 40 жастағы Есілов Байқоңыр ауданының әкімі қызметіне 2019 жылдың сәуір айында тағайындалған болатын. 30 қаңтардан бері Байқоңыр ауданын 38 жастағы Нұрбол Нұрсағатов басқарады.