Соғысқа танкі сыйлаған қазақ туралы не білеміз?
Соғысқа танкі сыйлаған қазақ туралы не білеміз?
© Думан ЖҰМАШҰЛЫ
Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіс күнін жақындатуға ел деп туған ер­лердің қосқан үлесі аз емес. Аласапыран заманда ат ауыздығымен су ішіп, тектілер толарсақтан қан кешкен кезеңде қолына қару алып майдан даласында жаумен шайқасқан ерлерден бөлек, тылда еңбек еткен, өзінің қайратымен, рухымен майдангерлерге дем берген дала батырлары да ел есінде. Жыр алыбы Жамбыл бабамыз ерлердің ерлігін өлеңмен өрнектеп, оларға рух сыйласа, даңқты балуан Қажымұқан атамыздың соғысқа ұшақ сыйлағаны тарихтан белгілі. Қазақ даласында сирек те болса болған мұн­дай оқиғалар – ұлттың ұлы тарихын байытатын құнды деректер. Сол сияқты соғысқа танкі сыйлаған қарапайым қазақ Құрмансейіт Бейсенов туралы Әулиеата топырағында мақтанышпен айтылатын әңгіме көп. Сонау қиын-қыстау кезеңде елді ұйымдастырып, ұрыс даласындағы азаматтардың қажетін өтеуді өз мойнына алған ол әр жылдары майдангерлерге көмек көрсетіп тұрған екен. Кезінде Дуанбек Бекенов «Социалистік шаруа» газетіне жазған мақаласында соғыс даласына Каганович колхозының 67 жастағы қарт мүшесі Құрмансейіт Бейсеновтің 15 ірі қара, 2 ат және 50 дана жылы киім жібергенін жазып қалдырған. Сонымен қатар, сол жазбада Құрмансейіт Бейсеновтің «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасауға 5500 сом ақша аударғаны туралы да айтылады. Кейіннен ол кісінің Отан қорғау қорына 100 мың сом ақша және 20 жылқы өткізіп танк жасатқанын, оны майдангерлерге сыйға тартқанын жұрт әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Дерек бойынша бұл оқиға 1944 жылы болған екен. Ұрпаққа ұлағат, кейінгіге тағылым боларлық өнеге өрнектері арада қанша жыл өтсе де Ұлы Жеңіс рухымен жаңғырып, асқақтап тұр. Ұлтқа қызмет етудің қарапайым әрі биік үлгісі осы болар. Ал, қолында барымен бөлісіп, майдан даласындағы ерлерге қолдау көрсеткен Құрмансейіт Бейсенов негізі кім болған?!. Көзкөргендердің айтуынша, ол – жомарт, кеңпейіл әрі текті азамат. Қолына қару алып, қасап қырғынның ортасында болмаған болса да, өзінің рухымен, жігерімен басын өлімге байлаған батырларға дем беріп, үміт сәулесін сыйлаған жан ретінде оны бәрі құрметтейді. Жергілікті қариялар оның аузы дуалы, келбетті, ақ сақалды кісі болғанын жарыса айтады. соғыс Ал, жазушы Дулат Шалқарбаев өзінің «Дүрбелең» деген романында «Ақын жан-дінін салып шырқап отыр. Елді, жерді, азулы аталарды дәріптеп, мақтап жатыр. Бірақ оған емеурін жасап, құрмет көрсеткен ешкім жоқ. Ахмет пен Құрмансейіт босаға жаққа келіп, жүресінен отыра кеткен. Бір кезде Құрмансейіт атып тұрды да, қалтасындағы әмияннан 25 сомдық алды да, ақынның алдына апарып тастай салды», – деп жазады. Қаламгер естелікпен өрілген осы бір шағын оқиға арқылы оның тұлғалық қасиетін ашып көрсетеді. «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» деген бар ғой. Ежелден тек пен тамырды таза ұстаған халқымыздың қанындағы сол тектілік – бабадан атаға, атадан балаға беріліп отыратын ұлы құбылыс. Жамбыл облысының Құрметті азаматы Асаубай Майлыбаевтың айтуынша, Құрмансейіт кісінің атасы Кемпір өз уақытында әйгілі Біржан салдың өзімен дәмдес-тұздас, елге сыйлы адам әрі асқан дәулет иесі болған екен. «Көкірегі ояу, көзі ашық Кемпір өз нөкерлерінің ішіп-жемі мен басқалай қажеттіліктерін де өтеуді ауырсынбаған. Барын бауырына басып жемей, шашып жеген сол Кемпір Арқа мен Қаратау арасын жайлаған қалың қазақтың аузында «Кемпір сал» деген атпен қалғанын бүгін біреу білсе, біреу білмейді. Ал, Құрмансейіт Бейсенов – осы Кемпір салдың кіндігінен тараған, ата көріп, оқ жонған текті атаның перзенті», - дейді Асаубай Майлыбаев. Тектінің тұяғы Құрмансейіт Бейсенов 1877 жылы қазіргі Қарағанды облысының Жаңаарқа топырағында дүниеге келген екен. Ел ішінде ол кісінің жасынан сауатты болғаны, оқи да, жаза да білгені туралы көп айтылады. Тіпті атақты Майкөт ақынмен айтысқаны туралы да деректер бар. Бірақ, өкінішке қарай ол айтысы да, өзге мұралары да сақталмаған екен. Ел аузындағы әңгімелерде тек жомарттығы мен адалдығы, соғысқа танк сыйлаған азаматтығы туралы ғана айтылады. «Құрмансейіт Бейсенов 1930 жылдары Арқадан ауған елмен бірге қазіргі Жамбыл облысы, Сарысу ауданына қарасты бұрынғы Жаңаарық, қазіргі Ұзақбай Сыздықбай ауылына келіп қоныстанады. Осы ауылда менің де балалық шағым өтті. Әкем қайтыс болған соң 5 жасымда осы ауылға көшіп келген едік. Мен нағашымның қолында өстім. Құрмансейіт қария менің нағашымнан төрт жас үлкен кісі еді. Көзіміз көрді, қолынан дәм таттық. Бір үй құдайы тамаққа шақырса, енді бір үй тағы бір нәрсені себеп қылып бір-бірін қонақ қылып жататын. Ондай жерден нағашы атам Балабек мені де қалдырған емес. Құрмансейіт атамыздың соңында да немерелері ілесіп жүретін. Құрмансейіт қария әйелі Мариямды үнемі жанынан тастамайды. Мариям апамыз Қостанай жақтың қызы еді. Өте сұлу кісі болатын. Өз басым әйел затында мұндай сұлу адамды көрген емеспін. Құрмансейіт атамыз да ақылына сымбаты сай жан еді», - деп еске алады Асаубай Майлыбаев. Халқының ықыласын иеленіп, құрметіне бөленген Құрмансейіт қарияның өз кіндігінен перзент болмаған екен. Шерхан Мұртаза айтқандай, нағыз «бір кем дүние» осы болса керек. Ал, жоғарыдағы естелікте айтылған соңына ертіп жүрген немерелері – асырап алған баласының балалары екен. Олар да бүгінде бір қауым ел болған. Асылдың сынығы Құрмансейіт Бейсенов 1963 жылы дүниеден өтеді. Сүйегі бүгінгі Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңаарық ауылына қарасты Ұзақбай Сыздықбай ауылына жерленген. Содан бері арада алпыс жылға жуық уақыт өтсе де бүгінгі ұрпақ Құрмансейіт қарияның сол замандағы қайсарлығын ұмытпайды. Ауыл әкімі Оңласын Мұқашев бүгінде ауылда Құрмансейіт Бейсеновтің атында көше бар екенін, оның ұрпақ жадында мәңгі сақталатын азамат екенін атап өтті. Тағы бір өкініштісі, ол кісінің бүгінде ешқандай жазбасы да, суреттері де сақталмапты. Дегенмен, ерлікке барабар әрбір істің өнегесі болады. Оны заман алмасып, дәуірлер жаңарған сайын да әрбір ұрпақ білуі тиіс. Алайда, Асаубай Майлыбаев бұл кісінің еңбегінің бүгінде ескерусіз қалып бара жатқанын айтады. «Сондай асыл кісінің ел үшін, Отан үшін еткен еңбегі далаға кеткені ме деген ой мені үнемі мазалайды. Әрі- беріден соң ол кісі менің туысым да, басқам да емес. Алайда, сұраусыз, ізсіз қалып бара жатқаны менің жанымды жеп, азаматтық арыма көлеңке түсіретіндей болады да тұрады. Ол кісіні білмесем, көрмесем бір сәрі. Содан соң Құрмансейіт Бейсенов туралы бүкіл ресми құжаттарды түгендеуді қолға алдым. Арнайы орындарға сұрау салдық, нұсқау бердік. Нәтижесінде ел аузындағы әңгіменің әшейін құрғақ аңыз емес екеніне, қатталып, мөрленіп тарих қойнауына сіңген ердің еңбегі шын мәнінде ерен екендігіне көз жеткіздік», - дейді ол. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Жамбыл облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Т.Ереншиевтің қолы қойылған құжатта Құрмансейіт Бейсеновтің туған жылы, тұрғылықты мекенжайы нақты көрсетіле келіп, оның Ұлы Отан соғысы кезінде Отан қорғау қорына 100 мың сом ақша және 20-дан астам ірі-қара мен жылқы малын өткізгені туралы жазылған екен. Тіпті ол кісіге сол уақытта Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннің Алғыс хаты тапсырылыпты. Бірақ, бос мақтан үшін емес, елдің бейбітшілігі, ердің амандығы үшін бар малын Ұлы Жеңіс жолына сарп қылған ардагердің есімі де, ерлігі де ұрпаққа өнеге болып қала бермек...

Хамит ЕСАМАН,

Суреттердің авторы лейтенант Думан ЖҰМАШҰЛЫ.