Мадридтегі Әсем өнерлер орталығы кинотеатрында Қазақстан киносы күндерінің ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл шараға Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Қазақстанның Испаниядағы елшілігі мұрындық болды. Қазақстан киносы күндерінің аясында шетелдік көрермен режиссер Ернар Нұрғалиевтің «Алға» және режиссер Фархад Шәріповтің «Схема» фильмдерінің премьерасын тамашалады. Мәдени жиын екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орайластырылған. Қазақстан елшісі Константин Жигалов мемлекеттер арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Соңғы жылдары «Астана Опера» театры мен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі Испанияға жиі гастрольдік сапармен барды, заманауи қазақ прозасы мен поэзиясының антологиясы испан тілінде жарық көрді. Сондай-ақ, 2016 жылдан бері «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен Барселонада жыл сайын өтетін Азия кинофестивалінде қазақстандық фильмдер тұрақты түрде көрсетіліп келеді.