Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов сенбілікке шығып, тұрғындармен бірге ағаш отырғызды. Шаһар басшысы «Отау» шағын ауданы тұрғындарын толғандырған сауалдарға жауап беріп, абаттандыру бойынша атқарылатын жұмыстар туралы алдағы жоспармен бөлісті. «Бірге таза Қазақстан» және «Дүниежүзілік тазалық күні» атты бүкіләлемдік экоакциясы аясында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікте халық елорда әкімімен еркін форматта кездесті. «Отау» шағын ауданының тұрғындары өздерін толғандырған бірқатар сұраққа жауап алып қана қоймай, шағын ауданды дамытуда ой-пікірлерін ортаға салды. Қала әкімінің сөзінше, Алматы ауданына кіретін бұл аумақта жеңілдетілген қолжетімді тұрғын үй бой көтерді. Алдағы уақытта да ауданды дамыту бойынша атқарылар жұмыс көп. Сондай-ақ кездесуде тұрғындар тарапынан бірқатар мәселе қозғалды. Оның ішінде халық саны тұрақты өсіп отырған шаһардағы мектеп, балабақша мен емханаға тапшылық та сөз етілді. Әлеуметтік нысандардың құрылысынан бөлек, ауданды абаттандыру, қосымша автобус маршруттарын іске қосу, жылы аялдамалар орнату, жол салу және жөндеу, интернет сапасын жақсарту, құрылыс салушы тарапы жіберген кемшіліктер, сол сияқты кәріз жұмысы, сауда азық-түлік дүкенін ашу секілді өзекті мәселелерді де жеткізді. Тұрғындардың талабын тыңдаған қала әкімі шағын ауданда екі мектеп салу жоспарланғанын айтып, қуантып тастады. Бүгіннің өзінде жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмысы жүргізіліп, ірі мектептің құрылысына көшу жоспарланып отыр. Жұмыс сәтті жүзеге асса, аудан халқы көп ұзамай сыйымдылығы 4 мың оқушыға арналған мектептің игілігін көреді. Сонымен қатар, елорда әкімі егжей-тегжейлі жоспарлау жобасындағы балабақша құрылысы туралы да құлағдар етті. Бұдан бөлек, ауданда гипермаркет құрылысына да арналған жер телімі бар екені белгілі болды. Тұрғындардың талабы тиісті деңгейде орындалып, келіп түскен мәселелер бойынша сүбелі жұмыс қолға алынады. Осылай деген шаһар басшысы Алтай Көлгінов: «Бірқатарын қысқа мерзімде шешеміз, ал жүйелі мәселелер көбірек уақыт қажет етеді. Осы бағыттағы жұмыстарды орындау кестесін құрамыз» деп отыр.