Қоғам өзгерісті қалайды – Мақсат Толықбай
Қоғам өзгерісті қалайды – Мақсат Толықбай
– 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев билікті ізбасары ре­тінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына ұстатты. Жасыратын ештеңесі жоқ, сол кезден бастап қоғамда «қос билік» деген түрлі қауесет әңгімелер болды. Шынды­ғында билік қазіргі Президенттің қолына өткен болса, үлкен реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, кезектен тыс әділ сайлау өткізу маңызды. Қазіргі қоғамда қордаланған мәселе көп. Бірақ сол мәселенің түйінін тарқатуға келгенде ешкім жауап­кершілікті мойнына алғысы келмейді. Сон­дықтан ең алдымен билік өзгеріске ұшырай алатынын түсінуіміз керек. Осы ақиқатты мойындай алғанда ғана мәсе­ле­нің шешу жолына біртабан болса да жақындауға мүмкіндік туады. Бізде 30 жыл бойы билік бір адамның қолында болды. Супер­п­ре­зи­денттік жүйе Қазақстан бай­лығына 162 адамның ғана иелік етуіне алып келді. Тіпті бұл жүйе әбден тамырланып алды. Ал тамы­ры­нан құрт­­таған ағашты бұтағынан емдемейді. Сол үшін Қасым-Жомарт ке­лесі Президент сайлауын өт­кізуге ұсыныс тастады. Оның негізгі мис­сиясы – әділетті қоғам құру. Дәл қазір Мемлекет басшысы әді­летті қоғам құру үшін өтпелі кезеңнен өту керек екенін меңзеп отыр. Бірреттік жеті жылға сайлау үлкен бағдарламаларды жүзеге асыруға жетпей қалуы мүмкін екенін айтады. Бірақ біздегі бұған дейін қабылданған ұзақмерзімді стратегиялық жобалар сәтті жүзеге асты деп тағы айта алмаймыз ғой. Сондықтан нақты жоспарға құрылған қысқамерзімді бағдарлама әзірлеп үйрену керек. Бұл белгілі бір мәселенің шешімін табуға септігін тигізеді. Тұлғаның айналасына топтасу дегенді де доғару керек. Бір сөзбен айтқанда, Президент ауысқанымен, мемлекеттік бағдарлама жалғасын таба береді. Қоғам өзгерісті қалайды. Бірақ ешкім өзінен бастағысы келмейді. Билік өзінен-өзі өзгере салмайды. Ол үшін халықтың қолдауы маңызды. Мысалы, кезінде елордаға Нұр-Сұлтанның атын бергенде бүкіл ел қарсы болды. Бірақ халықпен санасқан ешкім болған жоқ. Халықтың қалауынсыз қабылданған шешімнің ғұмыры ұзақ болмағанын көрдік. Қала атауы қайтадан Астана болды. Бұл да Қаңтар оқиғасынан кейін билік халықтың талап-тілегімен санаса ала­тынын көрсетті. Қандай да бір өзгеріс болып жатса, бұл – халықтың арқасы. Азаматтық қоғам белсенді болмаса, мемлекет мықты бола алмайды. Кәсіби қызметімде Оңтүстік Кореяның саясаттану­шыларымен онлайн сұхбаттасып, пікірін білгенім бар. Осы Оңтүстік Кореяда Президентті бірреттік 7 жылға сайлау тәжірибесі бұрыннан бар. Олар осы басқару моделіне жету үшін жылдар бойы халық митингіге шығып, қан төкті. Қазір Оңтүстік Кореядағы демо­кратиялық институттар дамып келеді. Ал бізде бұл өзгерісті Президент өзінен бастап жатыр. Сондықтан халық пен мемлекеттің игілігі үшін қолға алынған іс қолдау тапса құба-құп.