Несие нәсіп болмайды

несие
© коллаж: Әсел Балтақызы

Елде соңғы жылдары несие мәселесі күрделі тақырыпқа айналды. Қазір Қазақстанда 1,3 млн азамат несиесін 90 күннен асырып алып, өтей алмай жүр. Оның үстіне, микроқаржы ұйымдары да халықты «бір аяқтан шалып» бағуда. Мұның бәрі қаржы саласындағы ахуалды қиындата түсті. Құзырлы органдар бұдан былай микроқаржылық ұйымдардан көп азамат несие ала алмайтындай етіп әрекет етпекші. Бірақ кезекті амал нәтижесін бермейтіндей күмән бар.

Микроқаржы ұйымдары міндетті «менсіне» ме?

Жақында Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агенттігі мик­рокредиттік ұйымдардың жұмыс ережелерін өзгертуге талпыныс жасап жатқанын мәлімдеді. Мик­роқаржылық ұйымдардың қыз­меті бойынша түзетулер жобасы қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА сайтында жарияланды. Жаңа талаптарға зер салсақ, енді несие алу да, беру де қиындай түсуі мүмкін. Әуелгі сұрақ: қарыз алушылар үшін қандай шарттар өзгермек? Қазір микроқаржылық ұйымдар клиенттердің несиені төлеу қабілетін өз қалаулары бо­йынша бағалайды. Нақтырақ айт­қанда, болашақ қарыз алушы­ның борыштық жүктеме коэффи­циенті (БЖК) әр ұйымда дербес әдіс арқылы есептеледі. Бола­шақ­та бұл талап болмауы мүмкін. Себебі жаңа заң жобасында мұны алып тастау ұсынылған. Оның орнына ортақ формула енгізілмек. Несие сомасын толығымен жа­батын автокөлік, жылжымайтын мүлік және қомақты қаржыны кепілге қойып берілген несиелерді қоспағанда, борыштық жүктеме коэффициентін есептеу барлық микронесие бойынша жүргізілуі керек. Тағы бір өзгеріс, борыш­кердің жылжымалы немесе жыл­жымайтын мүлкінің болуын ес­кермеу де ұсынылып отыр. Соны­мен қатар борыштық жүктеме коэффициентін есептеу кезінде клиенттің 3 айдан 12 айға дейінгі кезеңдегі ресми кірісі ескеріледі.

Микроқаржылық ұйымдар­дың ең төменгі меншікті капита­лына қойылатын талаптар кезең-кезеңімен 200 млн теңгеге дейін ұлғаяды. Яғни, микроқаржы ұйым­­дары үшін міндетті ең тө­менгі меншікті капитал 100 млн теңге болып белгіленді. Ал 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап 150 млн теңгеге дейін ұлғаюы керек, ал 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 200 млн теңгеге дейін артады. Бұл ретте 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркеуден өткен МҚҰ-лар үшін ең төменгі меншікті капитал енді 70 млн теңгеге жетпек.

2020 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркелген және Астана, Алматы, Шымкент немесе облыс орталығында жұмыс істейтін не­сие серіктестігі үшін 2022 жылдан бастап капиталға қойылатын талап 50 млн теңгені құрайды. Басқа есеп аймақтарда тіркелген несие серіктестігі үшін биылдан бастап меншікті капиталға қойы­латын ең төменгі талап 15 млн теңгені, ал 2023 жылдың 1 қаңта­рынан бастап 25 млн теңгені құрайды. «Капитал резервіне қо­йылатын қазіргі талап бойынша 10 теңге шағын несиеге 2 теңге ка­питал қажет. Жаңа талаптар бойынша 10 теңге шағын несиеге 5 теңге капитал қажет», – деп жазылған жобада. Бұған қоса, проблемалық қарыздардың өсуін шектеу үшін микроқаржылық ұйымның бүкіл портфелінің 20 пайыздан аспайтын шекті сома белгілеу ұсынылған.

Бұған дейін-ақ басынғандар

Шынын айтар болсақ, жаңа заң жобасына сенім аз. Мик­ро­қаржы ұйымдарына қатысты мәселелерді шеше қоймайтын сыңайы бар. Осыған дейін Қаржы нарығын реттеу агенттігі микро­қаржы ұйымдарының банкке айналуына рұқсат еткенін білеміз. Қажетті норматив, талап, құқық­тық база жасалды. Негізі, бұл ұйымдар қазірдің өзінде банк­термен теңесе алады. Өйткені ак­­­тивтері 1 триллион теңгеге жуық­тады. Сарапшылар микро­қар­жы ұйымдары – дамуда кен­желеп қалған елдерге тән екенін, ал дамыған елдерде жоқ екеніне назар аудартады. Олар шектен тыс жоғары сыйақы алып, тұрмысы төмен жандардың ахуалын тіптен нашарлататын көрінеді. Ranking мониторинг агенттігінің мәлі­ме­тінше, қазір микроқаржы ұйым­дары белсенділіктің шырқау ше­гіне жеткен. Тек бір жыл ішінде осы ұйымдардың қарыз портфелі бірден 62 пайызға ұлғайған. Осы­лайша, олар қаржы нарығындағы ең қарқынды дамушы секторға айналды.

Биылғы бірінші тоқсанда ұйымдар берген микрокредиттер сомасы 756,2 миллиард теңгеге жетті. Бұл былтырғыдан 62,1 па­йызға көп, рекордтық көрсеткіш саналады. Жалпы алғанда, соңғы бес жыл бойы микроқаржы ұйым­дарының несие сомасы жыл са­йын орта есеппен 47,4 пайызға артып отырды. Мұндай қарқынды әрі орнықты өсім өзге салаларда сирек кездеседі.

Қазақстанда заң бойынша банктер мен микронесие ұйым­дары беретін несиенің пайыздық мөлшерлемесі қатаң шектелген. Жылдық тиімді сыйақы мөлшер­лемесінің, яғни ЖТСМ-нің шекті көлемі кепілзатсыз банктік заем­дар мен микрокредиттер бойынша 56 пайыздан аспайды. Кепілзат қойып алынған заемдар бойынша ЖТСМ-нің шекті мәні – 40 па­йызға, ипотека бойынша – 25 па­йызға дейін. 45 күнге дейінгі мерзімге берілетін, сомасы 50 АЕК-тен аз болатын кепілді мик­ронесиелер бойынша ЖТСМ 20 пайыздан аспауы шарт. Алайда микроқаржы ұйымдары бұл та­лапты сақтамайды. Дәлірек айт­қанда, оны айналып өтудің жолын тапқан. Микронесие сыйақысы заңдағы нормативтерге сай бо­лады, бірақ егер клиент келісімде жазылған шарттардың бірін бұз­са, сыйақысы шарықтап шыға келеді. Қазақстандық мамандан­дырылған Allbanks порталы мик­роқаржы ұйымдарынан 5-10 мил­лион теңгедей шағын несиені жылдам рәсімдеп алуға бола­тынын, бұл ретте ЖТСМ 739 па­йызға дейін жетуі мүмкін екенін ескерткен. Бұған қоса, кредитті уақытылы төлемесе, өсімпұл есеп­теледі, оның мөлшері алдын ала келісімде көрсетіледі. Әйт­кен­мен, мұны олар кейде APR деген терминмен бүркемелеуі мүмкін. Бұл Annual Percentage Rate, яғни максималды жылдық пайыздық мөлшерлеме дегенді білдіреді. Да­мыған елдерде бұл – ЖТСМ-нің синонимі. Ал Қазақстанда қа­рыздан байлық жиғандар оның өңін айналдырып, шамадан тыс пайда табудың құралы ретінде қолданады. Мысалы, Koke.kz мар­касымен белгілі Creditum МҚҰ-сының жылдық тиімді сый­ақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) – 1,22%-дан басталады. APR-ы – 365%. Tengo.kz маркасымен та­нылған Sofi Finance МҚҰ-сында да ресми ЖТСМ – 1,22%-дан басталып, APR-ы – 365%-ға же­теді. Zaimer.kz маркасын пай­даланатын «Робокэш.кз» МҚҰ-ның ЖТСМ-ы 0,12%-дан баста­лады. APR-ы – адам сенбес 739,86%. Creditplus.kz маркасын иеленген Kredit Seven Kazakhstan МҚҰ-сының ЖТСМ-ы – 3,72%-дан басталып, максималды жыл­дық пайыздық мөлшерлемесі 730%-ға жетеді. Soscredit.kz мик­роқаржы ұйымы да қу бастан қуыр­дақтық ет қырқуға шебер­ленген: халықты 0,01%-дан бас­талатын несие алуға шақырады, әйтсе де APR-ы – 180%-ға барады.

Құзырлы органдар немқұрайды қарайды

Банк мәселелері бойынша тә­уелсіз сарапшы Нұржан Бия­каев микроқаржы ұйымдарының өріс­теуіне құзырлы органдардың өзі себепші болып отырғанын айтады.

«Қарыздық жүктеме коэффи­циентіне қарыз алуға өтініш бе­руші сай келмесе, банк оның не­сие тарихы жақсы болса да несие бермеуі тиіс. Ал бізде несиелер бұрыннан қолжетімді. Себебі банк­тер, микроқаржылық ұйым­дар несие беруге құлықты. Тұты­нушыларының ізін аңдып оты­рады. Бірақ ойланбай несие берсе, кейін проблемалық несиелер де арта береді. Егер олар сол талапты қатаң сақтаса, несие беру көр­сеткіші төмен болса да, қарызды қайтармайтындардың саны аз болатын еді. Бұл жерде Қаржы на­рығын реттеу және дамыту агент­тігі банктердің жөн-жо­сық­сыз несие беруін тежеу керек немесе заңсыз жұмыс істеуіне тосқауыл қоюы керек болатын. Себебі халыққа «азық-түлікті не­сиеге алма, несиеге телефон, кө­лік алма» деп айта алмаймыз. Агент­тік екі жылдан бері жұмыс­тар жүргізіліп жатыр деп статис­тикасын көрсетеді. Бірақ белгілі бір банктерді ғана тексере ме, әлде үлгермей ме, белгісіз?! Нәти­жесін көріп отырған жоқпыз. Егер түгелімен бірін қалдырмай тек­серетін болса, берешектің көр­сеткіші артпаушы да еді», – дейді сарапшы.

Жасыратыны жоқ, ұйымдарға жүгінетін жұрттың басым көп­ші­лігі – қарызын уақытылы қай­таруға қауқарсыз жандар. Яғни, олар осы үш әріптің астарында жасырылған тұзаққа түсіп қалады, барлық есепшоты, банктік кар­талары бұғатталып, міскін халге түседі, тағдырдан теперіш көреді. 2020 жылы Ұлттық банк мик­роқаржы ұйымдарының дамуына кедергі болған шектеуді жойды. Енді микроқаржы ұйымдары бә­рін қойып, қорландырудың жаңа көзіне қол жеткізді. Олар бир­жа­дан, қор нарығынан, тіпті шетел­дегі халықаралық қаржы ұйым­дарынан арзан несие тарта алады. Бұрын мұндай мүмкіндігі бол­маған. Бүгінде қазақстандық мик­роқаржы ұйымдары негізінен сырттан, халықаралық қаржы институттарынан заем тартады. Мысалы, KMF ұйымының мін­деттемелері құрылымында 91,7 пайызы Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымына мүше дамыған елдердің қаржылық ұйымдарынан тартылған қарыз саналады. Міне, осыдан-ақ мән-жайды біле беруге болады. Қайт­кен күнде де, микроқаржы ұйым­дарына тықыр таяды деп жар са­луға ерте. Ал екі ортада қарыз­дан­ған қарапайым халықтың жайы алаңдатып тұр.

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.