Нұр-Сұлтан атауы тарих қойнауына жол тартты. Астана атауы қалпына келтірілді. Осы арқылы мемлекет халық үніне құлақ асатынын паш етті. Себебі 3,5 жылдай уақыт өтсе де, бас қаланы бұрынғыша Астана атаған, жаңа атын жатсынған қазақстандық көп еді. Ендеше осы арқылы билік елді екіге жарған факторды жойып отыр. Жалпы, 2019 жылы «атауында Елбасы есімінің ұлықталуы қаланың дамуына тың серпін береді, ол енді жаңаша өркендейді» деген дәйектеме айтылған. Шынында солай болды ма? Нұр-Сұлтан аталғалы не өзгеріс болғанын, олардың оң мен терісін талдасақ. Тұрғындар 1 275 күн «нұрсұлтандық» болды Президент Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 17 қыркүйекте қол қойған «Қазақстанның елордасы – Нұр-Сұлтан қаласының атауын ҚР елордасы – Астана қаласы деп өзгерту туралы» Жарлығы күшіне енді. Елордада I love Nur-Sultan деген үлкен жазулар бұзылды, қаладағы және кіреберіс жолдардағы Нұр-Сұлтан жазулары алынып тасталды. Бұл ұғым маңдайшалардағы жазбалардан, құжаттардан бірте-бірте жоғалады. Қала атауы Нұр-Сұлтан болып өзгертілген 2019 жылғы 23 наурыздан биылғы 17 қыркүйекке дейінгі аралықта 1 275 күн өтіпті. Соның 857-сі – жұмыс күні. Осы уақытта дүниежүзінде де, Қазақстанда да ұлы тарихи бетбұрыстар болды. Ал бұл кезді «бас қала тарихындағы тұтас бір дәуір болды» деп әсірелеуге келмейді. Себебі қала тарихында қалар ғаламат өзгерістер болған жоқ. Пандемия салдарынан екі жыл бойы бас қалада ұйымдастырылуы тиіс халықаралық ірі іс-шаралардан Үкімет бас тартты. Тек биылғы тамыз ортасында жалпы алаңы 68 мың шаршы метрден асатын, Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің ашылуы, өткен аптада Рим Папасы Францисктің сапары, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі Нұр-Сұлтан атауымен байланысты болатын қорытынды аккордқа айналды. Өкінішке қарай, осы 3,5 жылдай уақытта елорда жаһандық қаржы орталығы биігіне көтеріле алмады. Қалада әлемдік деңгейдегі батыстық озық университеттердің филиалдары ашылмады. Осы уақытта LRТ құрылысы аяқталмады. Жалпы, бұл кезеңде бас қалада ешқандай мега-жоба жүзеге аспапты. Іргесі 2009 жылғы 28 тамызда қаланған Abu Dhabi Plaza кешені құрылысының аяқталуы есепке алынбаса керек.
Қынжылтатыны сол, осы жылдары Нұр-Сұлтанда үлескерлік құрылыс мәселесі де түпкілікті шешілмеді. Бірақ әділін айту керек, бұл бағытта үлкен ілгерілеушілік байқалады. «150 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің 90-ы аяқталды. 16 мың үлескердің 13 мыңы тиесілі пәтерін алды. Қазір 3 мың үлескердің проблемасымен айналысып жатырмыз. Бір бөлігін биыл шешеміз, қалғанын келесі жылы аяқтау жоспарланған», – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.Жалпы, соңғы жылдары елордада құрылыс қарқыны артты, қоныстойын тойлағандардың саны көбейді. Мәселен, 2019 жылы қалада 1,8 млн шаршы метр тұрғын үй ғана пайдалануға беріліпті, ал 2020 жылы шектеулер мен пандемияға қарамастан, бұл көрсеткіш 3 млн шаршы метрге жетті. 2021 жылы 3,2 млн шаршы метр баспана ел игілігіне тапсырылды. 2022 жылдың каңтар-шілдесі аралығында 1 450 587 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Былтыр ұзақ жыр болған ModeX үй комбинаты жұмысын бастады. Тұтас қабырғаларды дайындайтын ол қаптатып үй салуға көмектеседі: құрылыстың уақытын қысқартуға, тұрғын үй құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Қаланың ауқаты артты Қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының ресми мәліметінше, осы аралықта астаналықтардың орташа айлық атаулы жалақысы 116,5 мың теңгеден 2022 жылы 378 мың теңгеге дейін артыпты. Қалада биік лауазымды шенділер мен бюджеттік қызметкерлер көп болғандықтан әрі олардың айлығы жыл сайын дерлік өсетіндіктен, осындай жоғары сома шықса керек. Себебі қалада биыл өмір сүру минимумы 49 255 теңгені ғана құрады. 2019 жылы бұл көрсеткіш 30 997 теңге болған. Кейінгі жылдары қала демографиясы шамалы құлдырады, бұрынғы өсу қарқыны бәсеңдеді. Мысалы, алты жыл бұрын, 2016 жылғы 4 шілдеде Астана миллион тұрғыны бар мегаполиске айналды. Ал 2022 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша елорда тұрғындарының саны 1 млн 267,4 мың адамға әзер жетіпті. Әкімдік бүгінде Бас жоспарды түзетіп жатыр: жаңа болжамдар бойынша 2035 жылға қарай астаналықтар саны екі есеге артпақ. Астананың басқа қалаларымыздан ерекшелігі сол, мұнда мұржаларынан қап-қара түтіні будақтаған алып кәсіпорын-комбинаттар, ірі кен орындары жоқ. Ол шағын және орта бизнестің шаһары саналады. Мұнда әрекет ететін шағын және орта кәсіпкерлер саны екі еселеніп, бүгінде 182,9 мыңға жеткен. Оларда 441,3 мың адам жұмыспен қамтылды. Бұрындары 115,3 мың астаналық бизнестен нәпақа табатын. Олардың өндірген өнімдерінің және көрсеткен қызметінің көлемі 112,7 миллиард теңгеден 2 триллион 302,9 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Бір ғажабы сол, елорданың шетелмен сауда-саттығы салмақты. 2022 жылдың қаңтар-маусымында бұл көрсеткіш 5 млрд 329,2 млн доллар болды. Бұл ретте елорда шетелге 4 млрд 174,9 миллион доллардың тауары мен қызметін экспорттапты. Бұл былтырғы сәйкес кезеңдегіден 220,6%-ға көп. Соның ішінде 279,8 млн доллары – ТМД елдеріне, ал 3 млрд 895,2 млн доллары алыс шетелге тиесілі. Яғни, Астанамыздың АҚШ, Еуропа және басқа да алыс мемлекеттермен байланысы мықты. Қала экономикасына және дамуына құйылған инвестициялар 700 миллиард теңгеден былтыр 1,2 триллион теңгеге дейін өсіп, рекорд орнатты. Биыл бұл рекорд жаңаруы мүмкін: 2022 жылдың қаңтар-шілдесінде 589,1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылыпты. Сонымен, Нұр-Сұлтаннан Астанаға 31 медициналық ұйым, 432 балабақша, 149 мектеп (оның 99-ы мемлекеттік, қалғаны жекеменшік), 34 колледж (9-ы мемлекеттік, 25-і жеке), 15 жоғары оқу орны, 11 ірі сауда ойын-сауық орталығы, 24 базар, 348 мейрамхана, 964 дәмхана, бар, асхана, 165 фаст фуд және өзге қоғамдық тамақтандыру орны, 34 автосалон, 149 жанар-жағармай құю стансасы «мұраға» қалып отыр. Жаңаша жаңғырар заман алда Соңғы үш жылда астананың шеткі аймақтары, Есілдің оң жағалауындағы ескі орталығы тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланып, түрлене түскенін тұрғындар байқаған болар. Былтыр тұрғын үй алаптарында 100-ден астам көшеге асфальт төселді, 40 қоғамдық кеңістік – түрлі саябақ, сквер, бульварлар пайда болды, аулалар абаттанды. Биыл 200-ден астам аула мен қоғамдық орындарға, яғни бақтарға, саябақтар мен бульварларға абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Қала әкімінің дерегінше, елордада жалпы саны 16 тұрғын үй алабы бар, онда 300 мыңнан аса адам тұрады. Бұл – бүкіл тұрғындардың төрттен бірі. Әр алаптың мұқият жоспары әзірленді: мектептер, медицина орталықтары, әлеуметтік баспана, денешынықтыру-сауықтыру кешендері, жолдар, кәріз желілері, басқасының құрылысы айқындалған. Биылғы сәуірде Ақордада қала әкімін қабылдаған Президент Қ.Тоқаев оған елорданы жоспарлы түрде одан ары дамыту және абаттандыру кезінде қала жұртшылығының пікірін ескеруді тапсырды. Мысалы, қала халқы сирек жануарлар мекен еткен Талдыкөлді құрылыс жүргізу үшін көміп тастауға қарсы шыққаны белгілі. Ел басшылығы қаланың құлаққа жағымды атауын қайтаруда халық пікірімен санасты. Ендеше қала билігі де елорданы дамытуда ел пікірімен міндетті түрде санасуы шарт. Газ тарту бойынша үлкен жұмыс атқарылды: 300 шақырым газ тарату желісі салынды. Астананы газдандыру үш кезеңмен жүзеге асады. Былтыр Теміржол, Көктал-2 тұрғын алаптарының тұрғындары, Агроқалашық газға көшті. Көктал-1, Өндіріс, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілген. Қазір Байқоңыр мен Есіл ауданында газ құбырының құрылысына кірісті. Бұлар: Үркер, Өндіріс, Пригородный, Тельман ТА, Family Village, Garden Village шағынаудандары. Шұбар шағынауданында жобалау жүргізіліп жатыр.
«Есіл және Байқоңыр ауданында газ құбырының құрылысына кірісіп, келесі жылы кварталішілік желілердің құрылысын бастаймыз. Қалада 2 аудан – Сарыарқа және Алматы толығымен газдандырылды. Ол үшін 680 шақырымнан астам газ тарату желісі, кварталішілік желілер тартылды. 14 мың абонент газға қол жеткізді, 6 мыңнан аса абонент техникалық шарттар алды, сонымен қатар 3,6 мыңнан астам үй, яғни 25%-дан астамы газға қосылды», – деді қала әкімі А.Көлгінов.Ол осының арқасында елорда қыста көк түтіннен арылатынын айтты: осы қыста жекеменшік секторда газға қосылған үйлердің есебінен ауа айтарлықтай тазарады. «Газдандыру қаланың экологиясына ғана емес, қала тұрғындарының өмір сүру сапасына да оң әсер етеді», – деді әкім. Жобаның әлеуметтік маңыздылығын ескеріп, әкімдік бірқатар жеңілдік қабылдады: мұқтаж жандарға газға қосылуға әлеуметтік көмек бөлінеді – оның мөлшері 200 мыңнан 400 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Тұрғындардың бәріне тегін есептеуіштер беріледі. Айтқандай, бұрын Астана жауын жауса Венецияға айналатын. Оған жол бермеу үшін 146 проблемалық учаскеде су басу мәселесі шешіліпті. Бір қызығы, болашақта Астананың өрісі кеңеюі мүмкін. Үкімет Астана агломерациясын дамытуды қайтадан қолға алды. Онда көрші облыстардың біраз аумағы агломерация құрамына енгізілуі ықтимал. Қала басшысының байламынша, шаһар шекарасын «агломерация тұрғысынан қарастыру керек»: қаланың шекаралары өзгермейді, елді мекендер Ақмола облысында қалады, бірақ олар агломерация ретінде қаламен бірге дамуы тиіс. Демек, Астананың жаңаша дәуірлейтін заманы әлі алда болса керек.