Елімізде «Яндекс. Такси» қызметіне қатысты бағаны қолдан көтерді деген айыппен тергеп-тексеру амалы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті.
«Биылғы 18 қаңтарда «Яндекс Такси» ЖШС-ның Қазақстанның бәсекелестікті қорғау заңын бұзуына қатысты тергеу басталды. Тексеру шарасы Кәсіпкерлік кодексінің 169-бабы 5-тармағында тыйым салынған экономикалық қызметті үйлестіру белгілері бойынша жүріп жатыр», – делінген хабарламада.Кодекстің 169-бабы 5-тармағына сәйкес нарық субъектілерінің әрекетін осындай нарық субъектілерінің ешқайсысымен де бір тұлғалар тобына кірмейтін және нарық субъектілерінің әрекеттерін келісу арқылы жүзеге асыратын сол тауар нарығында қызметін жүзеге асырмайтын үшінші тұлғамен келісу экономикалық қызметті үйлестіру деп танылады. Нарық субъектiлерiнiң экономикалық қызметiн осы баптың 1-3-тармақтарында көрсетілген салдарға әкеп соқтыратын немесе әкеп соқтырған үйлестiруге тыйым салынады. Алматы қалалық департаментінің хабарлауынша, 25 шілдеде Кәсіпкерлік кодекстің 174-бабы 1-тармақшасында тыйым салынған монополиялық жоғары баға белгілеу бойынша аталған ЖШС-ға тергеп-тексеру кодекстің 222-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес тоқтатылды. Кодекстің 175-бабы 1-тармағына сәйкес монополиялық нарық субъектісі белгілеген баға, тауарды өндіру және өткізу үшін қажетті шығыстар мен пайда сомасынан және салыстырмалы түрде нарықта бәсекелестік жағдайда қалыптасқан бағадан асып кетсе, монополиялық жоғары баға саналады. Сондай-ақ ресми ақпаратта тергеп-тексеру нәтижесі бойынша қосымша хабарланатыны және биыл жыл басынан департамент атына Яндекс.Таксидің бағаны өсіруіне қатысты 6 өтініш келіп түскені айтылған.