Бәрі – молда... қия салар, некелерін бір-бірінің - белгілі ақын уахабистерге жыр арнады

Бәрі – молда... қия салар, некелерін бір-бірінің - белгілі ақын уахабистерге жыр арнады

Белгілі ақын, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Көкшетау қаласының тумасы Алмас Темірбай уахабистерге жыр арнады. Ол өзінің шығармасының алдында ҚМДБ Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы Смайыл Сейітбековтің "Уаһһабилік те, тәкфир де тарихта кәпірлермен соғыспаған, олар тек ата жауы секілді мұсылмандармен ғана соғысып келеді» деген сөзін келтірген. Содан соң ақын былай толғайды: Осы шығар заман ақыр?! Қорықпасаң, қара да тұр! Қара көйлек, қара ниқап Қатын ертіп бара жатыр! Қарауылдап қаланы көп, Қарқындары барады үдеп. Қара киім жамылғандар – Қара ниет, қара жүрек... Жиһад жолын ұстанады, Соған бәрі күш салады. Сақалдары өскен сайын, Балақтары қысқарады. Барлығының сөзі бірдей, Адасып жүр өзі білмей. Қазақ халқын менсінбейді, Қазақ салтын көзіне ілмей! Қажет емес Азаттығың, Қажет емес Қазақтығың. Қазақ тілін талап бүгін, Тықпалайды араб тілін. Қазақ Елін елсінбейді, Қазақ Жерін жерсінбейді, Мәзхабыңды мойындамас, Дәстүріңді менсінбейді. Өз басымен ойламайды, Өз бауырын бомбалайды. Мұхаммедтің туған айы – Мәулітті де тойламайды. Бұрып айтып Құран жайлы, Қиялдайды, ұрандайды. Ортасына бір түстің бе, Өле-өлгенше шығармайды. Уағыз айтып, сосын, әлгі, Топтарына қосып алды. Көп досымнан айрылдым мен, Қазір төрт-бес досым қалды... Сақалы бар, мұрты жоқтар, Уаһабы бар, ұлты жоқтар. Өз ұлтына қарсы шығып, Өз жұртына мылтық оқтар. Олай етсең – «зина» дейді, Былай етсең – «бида» дейді «Ата-баба аруағына Аят оқу – күнә» дейді. Музыканы – «харам» дейді, Тыңдағанды – «надан» дейді. «Әнсіз өмір – мәнсіз өмір», Не десе де, маған, мейлі... Араб көрсе – жаутаңдайды, Қазақ көрсе – шолтаңдайды. Мұрындықсыз өгіз құсап Мешітке кеп талтаңдайды. Әлділері – «шейх» болар, Әлсіздері – «шейіт» болар. Бірге жүрген бауыры өлсе, Бет сыйпамас бейіт болар. Топтанып ап бірнешеуі, Құзғын құсап күн кешеді. Бүлігі – көп, білімі – жоқ Балалар ғой бұл кешегі... Есім тауып қазаққа жат, Соны өзінше ғажап санап. Өз әкесі қойған атын Өзгертеді арабшалап... Жаны – шала араб бұлар, Қаны ғана қазақ шығар?! Тоқал алып, талақ қылар, Топ-тобымен қарап шығар... Шариғатты бұрды бүгін, Шалға сыйлап қыз ғұмырын... Бәрі – молда... қия салар Некелерін бір-бірінің. Қандай көшке қосыламыз? Көкке қарап, тосыламыз. Қара киген кісі көрсек, Неге сонша шошынамыз?! Билік, билік, далаға шық, Қалғи бермей, қара басып. Саған беттеп келеді олар, Саясатқа араласып... Дүмшелерді көріп мынау, Діннен шошып, қорықтым-ау?! Вахаббизм – бұл ғасырдың Бас ауруы болып тұр-ау?! Болмаған соң Қошқарымыз, Текеге ерді жастарымыз. Он қазаққа – алты «молда», Айналды ма бастарыңыз?! Жихад, соғыс – аңсағаны, Жарты әлемге жар салады! Қыңқ етпейді қаншаманы Қан қақсатып жарса дағы! Үйреткен соң қолға жайлап, Зомби қылар қойдай айдап. Әйелін де аямайды, Белдеріне бомба байлап... Көрсетпейсің шын жүзіңді, Түсінбеймін тірлігіңді?! Қай сөзінде Құдай бізге, «Өлтір – деді – бір-біріңді»?! Әскер жиып алдап, арбап, Қалың елді қанға малмақ. Сопы болсаң, «біттім!» дей бер, Сорлы басың дауға қалмақ! Астафралла, аулақ, аулақ, Ауған асып, тауға бармақ. Автоматты ақымақтар Жарты әлемді жаулап алмақ. Қарқ-қарқ етіп жарға қонған, Қанаттарын қанға малған. Қалың елді сақта, Құдай, Қаптап кеткен қарғалардан... Айхай, дүние-ай, Арман... Арман... Айта кетейік, Алмас Темірбай осы өлеңіне бейнеклип түсіріп беретін мұсылман іздеп жүр.