Хантағыны не мазалайды?
Хантағыны не мазалайды?
355
оқылды
«AMANAT» партиясы Түркістан об­лыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреқызы Хантағы ауылының тұрғындарын қабыл­дады. Партияның Кентау қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде жергілікті халық қоғамдық көлік мәселесі, мектепті күрделі жөндеуден өткізу, көпір мен электр бағаналарын ауыстыру туралы талап-тілектерін айтты. Хан­тағы елді мекенінің ақсақалы Д.Орамалдаев ауылдағы №5 бастауыш мектебінің қазіргі жай-күйі туралы шағымын білдірді.
«Балаларға уайымдаймыз. Білім ұясына күрделі жөндеу жұмысын жүргізуді, сондай-ақ, Хантағы өзені арқылы Төреқұлов пен Достық көшелеріне автокөлік көпірін салуды сұрай­мыз», – деді қария.
Азаматтың өтінішін мұқият тыңдаған об­лыс­тық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөре­қызы алғашқы мәселе бойынша тиісті сала өкілдерімен арнайы бір күнді белгілеп, білім ошағының жай-күйімен танысатынын айтты. Ал автокөлік көпірін салу үшін мердігер мекеме «Қаз Нұр жобалау-құрылыс институты» ЖШС тарапынан жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленгені анықталды. Мемлекеттік сараптама қорытындысынан 2017 жылдан бері ескертпелер ұсынылып, оң қорытынды алынбаған. Қазіргі таңда сараптама қорытындысын алу жұмысы жүргізілуде. Ауыл тұрғыны Ж.Құлжанов Кентау қаласы мен Хантағы елді мекені арасында қатынайтын қоғамдық көліктер сенбі-жексенбі күндері тоқ­тап қалатынын айтып шағымданды. «Береке» базары – Хантағы бағытындағы қоғамдық көлік №1 шағын үш автобус бекітілген кестеге сәйкес аптаның 5 күнінде жолаушы тасымалдайды. Жолаушылар көлігі сенбі және жексенбі күндері де жұмыс істеуі үшін 2023 жылы жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру жоспарланған. Қ.Жантөреқызы кешенді іс-шаралар жоспарынсыз бұл мәселе толықтай шешілмейтінін және өз тарапынан депутаттық сауал жолдайтынын хабарлады. Қабылдауда елді мекендегі тозығы жеткен электр бағаналары мен трансформаторларды жаңарту мәселесі де қозғалды. Бұл бойынша жауапты сала мамандары биыл 1 трансформатор ауыстырылып, жыл соңына дейін тағы біреуі орнатылатынын баяндады. Сондай-ақ 2023-2027 жылдар аралығында тозығы жеткен барлық электр бағаналары мен трансформаторларды жаңарту жоспарға алынды.