Алматыдағы Түрксіб ауданындағы жеті үй «Ескі үйлер» бағдарламасы бойынша бұзылатын болды. Бұл үйлердің тұрғындарына жаңадан салынған үйден пәтер беріледі. «Ескі үйлер бойынша бағдарламаны іске асыру қарқыны әлі баяу. Өткен аптада «ПКС» ЖШС-пен кездесіп, осы бағдарламаны іске асыру үшін жеке компанияларды тарту жөнінде әңгімелестік. Осы бағдарламаны іске асыруға қызығушылық танытқан бірнеше ірі компания өкілдерімен кездесіп, шарттарымызды көрсеттік. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасын табатын болады» дейді Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров. Ауданда 508 үй ескірген деп танылған. 2013 жылы ауданда 17 ескі үй сүріліп, ол үйлердің тұрғындарына арнап 40 үй салынған болатын. Сауранбаев, Спартак, Чернышевский, Ақынов көшелері қиылысқан мекенде 62 пәтерлік үш үйдің құрылысы басталды. Құрылыс осы жылдың үшінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланған. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ