– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында Президент мандатын қайта сайлау құқығынсыз, 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ұсыныс айтты. Президентті бір мерзімге сайлау – көш бастайтын жаңа тұлғаларды қалыптастыру жолындағы нақты қадам. Президенттік өкілеттіктің жалпы мерзімі екі мерзімнен бір мерзімге, яғни 10 жылдан 7 жылға дейін қысқарады. Бұл биліктің жаңа және әділ тепе-теңдігін орнатады. Мемлекет басшысы бүкіл саяси жүйені өзгертуді өзінен бастап отыр. Соған байланысты мемлекеттік құрылымдағы реформалар жаңа ережелер бойынша жүргізіледі. Аталмыш өзгеріс әділетті Қазақстанның болашағына жол ашар құқықтық норма! Бұл норма ел тізгінін ұстар жаңа саясаткерлер мен жаңа саяси лидерлердің, сондай-ақ беті ашық, жүзі жарық, ары мен алақаны таза, елмен етене араласа жұмыс істейтін, халықты тыңдататын, өзі де тыңдай білетін жаңа буынның келуіне мүмкіндік береді. Құқықтық демократияның бұл үлгісі жаңа саяси тұлғалардың жоғары лауазымды билікке қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Хакім Абайдың сөзімен айтқанда, «еңбегін сатып» ел тізгінін ұстар ұстанымы берік жастар саясат аренасына шығады. Бұл – елдің ішін алатайдай бүлдіріп, көш соңында «үрит-соқтап» жүретін емес, керісінше, әр салада көш бастайтын жаңа тұлғаларды қалыптастыру жолындағы нақты қадам болмақ. Аталған өзгерістер барлық саяси жүйенің жаңа тәртіп бойынша жаңаруына бастайтын жол. Президенттік мерзімнің бірреттік қана болуы Конституцияның жаңа ережелерінің өзгермейтіндігін белгілеумен қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының Конституциясы 91-бабының 2-тармағында белгіленген мемлекеттің тәуелсіздігінен, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығынан, оны басқару нысанынан басқа, қайта сайлау құқығынсыз бірреттік 7 жылдық президенттік мерзім туралы жаңа норма қосылады, ол тиісінше Конституцияның өзгермейтін принциптері болып қалады.