Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясының 77-сессиясының жалпы дебатының ашылуына қатысып, сөз сөйледі. Бұл оның Нью-Йоркке сапарының басты оқиғасы болды. Төрткүл дүниенің әр тарабынан жиылған тәуелсіз мемлекеттердің басшылары адамзат үшін аса маңызды кезеңде бас қосып отыр. Қазақстан көшбасшысы айқындағандай, әлем геосаяси қайшылықтар күшейіп келе жатқан жаңа кезеңге қадам басты. Алда тіпті жаңа әлемдік тәртіп орнауы мүмкін. Ал әзір тәртіп пен жауапкершілікке негізделген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен болжауға келмейтін жағдай басып жатыр. Қ.Тоқаевтың тұжырымдауынша, тежемелік және тепе-теңдіктің жаһандық жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қала алмады. Қауіпсіздік архитектурасы келмеске кетіп барады. Әлемдік алпауыттар арасындағы өзара сенімсіздік белең алды. Әлем жаңа әскери қақтығыс ошақтарының құрбанына айналды. Жаһан жұртшылығы екі ұрпақтан соң Дүниежүзілік соғыс аяқталғалы бері алғаш рет ядролық қарудың қолданылу қаупімен бетпе-бет келді.
–Текетірестер жасанды кедергілер мен экономикалық оқшаулануға әкеледі. Экономикалық, саяси санкциялар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тізбегін жойып, миллиондаған адамға, әсіресе қоғамның осал топтарына қауіп төндіретін «жаңа нормаға» айналды. Бұл қиыншылықтар инфляцияға, жұмыс орындарын жоғалтуға және дамушы елдердің әлемдік экономиканың құлдырауынан үрейленуіне қатысты сын-қатерлерді тек күшейте түседі. Осы күйзелістер климаттың өзгеруіне қарсы күресу және орнықты дамуды қолдау жөніндегі бәріміз келіскен жедел шаралардың жүзеге асырылуына айтарлық-тай кедергі келтіреді, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.Осыдан 77 жыл бұрын БҰҰ-ның негізін қалаушы мемлекеттер ұйымның Жарғысына халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын енгізді. Бұл ережелер осы уақыт аралығында оның қызметін тиімді реттеп келді. Қазақстан лидерінің байламынша, қазір осы әмбебап ұйымның негізінде қалыптасқан іргелі қағидаттарға қайта оралу аса маңызды.
– Атап айтқанда, біз мемлекеттер егемендігінің теңдігі, мемлекеттердің территориялық тұтастығы, мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі секілді бастапқы үш қағидат арасындағы байланысты қайта зерделеуіміз қажет. Бұл үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді. Осы қағидаттардың бірін сақтау қалған екеуін ұстануды білдіреді. Ал олардың бірін бұзу басқа екеуін бұзған болып саналады. Дәстүрлі және ядролық қарусызданудың жаһандық жүйесі әлсіреген кезде үш қағидатқа да қауіп төнеді. Керісінше, үш қағидаттың түгел сақталуы олардың күшеюіне ықпал етеді. Бұл қағидаттар бірге кеңейтілген мемлекетаралық ынтымақтастықтың келесі үш деңгейіне негіз болады: субөңірлік, өңірлік және жаһандық. Бұл адамзат үшін пайдалы, – деді Қ.Тоқаев.Оның пікірінше, халықаралық қоғамдастық ынтымақтастық рухына негізделген БҰҰ-ны басшылыққа алып, ортақ құндылықтарды батыл қорғауға тиіс. Басқаша айтқанда, қол қусырып, әлемнің бөле-жарылуына, «полярлануына» көнуге болмайды. Көп нәрсеге тәуекел етуге тура келеді. Осыған байланысты Қазақстан инклюзивтілік, көпжақтылық және ізгі ниет жолында субъектілердің бәрімен ынтымақтастық орнатуға дайын. Яғни, қазақ елі әлем жұртшылығын бірлікке шақырып отыр.
– Біз тек күш жұмылдырып қана заманауи сын-қатерлерге төтеп бере аламыз. Ортақ мақсатымызға қол жеткізу үшін мынадай бағыттарда әрекет етуге тиіспіз. Өткен жылдардағы көбіне өзара байланысты дағдарыстар жаһандық басқаруда айтарлықтай кемшіліктер бар екенін көрсетті. Олар БҰҰ-ны жаңғырту және реформалау қажет екенін айқындап берді. БҰҰ алдағы сын-қатерлерге және туындайтын мүмкіндіктерге дайын болуға тиіс. Осыған байланысты Қазақстан Бас хатшының «Біздің ортақ мәселеміз» атты баяндамасында айтылған ұсыныстарды қолдайды, – деді Мемлекет басшысы.
– Біз жаһандық сын-қатерлер мен дағдарыстарға қарсы қабылданатын қарапайым іс-шаралардан оларды болдырмауға және сапалы болжауға, сондай-ақ саяси бағыттарды стратегиялық жоспарлау және әзірлеу аясындағы бағалау әдістерімізді жұмылдыруға көшуіміз керек. Қазақстан 30 жыл бұрын дәл осы мақсатпен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңес (АӨСШК) құруды ұсынды. Жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге байланысты алдағы қазан айында араағайындық пен бітімгерлікке атсалысу мақсатында өтетін саммитте АӨСШК толыққанды халықаралық ұйымға айналады деп үміттенеміз, – деп жариялады Қасым-Жомарт Тоқаев.Ол 2030 жылға дейін 8-ақ жыл қалғанын ескертті. Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге пандемия, «үш әлемдік дағдарыс» (климаттың өзгеруі, биоалуандылықтың жоғалуы, қоршаған ортаның ластануы), дүниенің әр бұрышындағы қақтығыс ошақтары кедергі келтірді. Кеш болмай тұрғанда бұрынғы даму соқпағына түсу керек. Қазақстан көшбасшысы Шығыс пен Батыс арасында ашық диалог жүргізуді, өзара сенім мен көпжақты ынтымақтастық қағидаттарына негізделген қауіпсіздіктің жаңа жаһандық парадигмасын орнатуды ұсынды. Қазіргі дағдарыс жағдайы мен геосаяси текетірестердің күшеюін ескере отырып, БҰҰ аясында халықаралық шиеленісті бәсеңдету, қақтығыстарды болдырмау жұмыстарын жүргізу қажет. Жаппай қырып-жою қаруларынан арылу қозғалысының бір лидері ретінде Қазақстанды «ядролық державалар арасында күшейіп келе жатқан бәсеке мен текетірес алаңдатады». Сондай-ақ біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың жалпы конференциясы аясында ілгерілеу жоқ екеніне алаңдаймыз. Осы орайда адамзат алдында қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласындағы жаңа тетіктерін әзірлеу жөнінде аса күрделі міндет тұр. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық үшін арнайы институт немесе орган құру бағытында еш шара қабылдамай, 50 жылдан бері биологиялық қару туралы Конвенцияның ережелерін ұстану жарамайды. Осыған орай Қ.Тоқаев бұған дейін ұсынған Биологиялық қауіпсіздік жөнінде халықаралық агенттік құру туралы бастамасын қайта қаперге салып, өзектілендірді.
–Бұл мәселе азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы жаһандық дағдарыспен тікелей байланысты. Астық өндіруден әлемде жетінші орында тұрған менің елім – Орталық Азиядағы астық қоры ең мол мемлекет. Біз жаһандық азық-түлік тапшылығымен күресу үшін осы ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға дайынбыз. Қазақстан алдағы уақытта астық пен басқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің сенімді жеткізушісі болып қала береді. Сондай-ақ Қазақстанда орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен, БҰҰ агенттіктерімен ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Бұл тұрғыда азық-түлік пен тыңайтқыштарды барлық санкциялар мен шектеулерден босату аса маңызды, – деді Қ.Тоқаев.Қазіргі күрделі геосаяси жағдай сенімді әрі әртараптандырылған жаһандық транзиттік және көлік инфрақұрылымының маңызды екенін көрсетті. Бұл жағдай біздің өңірімізде де байқалады. Қазақстан – теңізге шығатын жолы жоқ ең ірі мемлекет және Азия мен Еуропа арасындағы маңызды құрлық дәлізіне ие. Транскаспий халықаралық көлік бағытына немесе «Орта дәлізге» тың серпін берілді. Мемлекет басшысы алдағы жылдары Қазақстан арқылы жүк тасымалының айтарлықтай арта түсетініне сенімді.
– Біз Каспий теңізінің бейбітшілік пен жаңа мүмкіндіктер теңізі ретіндегі позициясын қамтамасыз етуіміз керек. Алдағы айларда Қазақстан сауда және жеткізу тізбегінің істен шығуы салдарынан туындайтын энергияға және маңызды шикізатқа қолжетімділіктің шектелуін азайтуға көмектеседі, – деді ол.Қазақстан көшбасшысы климаттың өзгеруі, Арал теңізі, су ресурстарын ұтымды пайдалану, шекараны делимитациялау, экстремизмге қарсы күрес және аймақішілік сауданы кеңейту мәселелерін қамтитын өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді шешу үшін Орталық Азиядағы әріптестерімен және барлық мүдделі тараппен бірлескен жұмыстарды жалғастырады. Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаты жөніндегі аймақтық орталығы ашылатын болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы жаһан жұртшылығына Қазақстанды жаңғырту бастамасымен таныстыра кетті.
– Қазақстан Президенті ретіндегі ұстанымым – әрбір азамат тең мүмкіндіктерге ие әрі құқығы қорғалған Әділетті Қазақстанды құру. Менің елімде әділдік салтанат құруы керек. Заң мен тәртіп қоғамымыздың негізі болады. Бұл жолдың ең маңызды бөлігі – трансформациялық саяси реформалар. Алдағы айларда Қазақстанда Президент және Парламент сайлауы өтеді. Президент өкілеттігін 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсындым. Бұл – Қазақстанда демократияны дамытудағы нағыз серпіліс. Біз қоғамның ең ауқатты бөлігін Әділетті Қазақстанды құруға, сондай-ақ экономиканы әртараптандыруға және адам капиталына инвестицияны арттыруға қатыстыру шараларын жасап жатырмыз, – деді Қ.Тоқаев.Оның пайымдауынша, жан-жақты ұлттық қайта құру – оңай процесс емес, бұл жолда алдан қиындықтар кездеседі. Ол Қазақстан азаматтарының үмітін ақтау үшін осы стратегиялық жолдан айнымайтынын мәлімдеді. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік көшбасшылармен бірге қауіпсіз, орнықты және дамыған жаһандық қоғам құру жолында бар күш-жігерін аямайтынын қадап айтты. БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясы аясында Қ.Тоқаев Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен екіжақты келіссөз жүргізді. Олар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамыту перспективаларын талқылады. Мемлекет басшысы Аустрия Президенті Александр Ван дер Белленмен келіссөз жүргізді. Мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық салалардағы Қазақстан-Аустрия ынтымақтастығын дамыту перспективаларын, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-әрекетін талқыға салды. Ал Халықаралық Қызыл Крест комитетінің Президенті Питер Маурермен жүздесуде ынтымақтастықты нығайту перспективалары қарастырылды. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, Ауғанстандағы гуманитарлық жағдай қаралды. Президент Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы әрі атқарушы директоры Клаус Швабты қабылдады. Қ.Тоқаев америкалық ірі компаниялардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Ол Қазақстан – Америка инвестициялық дөңгелек үстелінің жұмысына да қатысты.