Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке сапарының алғашқы күні үміт күттіретін кездесулерге толы болды. Өйткені Президент кездескен АҚШ бизнесмендері жалпы капиталы триллиондаған доллардан асатын компаниялар мен фирмалардың өкілдері еді. Олар Қазақстан – Америка инвестициялық дөңгелек үстеліне жиналған-ды.
Негізі, Қазақстан Президенті дөңгелек үстел отырысынан бұрын Microsoft компаниясының Орталық Азия және Шығыс Еуропа бойынша бас менеджері Мишель Симмонспен, Президент Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы әрі атқарушы директоры Клаус Швабпен кездесті. Одан соң АҚШ-тың USAID халықаралық даму агенттігінің әкімшісі Саманта Пауэрмен, General Electric International Markets компаниясының аға вице-президенті Набил Хабайебпен кездесу өткізген еді.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Microsoft компаниясының Орталық Азия және Шығыс Еуропа бойынша бас менеджері Мишель Симмонспен кездесуінде компанияның Қазақстандағы қызметін кеңейту перспективалары, оның ішінде IT зертханасын ашу және IT мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау жоспары талқыланған. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ExxonMobil корпорациясының аға вице-президенті Нил Чепманмен жүздесіп, еліміздің көмірсутек секторындағы бірқатар жобаны іске асыру барысын талқылады. Ал 1,5 трлн долларлық активке ие жаһандық инвестициялық компания Franklin Templeton фирмасының бас директоры Дженни Джонсон Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асырудың мүмкіндіктерін қарастырды. Содан соң Қазақстан – Америка инвестициялық дөңгелек үстелінің жұмысы басталды.
Оларды бизнестің акулаларына теңейді
Бір атап өтер жайт, дөңгелек үстел жиынына АҚШ-тағы аса ірі концерндер мен фирмалардың, компаниялардың жетекшілері қатысты. Әдетте бұл компаниялардың АҚШ-тағы ғана емес, жаһандағы бизнестің акулаларына теңейді. Атап айтқанда, басшылары іс-шараға қатысқан Chevron, ExxonMobil, Fluor, Shell USA, The Solar Turbines, S&P Global, Centrus Energy Corporation, Boeing, Amway, GE International Markets, Honeywell UOP, Philip Morris, The Procter & Gamble Company, Baker Hughes, John Deere, Bechtel, Halliburton, Valmont, Champion Foods, PepsiCo, MasterCard, Citi, McLarty Associates, Macro-Advisory LTD, private equity fund RCF, Brownstein Hyatt Farber Schreck, Greenenberg Traurig LLP, Microsoft, Coursera, StartX, EPAM, Wabtec Corporation, Zscaler, DoorDash, Amazon, Pfizer, Medtronic, Netflix секілді ірі америкалық компаниялар бүгінде АҚШ-ты әлем экономикасының көшбасшысы етіп отыр. Сондықтан Қазақстан Президентінің ірі бизнес өкілдерімен кездесуін еліміз үшін олжа салған жиын деуге болады.
– Менің командамның инвестиция тартудағы тәжірибесі мол. Бұл компанияларыңызға аймақтың ең жылдам дамып келе жатқан экономикаларының бірінде бизнес жүргізуді жеңілдетеді. Бүгінгі кездесу сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілетуде, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуда нақты қадам болады деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.Алпауыттар назары Қазақстанға ауса игі... Егер Қазақстан Президентінің Нью-Йорк сапарының алғашқы күніндегі кездесулердің астарына үңілер болсақ, БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясына қатысу үшін жасалған сапарда көптеген мақсат көзделгені байқалады. Әлбетте, жаһан жұртын толғандырған мәселелерге назар аударудың маңызы зор. Дегенмен Қазақстанның да өз мүддесі бар екені анық. Сондықтан Мемлекет басшысы Нью-Йоркте сөз басында біз атап өткен түрлі кездесуді өткізіп, маңызды жиынға қатысты. Әрине, бұл кездесулерден соң АҚШ-тың алапуыттары бірден Қазақстанға қаржы құяды деген ой тумауы керек. Бірақ еліміздің қолайлы инвестициялық климаты, мемлекет тарапынан инвесторларға жасалатын түрлі жеңілдік пен қолдау жайлы Президенттің өзі айтса, ірі бизнес өкілдері де ойлануы мүмкін. Әдетте аса үлкен бизнес құрылымдарды басқаратын азаматтар мүмкіндікті қалт жібермейді. Әрі болашақты да тереңінен ойлайтыны бар. Біз америкалық кәсіпкерлердің сол интуициясынан үміт етеміз. Ал Қазақстан Президентімен кездесуге келген компания өкілдеріне тоқталар болсақ, онда түрлі саланың өкілдері жүр. Ауыл шаруашылығы, онлайн сауда, ойын-сауық саласына маманданған компаниялар, энергоресурстар өндіретін концерндер, техника жасайтын фирмалар, косметика мен гигиеналық заттар өндіретіндер, «жасыл экономикаға» көңіл бөлетіндер дейсіз бе, әйтеуір дөңгелек үстел жиынына талай алпауыт компанияның өкілдері қатысты. Мәселен, Boeing компаниясы ұшақ, ғарыш және әскери технология өндіретін әлемдегі санаулы алпауыттардың бірі. Boeing әлемде қорғаныс өнеркәсібі өнімдерін шығаратын компаниялардың TOP-100 тізімінде үшінші орында тұр. Оның алдына тек АҚШ-тың Lockheed Martin және Raytheon компаниялары ғана түседі. Мұның өзі Қазақстан – Америка инвестициялық дөңгелек үстелінің қаншалықты маңызды болғанын көрсетсе керек. Ал шараға қатысқан компаниялардың жалпы капиталы триллион доллардан асады. Айталық, Chevron компаниясының жеке капиталы 2021 жылы 193,07 млрд доллардан асыпты. Ал ExxonMobil-дің жеке капиталы – 168,58 млрд доллар. The Procter & Gamble Company-дің жеке капиталы 2016 жылдың өзінде 57,983 млрд доллар болса, жалпы капитализациясы 225 млрд екен. Microsoft корпорациясының жеке капиталы 142 млрд, Boeing-тікі 138,5 млрд, John Deere-дікі 39,26 млрд, Halliburton-дікі 22,321 млрд, PepsiCo – 16 млрд, Netflix 15,8 млрд долларды құрайды. Ал Amazon компаниясы активтерінің құны-421 млрд доллар. Қазақстан – Америка инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысқан барлық компания активтерінің құнын есептесек, бас айналдырар сома шығады. Қазақстан билігі осынау алпауыттардың біздің елге де назар аударуына мүдделі екенін танытты. Бәлкім, Мемлекет басшысы тікелей кепілдік беріп, өзі ұсыныс айтқандықтан, америкалық бизнестің алыптары Қазақстанға да инвестицияны молырақ салуы мүмкін. Президент сапарының бір қыры осындай.