Қазақстанның қысқы жылыту маусымына дайындалуы жыл өткен сайын қиындап барады. Өйткені жылу-электр орталықтары мен қазандықтар қатты тозды. Қазір елімізде үсік түсе бастады. Ал Энергетика министрлігінің хабарлауынша, республика жылыту маусымына 90 пайызы ғана дайын. Жағдайды түзеу үшін Үкімет салада реформаны қолға алмақ. Ол не береді? ЖЭО-лардың жағдайы мәз емес Астанадағы ONYX тұрғын үй кешені алдағы қыста тұрғындарымен бірге қатып қалғалы тұр. Оны салған құрылыс компаниясы үйді жылу желісіне қосу туралы өтінішті 3 наурызда өткізіп қойыпты. Тіпті, «Астана-Теплотранзит» АҚ-нан техникалық шарттарды алып, оны орындаған. Құбырлар төселген, үйге жылу жіберуге бәрі дайын. Пәтерлерінде жөндеу жұмыстарын аяқтап, қоныстойын тойлап, кіріп алған тұрғындар да жылуды күтіп отыр. Бірақ жылу болмайды. «Астана-Теплотранзит» олардың құбырына жылу жіберіп, бұл аудандағы жылу трассасындағы қысымды арттырудан бас тартты. Неге? Энергетика министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы №247 бұйрығымен бекітілген Электр стансалары мен желілерін техникалық пайдалану қағидаларының 593-бөліміне сәйкес, «Жылу көзінің нақты қуаты мен жылу желісі магистралінің өткізу қабілеті таусылған кезде жаңа тұтынушылардың қосылуына жол берілмейді». Елордалық монополистің жылу желісі магистралінің өткізу қабілеті түгесіліпті. Сондықтан ол енді жаңа салынған тұрғын үй кешендерін жылу көзіне қоспайды, яғни жылу жібермейді. Сонда бас қаланың өзінде бұдан былай бірде-бір жаңа тұрғын үй қолданысқа берілмей ме? Құрылыс компаниялары мен девелоперлер қиындықтан өз бетінше шығуда: тұрғын үй алабында газды қазандық орнатылады да, өзін-өзі жылытады. Астанада жаңа ЖЭО-3 іске қосылған соң ғана жаңа үйлер мен нысандар жылу көзіне қол жеткізеді деп жоспарланған. Яғни, ел оның қызығын ерте дегенде тек 2023-2024 жылыту маусымында ғана көре алуы мүмкін.
Елордада осындай болған соң аймақтардың ахуалы қандай екенін болжай беруге болады. Президент биылғы Жолдауында салада қалыптасқан күрделі жағдайға жеке тоқталды. Оның мәліметінше, электр қуатымен қамтитын желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57%-ының тозығы жеткен. «Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.Оның байланымша, монополистердің табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды. Сондықтан Мемлекет басшысы монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшуді ұсынды. Сол арқылы билік желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15%-ға азайтуға тырысып көреді. Жаңа реформаға сәйкес, біріншіден, Үкімет инфрақұрылымға қаржы салған және ашықтықты қамтамасыз етудің мемлекеттік мониторингі жүйесіне қатысқан жылу-жарық алпауыттарына тарифті көтеруге рұқсат етеді. Меншік иесі инвестицияның айтарлықтай бөлігін тарифтің емес, өз қаржысының есебінен салуға міндетті болады. Екіншіден, инновация енгізетін монополистерге тиімді ынталандыру шаралары әзірленеді. Үшіншіден, шығыстың бір бөлігін тарифтік смета аясында қайта бөлуге және табыстың белгілі бір бөлігін сақтап қалуға рұқсат беріледі. Төртіншіден, тарифтерді тоғыспалы субсидиялаудан, яғни бір тұтынушылар үшін бағаны ұстап тұру мақсатында басқаларға бағаны көтеру тәсілінен біртіндеп бас тартылады. Апат саны артты Бұл салада аймақтардың ахуалы тіптен ауыр. Апаттар саны жиілеп кетті. Соның жарқын мысалы – Петропавл ЖЭО-2: онда былтыр және биыл бірнеше апат болды. Былтыр алып мұржасының шіріп құлауы салдарынан бір жұмысшысы қаза тапты. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың дерегінше, СҚО-ның басты жылу-электр орталығын қалпына келтіру, яғни оның негізгі қондырғыларын, қазандықтарды күрделі жөндеу 85%-дан астамға аяқталды. Қазандық цехының бас корпусын қайта тұрғызу, қазандықтарды қалған екі түтін мұржасына қосу, улы газ тартқышты реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Севказэнерго» АҚ басшылығы қазіргі жөндеу жұмыстары аяқталған соң суық түскенше 12 қазандықтың 11-і және екі түтін құбыры дайын болатынын хабарлады. Қалпына келтіру жұмыстарына 10 мердігер ұйым, 395 жұмысшы, 35 техника жұмылдырылған. Акционерлер 17 млрд теңгеден астам төл қаржысын бағыттады. Дегенмен, бұл шығынын ол тариф есебінен өндіріп ала алады. Олай болса, апаттар үшін алпауыттар жаза тартпақ түгілі, тіпті пайдаға шығуы мүмкін. Ал былтырғы қайғылы оқиға үшін құқық қорғау органдары ЖЭО-2 басшысын, яғни компания шақырған менеджерді жауапқа тартқан. «Севказэнерго» АҚ басшылығының ақпаратынша, жаңа құбырдың құрылысы 2023 жылғы сәуірде басталып, келесі жылыту кезеңінің басында аяқталады. Егер саладағы апаттардың ресми статистикасына көз жүгіртсек, төбе шашыңыз тік тұрады. Қазақстанның барлық өңіріндегі қазандықтарда 2019 жылы 968 апат болып, олар 51 233 сағат бойы жұмыссыз тұрып қалған. 2020 жылы апат саны – 1 104-ке, ал тұрып қалу сағаты – 61 811-ге, 2021 жылы тиісінше 1 073-ке және 63 063 сағатқа дейін өсті. «Қара тізімге» қай өңірлер енді? Салаға еңбек сіңірген ардагер энергетик Қаймолда Жолдыбектің түсіндіруінше, Қазақстанның энергетикалық активтерінің, соның ішінде ЖЭО-лардың негізгі бөлігі ХХ ғасырдың 60-70-жылдары пайдалануға берілген. Үкімет бизнес жүргізудің жаһандық рейтингінде өрлеумен әуестеніп кетті де, электр энергиясын, жылу қуатын өндіру және беру процесіне мемлекеттік бақылауды жойды. Ал бұл сала ұлттық қауіпсіздікке және халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер етеді. Сол себепті оған үздіксіз және толыққанды мемлекеттік бақылау жүргізуді қайтару қажет. Маманның айтуынша, тиісті бақылау болмаған соң соңғы жылдары орталықтар мен желілердің негізгі қорларын жаңғырту, реконструкциялау бағытында іс-шаралар жүзеге асырылмады немесе тиімсіз жүргізілді. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына тежеу болды. Соның кесірінен қалалардың инфрақұрылымын дамыту ісі тоқырады. Бұл әлеуметтік наразылықты туғызады. Қыста жаураған бұқара көшені толтыруы мүмкін. Оның үстіне, ЖЭО-ларда апат саны тоқтаусыз артып барады. Мұны Энергетика министрлігі растады. Технологиялық бұзушылықтар өсті: 2019 жылы – 4 010, 2020 жылы – 4 619, 2021 жылы 5 562 оқиға болды. Жазатайым жағдайлар саны артты: 2019 жылы 49 оқиға тіркеліп, оның 7-еуі өліммен аяқталды. 2020 жылы – 51 оқиғаның 10-ында адамдар қаза тапты. 2021 жылы 59 оқиғаның 13-інде адамдар жазым болды. Сала нысандары қауіпті болып барады. Энергетика ведомствосы осыған тосқауыл қоюдың бір тетігін қарастыратын заң жобасын әзірледі. Онда стансалар мен желілердің энергетикалық жабдығын техникалық пайдалануға және техникалық жай-күйіне қойылған талаптарының бұзылуына мемлекеттік бақылауды күшейту көзделеді. Бұл апатқа, өртке соқтыратын, қызмет көрсетуші персоналдың өміріне қауіп төндіретін, сондай-ақ тұтынушыларға қызмет көрсетуге нұқсан келтіретін оқиғаларға жол бермеу үшін қажет. Сонымен, басты сұрақ: Қазақстан 2022-2023 жылғы жылыту маусымына дайын ба? Өйткені бүгіннен бастап кейбір өңірде алдымен әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастауы тиіс. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, жөндеу жұмыстары да әлі бітпеген. Біразы тіпті келесі жылға созылады. Қыркүйек басындағы жағдай бойынша электр стансаларында 4 энергоблокта, 25 қазандықта, 23 турбинада ғана жоспарланған жөндеу жұмыстары аяқталды. 4 энергоблокта, 27 қазандық пен 16 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі сатыда жалғасуда. Әкімдіктердің мәліметінше, 487 орталықтандырылған жылу қазандығында 1 073 қазандық жөндеуден өтіп, жаңа маусымға дайын. Бұл жалпы жоспардың 90%-ы ғана. Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында электр стансаларының негізгі жабдықтарын жөндеу мерзімдері бұзылған. Мұның сыртында энергетикалық кәсіпорындары күрделі жөндеу жұмыстарын 2023 жылға ысырған өңірлер де бар, бұлар: Қарағанды мен Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласы. Энергетика министрлігінің дерегінше, бүгінде электр стансаларында, ЖЭО-ларда отын жинақтау жұмысы жалғасуда: қоймаларындағы көмір қоры 3,9 миллион тоннаны, ал мазут қоры 83 мың тоннаны құрайды. Бұл жалпы бекітілген нормаларға сәйкес келеді. Дегенмен 5 стансада – Семей ЖЭО-1, Риддер ЖЭО, Шахтинск ЖЭО-2, Жезқазған ЖЭО және Петропавл ЖЭО-да көмір қоры қолданыстағы нормативтерден де аз. Күзгі-қысқы жылыту кезеңіне дайындыққа жүргізілген талдау қорытындысында проблемалы өңірлер анықталды: министрлік СҚО, Түркістан, Маңғыстау, Ақмола, Павлодар, Абай облыстарын және Астана қаласын биылғы жылыту маусымы кезінде ерекше назар аударуды талап ететін өңірлер ретінде айқындады.