Тапшылықты жоюға дәрмен жетпеді
Тапшылықты жоюға дәрмен жетпеді
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
245
оқылды
Екі жыл бұрын Үкімет азық-түлік тапшылығының алдын алу үшін республиканың түкпір-түк­пірінен 24 көтерме-тарату орта­лығын ашуды қолға алған. Сол арқылы тағам тізбегінің үзіл­ме­уін, бағаның тұрақтылығын, сау­да инфрақұрылымын дамытуды және экспорттық арналарды қа­лыптастыру сияқты ауқымды міндеттерді шешуді көздеген. Жобаның құны 237,5 млрд тең­геге бағаланған. Жақында Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Ерлан Баттақов бұл идеяны тиімсіз деп атап, енді мұндай орталықтар салын­бай­ты­нын мәлімдеді. Президентті шатастырған кім? Мұндай мәлімдемені естіп таңырқап отырғанымыз жасырын емес. Бұл қалай, бірінші басшы ауысқан сайын министрлік­тің жұмыс бағыты өзгере бере ме? Кезінде халықты жарылқайды деп жерден жеті қоян тапқандай даңғазалатқан көтерме-тарату орталықтары (КТО) енді керексіз болып қалды ма? Сонда осы уақыт ішінде қанша КТО салынды, оған қазынаның қанша қаржысы шығындалды, бұл орта­лықтардың қазіргі жағдайы қалай деген ой есті адамды ойландыратыны рас. Басқасы басқа, екі жыл бойы аталған жобаның тиімділігін айтып, Президенттің өзін ша­тас­тырып қойған кім? Олай дейтініміз, осы шілде айында ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев КТО-ға қа­тысты жоспарлар мен ресми мәлімде­ме­лердің дені жүзеге аспай қал­ғанын сы­нап, сол кездегі Сауда және ин­теграция ми­нистрі Бақыт Сұлтановқа сөгіс жариялаған.
«Мемлекеттік-жекеменшік кәсіп­керлік схемасы бойынша ірі кәсіпкер­лер­мен бірлесе көтерме-тарату орталықтарын салу жоспары орындалған жоқ. Үкімет оның атқарылуын ұзаққа созып жіберді, енді қазан айында осы бағытта қандай жұмыстар істелгені жөнінде есеп беруді тапсырамын. Бұл іске қызығушылық та­нытқан инвесторларды тартыңдар»,– де­ген еді Мемлекет басшысы.
Естеріңізге салайық, аталған жоба 2020 жылдың қоңыр күзінде мақұлданып, ол бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріп­тес­тік негізінде 24 КТО салынатын болып шешілген. Оның құрылысын 2021-2024 жыл­дар аралығында 3 кезеңмен жүргізу жоспарланған. Алғашқы жылы 7 нысан, екінші жылы тағы 7 нысан, ал үшінші жы­лы 10 нысан салынып, 2024 жылы бар­лық 24 КТО толықтай қолданысқа берілуі тиіс-тін. Енді, міне осыдан 1,5 ай бұрын ғана төрт көзіміз түгел емініп отырған жобаны Сауда және интеграция министрлігі тиімсіз деп таныды. «Атамекен» ҰКП-да өткен Отандық кәсіпкерлер кеңесінде бірінші вице-министр Ерлан Баттақов көтерме-тарату орталықтарының орнына ведомство барлық қойма мен сауда ны­сандарын байланыстыратын ақпараттық жүйені әзірлейтінін мәлімдеді. Оның ай­туынша, мұнда халық тұтынатын негізгі өнімдерге қатысты барлық жедел ақпа­раттар шоғырландырылатын болады. Бұл жағдайда бірыңғай ақпараттық жүйеге қолданыстағы барлық жекеменшік КТО-лар, көкөніс қоймалары, ӘКК және нарықтың басқа да қатысушылары түгел біріктіріледі. Министрліктегілер бұл рес­публикалық бюджеттен шығын шығармай, жеке инвесторлардың қаржысын тартуға мүмкіндік береді деп санайды.
«Деректерді бірыңғай ақпараттық жүйе аясында біріктіру ауылшаруашылық та­уарының тасымалдау тізбегін өндірушіден тұтынушыға дейін араға делдалдарды ара­ластырмай түзуге, бағаны тұрақтандыруға, сауда инфрақұрылымын дамытуға және экспорттық арна қалыптастыруға мүм­кіндік береді», – дейді Сауда және инте­грация министрлігінің баспасөз хатшысы Ғалия Абдрахманова.
КТО неге тиімсіз деп танылды?
«КТО дауы түбегейлі тоқтатылды, Үкімет оны тиімсіз деп тапты. Мұндай ше­шім шығарылғанына өте қуаныштымыз. Бұл – біздің жеңіс! Үкімет қоғамның, кә­сіби мамандардың пікіріне құлақ асты. Егер біз өз тарапымыздан аталған идеяны аяусыз сынамағанымызда, нақты талдау­ларымыз ұсынбағанда, тиімсіз жоба жүзеге асырылып кетіп, ол үшін салынған аба­жадай-абажадай орталықтар қаңырап бос тұрар еді», – дейді DALA-FRUIT ком­па­ниялар тобының жетекшісі Болатбек Әлиев.
Болатбек Нәжіметдинұлының айтуын­ша, бұл бас-аяғы 100 тұрғыны бар ауылға 1 200 орындық мектеп салып қойып, оның ішіне оқушы толтыра алмай әуре болумен бірдей. Мұндай жағдайда ешкімге қажеті жоқ даңғарадай ғимаратты күтімде ұстау шығыны тағы да мемлекеттің мойнына артылатын болады. Сосын тауар өндіру­шілер КТО қызметіне жүгінеді деген ойды кім шығарып жүргені де түсініксіз. Ша­руа­лар өнімдерін қоймаға құлыптап қой­ғаннан гөрі тезірек сатып, табыс табуды көздейді. Бүгінгі күнге дейін салынған зәулім қоймалардың қаңырап бос тұруы содан. Ал фермерлер өнімін көтерме-та­рату орталықтарына тапсырсын десеңіз, оларды қызықтыратын қаржылық қолдау, яғни субсидия, дотация беру қажет.
«Мемлекет о бастан тиімсіз жобаны қол­ға алған. Бұл жерде Үкімет азық-түлік қа­уіпсіздігін қамтамасыз ететін фермер­лердің өзіне жағдай жасап, көмек көр­сетудің орнына КТО-ны қаржыландырған дұрыс деп шешкен. Мен 2020, 2021 жыл­дары, мұндай идея жарияланған сәттен бері бұл шешімнің қате екенін талай рет айтып келемін»,– дейді Болатбек Әлиев.
Сондай-ақ бұл мәселеде логистикаға қатысты да түйткіл бар: өндіруші мен та­сымалдаушылардың арасындағы байланыс шешілмеген. Үкімет жобаға қатысушы мыңдаған субъектімен қарым-қатынасты қалай орнатады? Өйткені фермерлер өні­мін орталыққа апарып әуре болғанша оны­сын егістіктің басында-ақ түп-орны­мен көтеріп сатып әкететін алыпсатарларға бере салғанды жөн көреді. Тіпті, тауар КТО-ға жеткізілген күннің өзінде оны сұрыптайтын, күтімін жасап отыратын маман керек. Ал егер қоймадағы өнім бұ­зы­латын болса ше, оған кім жауап береді? Яғни, бұл жұмыстарды атқаратын дел­далдарға, жұмысшыларға, сақтандыру­шыларға ақша төлеу керек. Сөйтіп, мем­лекеттің 237,5 млрд теңге қаржысына салынған КТО-ларды жұмыс істету үшін қазынадан тағы да қосымша жүздеген миллиард қаржы шығындау қажет болады.
«Менің тез бұзылатын тауарларды сақтайтын арнайы қоймам бар. Оның жабдықтарын жеткізіп берген және мон­таждаған компания Қазақстандағы мем­лекет қаржысына салынған ең үлкен қоймалардың бірінің қосалқы мердігерінің қосалқы мердігері. Қазір осы қойма жа­рым-жартылай бос тұр. Ол да шығынды, тек демеуқаржының арқасында ғана жоғарыда айтылған схема бойынша жұмыс істеп отыр», – дейді кәсіпкер.
Бір айта кетерлігі, шетелдерде де кө­терме-тарату орталықтары бар және олар табысты жұмыс істеп тұр. Мәселен, Түр­кияда. Онда мемлекет КТО құрылысын 100 пайыз субсидиялап, электр энергиясы шығынының 50 пайызын өзі көтергені­мен, біздегідей оның шаруасына аралас­пайды. КТО кооперация негізінде жұмыс істеп, тек Сауда палатасының алдында ғана есеп береді. КТО қызметі таза нарық заңдылықтарына бағынған, сол себепті де табысты. Сондықтан шетелдерден әлеу­меттік маңызы зор осындай жобаларды көшіргенде оның тек сыртқы формасына ғана емес, ішкі мазмұнына да жете мән берген жөн. Осы жерде келесідей бір мысал келтіре кетсем: 2006 жылы барлық облыста әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) құрылды, оның көп міндеттерінің бірі нақ осы мәселеге – ірі қалалардың айнала­сында азық-түлік белдеуін қалыптастыруға, өнімді сақтауға және оны жеткізіп беруге арналған. Үкімет ол кезде де ӘКК әлеумет­тің барлық қажетін өтейді деп өзеуреген-тін. Тіпті, ӘКК-нің араласпаған шаруасы қалмады: зауыт-фабрика, авиация, ауыл­шаруашылық кооперациясы, өнімді сақ­тау, өңдеу, логистика,... Мемлекет тағы да бизнестің ісіне бас сұқты, бірақ одан оңып кеткен шаруа шамалы. Сөйтіп, ӘКК-ге қазынадан қаншама қаржы құйылғанымен, ол бәрібір азық-түлік тапшылығы мен қымбатшылығын ауыздықтай алмады. Қазір осы ӘКК-нің кіріспен жұмыс істеп тұрған бірі жоқ, бәрі бюджетке қол жайып, әкімдіктердің миллиардтаған дотация­сының арқасында күн көріп отыр. КТО-да осы сүреңсіз сүрлеуге түсті, бірақ «ештен кеш жақсы» деп Үкімет екі жылдан кейін болса да тиімсіз жобадан бас тартты. Яғни, кәсіби мамандардың жанайқайына құлақ салды, «еститін мемлекет» екенін көрсетті, оған да шүкір! Ал енді мұндай қадамның нақты қандай жетістікке жеткізетінін уақыт көрсетер.