Саптағы сарбаздан сапалы маман шыға ма?
Саптағы сарбаздан сапалы маман шыға ма?
© коллаж: Елдар Қаба
Әскерде болған соңғы жағдайлардан кейін баласын сарбаз сапына қосқысы келмейтін ата-аналардың саны көбейді. Осыған орай Қорғаныс министрлігі еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігімен, сондай-ақ жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, азаматтардың мерзімді әскери қызметін өтеуге ынтасын арттыру мақсатында жаңа жоба бастамақ. Енді Отан алдында борышын мінсіз өткерген бозбала университетте тегін оқи алады. Ал бұл жоба тиімді ме? Қорғаныс министрлігінің мә­ліметінше, аталған жоба мерзімді әскери қызметін өткерген барлық азаматқа әңгімелесу нәтижелеріне қарай Ұлттық бірыңғай тестілеуді есепке алмай, әскери борышын атқарған соң екі жыл ішінде жо­ғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Демек, күнтізбе бойынша күзде әскерден келген соң олар оқуға түсе алады. Ал бұ­рынғы әскери қызметшілер жо­ғары оқу орындарының әскери кафедрасында тегін оқу мүмкін­дігіне ие болады. Қорғаныс ми­нистрінің кеңесшісі Айгүл Түлем­баеваның айтуынша, жеке қасиет­теріне, үлгілі тәртібіне және мер­зімді әскери қызметін өтеу ке­зеңінде жауынгерлік даярлықта қол жеткізген жоғары нәти­же­леріне қарай әскери қызметшілерге жоғары оқу орнының гранты есе­ бінен тегін жоғары білім алу мүм­кіндігі беріледі.
– Мұндай жастарға Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орын­дарына емтихансыз және ҰБТ-ны есепке алмай-ақ оқуға түсу мүм­кіндігі ұсынылады. Әскери оқу орындарына емтихансыз түсу және азаматтық жоғары оқу орында­рында оқу грантын алу кезінде әскери қызметшілердің Отан ал­дындағы борышын өтеген бала­ларына да басымдық беріледі. Жо­баны іске асыру білім беру са­ласындағы заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етпейді,– деді Айгүл Тулембаева.
Оның айтуынша, еліміздің барлық өңіріндегі 40-қа жуық жо­ғары оқу орны әскери борышын өтеген азаматтарға білім алуға жеңілдіктер береді. Қорғаныс ми­нистрлігі тиісті ережелерге өзгеріс­тер енгізу жұмыстарын бастап кет­ті. Жобаны іске асыру 2023 жыл­дан басталады. Мұндай жеңіл­діктер қазір борышын өтеп жүрген азаматтарға және 2022 жылы әс­керге шақырылатын сарбаздарға берілетін болады. Жаппай грант беру – қисынсыз Жыл сайын орта есеппен 33 мыңнан астам азамат Отан ал­дындағы борышын өтеуге барады. Ал елімізде өткен оқу жылында бакалавриатқа түсу үшін 56 мың­нан астам грант бөлінген. Ендеше әскерге барған азаматтардың бар­лығына бірдей мемлекеттік грант­ты үлестіру қисынға сый­майды. Ұлттық ғылым академия­сының академигі Кәрімбек Құр­манә­лиев­тің айтуынша, әскери борышын өтеп келген жастарға арнайы квота бөлу мәселесі – әс­кери қызметке қызықтырудың бір жолы ретінде қарастырылып отырғаны түсінікті. Яғни, ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға түсу мүмкіндігін қамтамасыз ету. Бірақ ол үшін белгілі бір норма­тивтік түзетулер енгізу қажет.
– Нормативтік-құқықтық акті­лерге түзету жобасы әзірленетін болса, онда бұл мәселені жан-жақ­ты қарастыруға болады деп ой­лаймын. Бірақ бұл жерде актілерге енгізілетін түзетулер неге және қандай мақсатқа бағытталған, олар қандай мәселені шешеді, мемле­ке­тімізге қандай әлеуметтік-эко­но­микалық даму әкеледі деген ар­найы зерттеулер және талдау­ларға негізделуі тиіс. Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары білім де­партаменті директоры болған кез­ден бастап, бүгінгі күнге дейін мектепті «Алтын белгіге» бітірген түлектерді ҰБТ-да алған балының нәтижесіне қарамай-ақ конкурс­сыз қабылдау керек деген эксперт­тік пікіріміз еленбей келе жатқа­нына да біраз уақыт болды,– дейді Кәрімбек Құрманәлиев.
Академиктің пікірінше, әскери қызметін атқарғандарды ұлттық бірыңғай тестілеусіз мемлекеттік тапсырыспен жоғары оқу орын­дарына қабылдау – қисынсыз. Отанды қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сол қызметіміз үшін жеңілдік сұрау – азаматты­ғымызға сын. Кәсіптік-техника­лық білім саласында тегін білім алу қарастырылған. Сол мүмкін­дік­терді пайдалануға болады. Жоғары білім алудағы негізгі ұстанымымыз – білім жарысында білгірлер ғана озып келуі керек. Басты мақсат елімізге сапалы, білікті кадрлар дайындау екенін есте ұстауымыз керек. Ал әскерге баратындардың көбінің жоғары білімі жоқ. Жастар мектептен кейін немесе орта білім алғаннан соң екі қолға бір күрек таба алмай әскерге барады. Ал ар­миядан келгеннен кейін не ке­лі­сімшартпен жұмысқа орналасады, не табылған жұмысқа қанағат етеді. Білім іздеп, маман атансам дейтіндері аз. Енді оларға арнайы жеңілдік жасасақ, әскерге баруды оқуға түсудің жолына айналды­ра­тындар да көбеюі мүмкін. Сарбаз өз саласында оқуы керек Ал Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатовтың пікірінше, сар­баздарды ынталандыру үшін тегін оқытқан дұрыс. Бірақ жас сарбаз өз саласында, яғни әскери оқу орындарында оқуы керек. Армия­дан кейін бозбалаларды Жаяу әс­кер академиясына, Әуе қорға­ныс күш­тері Әскери институты­на тар­ту керек.
– Басқа бағыттағы мамандық­қа түсетін сарбаздар арасында бөлек конкурс өткізу қажет. Ар­мияға барды екен деп барлық азаматқа грант бере салуға бол­майды. Сондықтан әсерге барған­дардың арасынан да ең үздіктері грант иегері атануы керек. Олар­дың білімі орта мектепті бітірген түлектердің деңгейінен төмен бол­мағаны жөн. Кеңес үкіметі кезінде армиядан келген азаматтарға же­ңілдік жасап, жұмыс өтіліне қо­сатын. Сонымен қатар әскерден келген балаларға бұрынғыдай да­йындық курсын өткізу керек, – дейді Нұржан Нұрсипатов.
Депутаттың айтуынша, аза­мат­тар армияға бармас бұрын қандай оқуға түскісі келсе, ар­миядан кейін де сол мақсатына жетуіне атсалы­суымыз қажет. Бұл кезде қабылдау комиссиясына үлкен жауап­кер­шілік артылады. Армиядан кел­гендердің бәріне бірдей мемлекет­тік грант беру, басқа талапкерлердің жолын жабумен бірдей. Сондықтан қос министрлік жаңа жобаны қа­былдарда асығыстық танытпай, жеті рет ойланып, бір рет кескені дұрыс. Әйтпесе, асығыс қабыл­дан­ған шешімнің соңы сапасыз ма­мандардың көбеюіне әкеледі. Ал қоғамда әскердің беделін көтерудің бұдан да басқа жолдары бар. Айталық, кейбір дамыған елдер әскерге шақырылған аза­маттың барлық қарызын кешіріп немесе отбасына әлеуметтік жәр­демақы төлейді. Мұндай жағдай өз кезегінде бозбалалардың әскер сапында алаңсыз борышын өтеуіне мүмкіндік береді.
– Қазір қоғамда әскердің ста­тусы түсіп кеткен сияқты. Сон­дықтан әскердегі өмірдің жарқын екенін барынша насихаттап, жақ­сы жағынан статусын көтеруіміз керек. Әр сарбаздың саламатты өмір салтын ұстанып, темірдей тәртіппен өткен 1 жылы 10 жылына азық болады. Сонымен қатар әс­керге барған азаматтың ата-ана­ларына әлеуметтік көмек көрсе­тілуі керек. Жергілікті әскери бө­лімшелер әскерге баласын жібе­ретін әрбір отбасымен жеке жұмыс істеуі қажет. Бізде әскери шенділер көп. Бірақ олардың бәрі бірдей қатардағы сарбазға қамқор бола бермейді. Сондықтан өз кезегінде қоғамда әскерге баруды насихаттау үшін сарбаздардың несиелерін де кешіру керек,– дейді Нұржан Нұрсипатов.
Олай болса, әскерге барған азаматтарды ынталандырудың түрлі тетігін қарастыру артық емес. Ал сарбаздарға ең бірінші әскери саладағы институттарға түсуге жағ­дай жасауымыз қажет.