Әскерде болған соңғы жағдайлардан кейін баласын сарбаз сапына қосқысы келмейтін ата-аналардың саны көбейді. Осыған орай Қорғаныс министрлігі еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігімен, сондай-ақ жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, азаматтардың мерзімді әскери қызметін өтеуге ынтасын арттыру мақсатында жаңа жоба бастамақ. Енді Отан алдында борышын мінсіз өткерген бозбала университетте тегін оқи алады. Ал бұл жоба тиімді ме? Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, аталған жоба мерзімді әскери қызметін өткерген барлық азаматқа әңгімелесу нәтижелеріне қарай Ұлттық бірыңғай тестілеуді есепке алмай, әскери борышын атқарған соң екі жыл ішінде жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Демек, күнтізбе бойынша күзде әскерден келген соң олар оқуға түсе алады. Ал бұрынғы әскери қызметшілер жоғары оқу орындарының әскери кафедрасында тегін оқу мүмкіндігіне ие болады. Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Түлембаеваның айтуынша, жеке қасиеттеріне, үлгілі тәртібіне және мерзімді әскери қызметін өтеу кезеңінде жауынгерлік даярлықта қол жеткізген жоғары нәтижелеріне қарай әскери қызметшілерге жоғары оқу орнының гранты есе бінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі беріледі.
– Мұндай жастарға Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына емтихансыз және ҰБТ-ны есепке алмай-ақ оқуға түсу мүмкіндігі ұсынылады. Әскери оқу орындарына емтихансыз түсу және азаматтық жоғары оқу орындарында оқу грантын алу кезінде әскери қызметшілердің Отан алдындағы борышын өтеген балаларына да басымдық беріледі. Жобаны іске асыру білім беру саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етпейді,– деді Айгүл Тулембаева.Оның айтуынша, еліміздің барлық өңіріндегі 40-қа жуық жоғары оқу орны әскери борышын өтеген азаматтарға білім алуға жеңілдіктер береді. Қорғаныс министрлігі тиісті ережелерге өзгерістер енгізу жұмыстарын бастап кетті. Жобаны іске асыру 2023 жылдан басталады. Мұндай жеңілдіктер қазір борышын өтеп жүрген азаматтарға және 2022 жылы әскерге шақырылатын сарбаздарға берілетін болады. Жаппай грант беру – қисынсыз Жыл сайын орта есеппен 33 мыңнан астам азамат Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Ал елімізде өткен оқу жылында бакалавриатқа түсу үшін 56 мыңнан астам грант бөлінген. Ендеше әскерге барған азаматтардың барлығына бірдей мемлекеттік грантты үлестіру қисынға сыймайды. Ұлттық ғылым академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиевтің айтуынша, әскери борышын өтеп келген жастарға арнайы квота бөлу мәселесі – әскери қызметке қызықтырудың бір жолы ретінде қарастырылып отырғаны түсінікті. Яғни, ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға түсу мүмкіндігін қамтамасыз ету. Бірақ ол үшін белгілі бір нормативтік түзетулер енгізу қажет.
– Нормативтік-құқықтық актілерге түзету жобасы әзірленетін болса, онда бұл мәселені жан-жақты қарастыруға болады деп ойлаймын. Бірақ бұл жерде актілерге енгізілетін түзетулер неге және қандай мақсатқа бағытталған, олар қандай мәселені шешеді, мемлекетімізге қандай әлеуметтік-экономикалық даму әкеледі деген арнайы зерттеулер және талдауларға негізделуі тиіс. Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары білім департаменті директоры болған кезден бастап, бүгінгі күнге дейін мектепті «Алтын белгіге» бітірген түлектерді ҰБТ-да алған балының нәтижесіне қарамай-ақ конкурссыз қабылдау керек деген эксперттік пікіріміз еленбей келе жатқанына да біраз уақыт болды,– дейді Кәрімбек Құрманәлиев.Академиктің пікірінше, әскери қызметін атқарғандарды ұлттық бірыңғай тестілеусіз мемлекеттік тапсырыспен жоғары оқу орындарына қабылдау – қисынсыз. Отанды қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сол қызметіміз үшін жеңілдік сұрау – азаматтығымызға сын. Кәсіптік-техникалық білім саласында тегін білім алу қарастырылған. Сол мүмкіндіктерді пайдалануға болады. Жоғары білім алудағы негізгі ұстанымымыз – білім жарысында білгірлер ғана озып келуі керек. Басты мақсат елімізге сапалы, білікті кадрлар дайындау екенін есте ұстауымыз керек. Ал әскерге баратындардың көбінің жоғары білімі жоқ. Жастар мектептен кейін немесе орта білім алғаннан соң екі қолға бір күрек таба алмай әскерге барады. Ал армиядан келгеннен кейін не келісімшартпен жұмысқа орналасады, не табылған жұмысқа қанағат етеді. Білім іздеп, маман атансам дейтіндері аз. Енді оларға арнайы жеңілдік жасасақ, әскерге баруды оқуға түсудің жолына айналдыратындар да көбеюі мүмкін. Сарбаз өз саласында оқуы керек Ал Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатовтың пікірінше, сарбаздарды ынталандыру үшін тегін оқытқан дұрыс. Бірақ жас сарбаз өз саласында, яғни әскери оқу орындарында оқуы керек. Армиядан кейін бозбалаларды Жаяу әскер академиясына, Әуе қорғаныс күштері Әскери институтына тарту керек.
– Басқа бағыттағы мамандыққа түсетін сарбаздар арасында бөлек конкурс өткізу қажет. Армияға барды екен деп барлық азаматқа грант бере салуға болмайды. Сондықтан әсерге барғандардың арасынан да ең үздіктері грант иегері атануы керек. Олардың білімі орта мектепті бітірген түлектердің деңгейінен төмен болмағаны жөн. Кеңес үкіметі кезінде армиядан келген азаматтарға жеңілдік жасап, жұмыс өтіліне қосатын. Сонымен қатар әскерден келген балаларға бұрынғыдай дайындық курсын өткізу керек, – дейді Нұржан Нұрсипатов.Депутаттың айтуынша, азаматтар армияға бармас бұрын қандай оқуға түскісі келсе, армиядан кейін де сол мақсатына жетуіне атсалысуымыз қажет. Бұл кезде қабылдау комиссиясына үлкен жауапкершілік артылады. Армиядан келгендердің бәріне бірдей мемлекеттік грант беру, басқа талапкерлердің жолын жабумен бірдей. Сондықтан қос министрлік жаңа жобаны қабылдарда асығыстық танытпай, жеті рет ойланып, бір рет кескені дұрыс. Әйтпесе, асығыс қабылданған шешімнің соңы сапасыз мамандардың көбеюіне әкеледі. Ал қоғамда әскердің беделін көтерудің бұдан да басқа жолдары бар. Айталық, кейбір дамыған елдер әскерге шақырылған азаматтың барлық қарызын кешіріп немесе отбасына әлеуметтік жәрдемақы төлейді. Мұндай жағдай өз кезегінде бозбалалардың әскер сапында алаңсыз борышын өтеуіне мүмкіндік береді.
– Қазір қоғамда әскердің статусы түсіп кеткен сияқты. Сондықтан әскердегі өмірдің жарқын екенін барынша насихаттап, жақсы жағынан статусын көтеруіміз керек. Әр сарбаздың саламатты өмір салтын ұстанып, темірдей тәртіппен өткен 1 жылы 10 жылына азық болады. Сонымен қатар әскерге барған азаматтың ата-аналарына әлеуметтік көмек көрсетілуі керек. Жергілікті әскери бөлімшелер әскерге баласын жіберетін әрбір отбасымен жеке жұмыс істеуі қажет. Бізде әскери шенділер көп. Бірақ олардың бәрі бірдей қатардағы сарбазға қамқор бола бермейді. Сондықтан өз кезегінде қоғамда әскерге баруды насихаттау үшін сарбаздардың несиелерін де кешіру керек,– дейді Нұржан Нұрсипатов.Олай болса, әскерге барған азаматтарды ынталандырудың түрлі тетігін қарастыру артық емес. Ал сарбаздарға ең бірінші әскери саладағы институттарға түсуге жағдай жасауымыз қажет.