Шымкентте бензин таситын көлік аударылды
Шымкентте бензин таситын көлік аударылды
148
оқылды
Кеше түскі сағат 12 жарым шамасында Шымкент қаласына қарасты Қаратау ауданы, Бәйдібек би көшесі, Бозарық тұрғын алабындағы айналма жолда «Гелиос» ЖШС-на қарасты 23 тонналық бензин тасымалдайтын «Камаз» жүк көлігі аударылған. Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше жүргізуші рөлді басқара алмай, автокөлік бір бетіне аударылып, көліктегі АИ-95 маркалы бензин төгілген. Оқиға орнында өрт болмаған және ешкім де зардап шекпепті. Оқиға орнына Шымкент қаласының Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жеке құрамынан 26 қызметкер, 4 техника, «Апаттар медицинасы орталығы» филиалының 1 техникасы мен 3 қызметкері және полицейлер жұмылдырылған. Төтеншеліктер өрт сөндірушілер төгілген мұнай өнімдеріне «Пурга-5» маркалы көбікті оқпанпен шабуыл жасағанын, қазіргі уақытта төгілген жанар-жағар майдың көлемін анықтап жатқанын айтады. Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы