Өміршең жобалар өрге бастайды

өміршең жоба

Қызылорда облысында бизнесті қолдау мен дамытудың «Бизнестің жол картасы–2025» мемлекеттік бағ­дар­ламасы қарқынды түрде жүр­гі­зіліп жатыр. Жаңа бизнес жоба­ларды дамытуға негізделген бұл мемлекеттік бағдарлама шең­берінде қызылордалық кәсіпкер­лердің тың кәсіп ашуына және өн­дірісін кеңейтуге мүмкіндігі арта түсті.

Соның бірі – «Әділет» өндірістік-техникалық көпсалалы кәсіпорнының сабын шығару өндірісі. Кәсіпорын бұл кәсібін 2021 жылы қолға алып, жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Кәсіпорын алғашында сабын шығаруға бетбұрыс жасайды. Бұл жобасын мемлекет көмегіне жүгінбей, өз қаражаты есебінен жүзеге асырыпты. Бүгінде өндіріс орнының 70 пайыз өнімі жергілікті сауда орындарында саудалануда. Кәсіпорынның Taza брендімен шығарған сабындары тұтынушылар тарапынан да жоғары сұранысқа ие.

Кәсіпорын директоры Дәулет Ізбасардың айтуынша, бүгінде кір жуатын ұнтақ шығару ісін қолға алып отыр. Бұл бизнес жобасын бастау үшін мемлекеттік бағдарлама шеңберінде Үкіметтен 4,5 млн теңге қайтарымсыз грант та алыпты. Өнімге қажетті қоспаларды Алматы қаласынан арнайы тапсырыспен алдыртып отыр екен. Жаңа жобасын бастаған кәсіпорын бүгінде ұнтақтың бір келісін 450 теңгеге бағалап, нарықтан төмен бағада сатылымға шығарған.

«Әділет» кәсіпорны ең алғаш 2019 жылы жұмысын бастады. 2021 жылы өнім өндіруге бетбұрыс жасадым. Өзбекстан мемлекетінен өз қаражатым есебінен арнайы құрылғы алдырып, кір сабын шығаратын цехты іске қостым. Алғашында күніне 300-400 дана кір сабын шығарып, өндіріс жұмысын біршама жолға қойдық. Қазір тәулігіне 2000 дана өнім өндіреміз. Өнімімізге сұраныс та, тұтынушыларымыз да аз емес. Ендігі кезекте кір жуатын ұнтақ шығару жобасын жолға қойып, кәсібімізді кеңейтуге бетбұрыс жасап отырмыз. Осы мақсатта мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Алғашқы өнімімізді де саудаға шығарып үлгердік. Бүгінде кәсіпорында 20 адам тұрақты жұмыс істейді. Бұл өнімнің бір ерекшелігі – біздің сабын мен кір жуатын ұнтақ иіссіз қоспалармен дайындалады. Келешекте цехты автоматтандырылған станоктармен жабдықтап, әртүрлі жуатын қоспалар шығаруды мақсат тұтып отырмыз», – деді кәсіпорын басшысы.

Келешекте химиялық жуғыш ұнтақтардың түр-түрін шығаруды мақсат тұтып отырған кәсіпорын басшысы жұмыс орнын кеңейтуге иек артатынын да жеткізді.

Ал қаладағы «МТР» көлік жуу орталығы соңғы технологияның көмегімен жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Мемлекет тарапынан қолдау тауып, кәсібін бастаған бұл орталық бүгінде халық талабына сай еңбек етуде.

Бұл орталық көліктің моторлы, рульге қатысты қондырғыларын бумен тазалау ісімен айналысады. Соңғы үлгідегі тазалау технологиясын іске қосқан орталыққа келушілер легі толастаған емес.

«Кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарлама аясында көлік моторын бу арқылы жуу бағытындағы бизнес-жоспарымды әзірлеп, ұсындым. Нә­ти­жесінде, 3 млн теңге көлемінде қай­тарымсыз грант алып, Италиядан арнайы көлік жуу аппаратын сатып алдым. Булану қүрылғысымен арнайы техникалық оқытудан өткен мамандар жұмыс жасайды», – деп түсіндірді орталықтың өкілі Әмірәлі Сәдуақас.

Бүгінде көлік жуу орталығында екі адам жұмыс істеуде. Бұл жерде күніне 10-15 көлікке қызмет көрсетіледі.

Жалпы, аймақта осы сынды мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қолдау тауып, кәсібін дөңгелентіп отырған жандар аз емес. Өңірдегі өміршең жобаларды мемлекет тарапынан қолдау кәсіпкерлік саласының дамуына тың серпін беріп тұр.

 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ,
Қызылорда облысы

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.