Жамбылдың қос домбырасы
Жамбылдың қос домбырасы
990
оқылды
Сыр өңірінде жыр алы­бы – Жамбыл Жабаевтың домбыралары сақтаулы. Ақын тұтынған құнды жә­ді­герлерінің Сыр өңіріне жет­кізілуінің өзіндік та­ри­хы бар. Асыл сөздің дүлдүлі саналған ақын баба­мыздың тұтынған дом­бырасының бірін Қызылорда об­лыстық тарихи-өлкетану музе­йінің қорынан табуға болады. Му­зей қызметкерлерінің ай­туынша, ас­пап­ты жыр алыбы 1939 жылы сыр бойының тұрғыны Нар­тай Беке­­жа­новқа тарту етіпті. Ал құнды дүние 1974 жылы мұ­ра­жайға өткізіл­ген.
«Жамбыл ақынның нар тұлғалы Нартайға деген ықыласы ерекше болған. Алғаш көргеннен «О, Нар­тай, шешен таңдай, қасқа маңдай, аузыңнан шыққан сөзің шекер бал­дай» деп өзіне де, өнеріне де үлкен құрметпен қарапты. 1939 жылы Жамбыл Нартайға домбыра­ның жақ­тауына «Бекежанов» деп жаз­дырып, естелікке сыйға тартқан. Қос алып­тың есімдерімен байла­нысты ұлт­тық аспап қазір музейі­міздің қорында тұр. Қазақтың екі абызының саусақ ізі қалған дом­быраны 1974 жылы Шиелі ауда­ны Бәйгеқұм ауылының тұрғыны Әлай­дар Ембергенов табыстады», – деді музейдің ғылыми қызметкері Гүлжанар Оразалиева.
Ақынның мұрасы қызыл ағаш­тан берік етіп жасалған. Домбыра­ның жақ­тауынан темірмен жазылған Бекежанов деген жазуды көруге болады. Музейге құн­ды жәдігердің өткен тарихына үңіліп, тамашалап келушілер қатары сиреген емес. Дәл осындай тағы бір құнды дүние облысқа қарасты Жалағаш ау­данының тарихи-өлкетану музе­йінде де сақтаулы. Аудандық музей­дегі ақынның дом­бырасы атадан балаға мұра болып жет­кен құнды жәдігер саналады. Негізінен, аудандық музейде құнды саналатын бірнеше домбыра бар. Соның ішін­де Жамбыл Жабаев пен оның не­мересі Әлімқұл Жамбы­ловтың тұтынған дом­бырасы ерек­ше атап өтуге тұрарлық. домбыра Бүгінде құнды жәдігерге айнал­ған ас­пап жетісулық үлгіде жаса­лыпты. Мой­ны жіңішке әрі ұзындау. Арқасы үш­кірлі дөңестеу болып келген. Шана­ғының беті қарағай­мен ал қапсырма беті жұқа тақтай­шамен жабылған. Мойны­ның сыр­ты жұ­мырланып, беті еңгіштеліп тегістел­ген.
«Қазір құрылғанына 20 жыл болған тарихи-өлкетану музейінде 7 мыңға жуық экспонат бар. Соның ішінде жыр алы­бының сыйға тартқан киелі қара дом­бырасының орны ерекше. Негізінен, 1982 жы­лы Қар­мақшы ауданын­да ұйым­дас­ты­рыл­ған республи­ка­лық ақындар айтысында бұл домбыраны ақын­ның немересі Әлімқұл Жам­­былов ғалым, фоль­клор­­танушы, жерле­сіміз Мардан Байділдаевқа сыйға тар­тыпты. Ал 2006 жылы дом­быраны музей қорына Мар­дан Байділдаевтің қызы өткізген. Бертін келе атадан немереге мұра болып келген домбы­раның шанағынан басқа бөлікте­рінің барлығын немересі Әлімқұл қайта жөн­деп, қалпына келтірген», – дейді музейдің ғылыми қызмет­кері Қанат Жапақов.
1927 жылы Алматы облысында дүниеге келген Әлімқұл атасы Жам­былдың тәрбиесін көріп өседі. Өзі де бертінде айтысқа қатысып, талай жыр додасында сөз бәйгесіне түседі. Ол айтысқандардың қатарында Ма­нап Көкенов, Надежда Лушни­кова сын­ды сөз зергерлері бар. Қанмен қа­сиет дарыған ол атасы Жамбыл мен қа­зақтың көптеген ақын-жырауына да арнау жазған. Жарты ғасырдан астам мәдениет саласында жемісті қыз­мет етіп, 2015 жылы дүниеден озған. Ел арасында бізге құнды жәдігер ретінде жеткен бұл домбыраны жыр алыбы – Жамбыл ақынның өзі тұтынған деген де мәлімет бар. Музей қызметкерлері бізге құнды жә­дігерлердің біріне ай­налған қос ас­пап­тың қысқаша та­рихын осылай баян­дады. Бүгінде Сыр өңірінде сақ­таулы тұр­ған қос домбыра бабалар мұрасы ре­тінде баға жетпес қазынаға айналған.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы