Әсел Тасмағамбетова Семей оқушыларына робототехника орталығын сыйға тартты

Әсел Тасмағамбетова Семей оқушыларына робототехника орталығын сыйға тартты

Семейде  Әсел Тасмағамбетованың демеушілігімен робототехника орталығы ашылды.  Орталықтың ашылу салтанатына «Сәби» қорының негізін қалаушылар Әсел Тасмағамбетова мен Кеңес Рақышев пен облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев қатысты. Жаңа кабинет «Activepanel AP 75» сенсорлық моноблогымен, радиобасқарылатын үлгілерді жасауға арналған робототехникалық жинақпен, модельдерді құюға арналған «CREATOR Pro» 3Д принтерімен, роботтардың футбол ойнауына арналған алаңдармен, инфрақызыл доптармен жабдықталған. – Меценаттардың қолдауының арқасында көптеген балалар ғылыми-техникалық, инновациялық салада  білім алуға мүмкіндік алды. Семейде жаңа цифрлық орталықтың ашылуы – біздің өңіріміз үшін маңызды. Өйткені робототехника – болашақтың ең мүмкіндігі жоғары бағыттарының бірі. Сондықтан балаларға жаңа білім алуға және өз әлеуетін іске асыруға көмектесеміз. Сонымен қатар, өзге де жобалар бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, –  деді Нұрлан Ұранхаев. «Сәби» қорының президенті Әсел Тасмағамбетова, орталықтарды республикалық деңгейде масштабтау туралы шешімнің кездейсоқ пайда болмағанын түсіндірді. «Market Research Future зерттеуіне сәйкес робототехниканың жаһандық нарығы жыл сайын 22,8% - ға өседі және 2030 жылға қарай $214,68 млрд долларға жетеді деп күтілуде. «Сәби» қоры 20 жылдан астам Қазақстанның өңірлік қалаларында қайырымдылық жобаларын жүзеге асырып келеді және бізде дарынды балалар мен талантты педагогтардың көп екеніне көзімізді жеткіздік. Бұл бізге робототехника орталықтары сұранысқа ие болады және жоба жақсы нәтиже береді деп болжауға негіз береді», - деді Әсел Тасмағамбетова. Семейдегі Орталықтың жалпы ауданы – 75 шаршы метр. Ал жобаның құны – 26,3 миллион теңге. Робототехника орталықтарына барлық оқушы тегін бара алады.