Қайрат Сатыбалдының сотында жаңа деректер пайда болып, іс кейінге қалдырылды
Қайрат Сатыбалдының сотында жаңа деректер пайда болып, іс кейінге қалдырылды
Фото: Экспресс К
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты сот ісі кейінгі қалдырылды, – деп хабарлайды Экспресс К.
Кеше өткен алғашқы отырыс барысында Қайрат Сатыбалдыұлы сотқа дейін "Қазақтелекомға" және "Көлік сервисі орталығына" келтірілген залалды өтегені белгілі болды. Тіпті медиациялық келісім де болған, яғни екі тарап татуласып, келісімге келген.
Алайда бүгінгі отырыста "Көлік сервисі орталығының" өкілі Қайрат Сатыбалдыұлымен арадағы медиациялық келісімді жарамсыз деп санап, "сот процесінде ескермеуді" сұрады. Осыған байланысты бүгінгі іс тоқтатылып, ертеңге қалдырылды.
Астана қаласының №2 Байқоңыр аудандық сотында болып жатқан процесте 5 адамның ісі қаралып жатыр. Ол "Қазақтелекомның" бұрынғы мажоритарлық акционері Қайрат Сатыбалдыұлы, жекешелендіру аясында "Көлік сервисі орталығын" сатып алған "Темір Триумф" компаниясының иесі, Самбо федерациясының вице-президенті Марат Мұхамбеджанұлы, бұрын Қырғызстан үшін грек-рим стилінде күрескен палуан Шыңғыс Қоңырбаев, "Қазақтелеком" бөлімшесінің басшысы Леонид Муравьев және "Көлік сервисі орталығын" компаниясының басшысы Ғайни Бекетов.
Сотталушылардың көбіне алдап, сенімге қиянат жасау арқылы ұрлау және зиян келтіру айыптары тағылған. Судья айыпталушылардың өтініші бойынша аудио, видео және фото жасауға тыйым салды.