Кентауда компания басшысы 20 жастағы жігітті балтамен ұрды
Кентауда компания басшысы 20 жастағы жігітті балтамен ұрды
Фото: Видеодан скриншот
Түркістан облысы Кентау қаласында газ құбырын жүргізетін компания басшысы 20 жастағы жігітті сабап кеткен. Кикілжіңге әлеуметтік желідегі жазба себеп болған. КТК арнасының мәліметінше, жәбірленуші арзан бағамен газ жүргіземіз деген жарнаманың астына жағымсыз пікір жазған. Осыған ашуланған Жандос Сабыров Ислам Мырзахметовтің кеңсесіне келіп, оны балтамен ұрыпты. Бірақ полицейлер әлі іс қозғамаған. Есесіне, ауруханадан енді шыққан жігіт жұдырығы жуан директордың туыстарынан құқай көріп отырғанын айтты. Кентауда газ құбырын жүргізетін компаниялардың бірінің директоры Жандос Сабыров: «Енді сіздер 95 мың емес, монтаждау жұмысын 75 мың теңгеден үйлеріңізге табиғи газды кіргізе аласыздар», – деп жеңілдік бар екенін айтып, жарнамасын Instagram парақшасына салады. Бірақ басшының айтқаны бәсекелестеріне ұнамай, өзге компанияның қызметкері Ислам Мырзахметов астына бірнеше пікір қалдырған. Тіпті жеңілдік дегені алаяқтық деп жазған. Осыған ашуланған Жандос Сабыров ертесінде балтамен ұрды дейді жәдірленуші.
«Е, сен, брәтішке, не істеп жүрсің?– деп бастады. Ұрған соң мен есікке қарай қашпақ болдым, бір өзім ғой енді. Екіншісі аяқтан шалып жерге құлатты. Жандос үстіме шығып ұрып жатты. Бастан теуіп басқан. Екіншісіне «балта әкел» деді. Балтаны әкелген соң, балтамен бастан ұрды. Мына жерде тимей қалған іздері тұр ғой, міне. Қансыраған жігіт өзін қорғамақшы болып жанталасып жатқанда кеңсеге адамдар келіп қалған. Сөйтіп, бір ажалдан аман қалдым», – дейді.
Бірақ көп қан жоғалтып, ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер 20 жастағы  жігіт сәл кешіккенде, құтқара алмас едік, – дейді. Кентау ауруханасының бөлім меңгерушісі Асқар Жұмабеков: «Оң білегінде, басында, сол алақанында балтамен шабылған жарақаттар бар. Науқасқа шұғыл түрде алғашқы хирургиялық өңдеу жасады. Оң білегіндегі жарасы үлкендеу, қан тамыры зақымданған. Егер дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе, науқастан көп қан кетіп қалар еді», – дейді. Енді күніне екі рет жарақатын таңуға барып жүрген Исламның полицейлерге өкпесі қара қазандай. Себебі қарулы шабуылды екі адам жасағанымен, бір ғана адам күдікті деп танылды. Тіпті, оның өзі қамауға алынбапты. Оның үстіне, балтамен ұрған жігіттің жақындары қорқытып жатыр деп отыр.
Жәбірленуші Ислам Мырзахметов: «Аға-інілері шығып жатыр. Кешірім бер, болмаса, басыңа кірпіш түсіп кетеді немесе машина қағып кетеді деп қорқытады. «Қалада жүре алмай қаласың, Кентауда жүріп тұра алмай, жұмыс істей алмай қаласың, қоя сал» деді. 200 мың теңге ұсынды. Ол ақша маған керек емес, рас. Ондай кісілердің отыратын жері түрме. Бір апта өтті, бірақ Жандос бостандықта жүр. Тергелмеген», – дейді.
Полицейлер «Ислам ауруханада болған соң мазасын алғымыз келмеді. Істі қозғау сот-медицина сараптамасына байланысты. Яғни, қорытынды ауыр жарақат десе, қылмыстық іс қозғамақ, жеңіл десе, ары кетсе айыппұл саламыз», – дейді.
Кентау Полиция басқармасы бастығының орынбасары Бағлан Янкин: «Аталған оқиға бойынша жеңіл қылмыстық іс санатына жатады. Сол себепті қамауға алынбайды. Күдікті тарапынан қазір бізде түсініктеме алып, жауап алу хаттамасы алынған. Ал енді жәбірленуші тарапы  ауруханадан бүгін шығып отыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Денсаулығының ақауына байланысты қазір қосымша жұмыс жүргізіледі», – деді.
Ал балтамен шабуылдады деген директордың өзі жұмысында жоқ. Хатшысы бірнеше күнге іссапармен өзге өңірге кеткенін айтты. Ислам Мырзахметов айыптаған директормен телефон арқылы тілдестік. Бірақ Жандос Сабыров айыппен келіспейтінін,  ақ-қарасын тергеу мен сот қана айыратынын айтады. Шабуылды көрген қос куәгер бар екен. Оның бірі директордың туысы екенін айтса, екіншісі полиция қызметкері болған соң, ашық айтып бере алмайтынын айтады. Ал «іс жылы жабылып кете ме?» деген Ислам мәселені прокуратура қадағаласа деп отыр.