Nur Otan партиясы Атырау облыстық филиалы «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамдық орындарда жасалған жағдайлардың жай-күйін білу мақсатында арнайы рейд жүргізді. Іс-шараға қоғам белсенділері Гүлназ Қосмұрзиева және Есболат Балбаев та белсенді түрде атсалысты. Рейд кезінде «Береке» ықшамауданында жақында ғана қолданысқа берілген тұрғын үй кешенінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған заманауи көтеру, тасымалдау құрылғылары тексерілді. Алайда толық іске қосылмағаны анықталды. Құрылғы жұмыс істеуі үшін қуат көзіне қосылуы қажет екен. Сондай-ақ қолдану нұсқаулығы қойылмағаны да белгілі болды. Бұл үлкен қиындықтар туғызатыны анық. Теміржол вокзалы мен автовокзалдағы жағдай да мәз емес. Теміржол вокзалында ерекше жандарға арналған билет сату кассасы жұмыс істеп тұрған жоқ. Екінші қабатқа және перронға өту үшін сырт жақ бетте пандус қойылған. Бірінші қабаттағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған демалыс бөлмесі жоғары деңгейде жасақталғанымен, екінші қабаттағы демалыс бөлмесі стандартқа сай емес, ішінде арбамен қозғалу мүмкіндігі жоқ. Ал автовокзал алдындағы пандус қозғалуға ыңғайсыздық туғызатыны айтылды. Дамбы елді мекенінде орналасқан амбулаториялық емхананың пандусы арбамен қозғалуға ыңғайсыз. Сонымен қатар емхана ішіне ерекше жандарға арналған дәретхана орнатылмағаны да тексеріс кезінде анықталып, ескерту жасалды. Аталған іс-шара алдағы уақытта да жүйелі түрде жүзеге асырылады. Рейд қорытындысында байқалған олқылықтар партиялық жоба аясында шешімін таппақ. Әбілмансұр ЖАСАН