Аманжол Әлтаев: Саяси жүйе жаңара бастады
Аманжол Әлтаев: Саяси жүйе жаңара бастады
718
оқылды
– Президент ұсынған жаңа саяси ре­фор­­ма­лар еліміздегі саяси жүйенің жаңа­руын бас­тап, ішкі саяси тұрақтылықты нығай­ту­ға негіз болады, сонымен қатар «Әділетті Қазақстан» прин­ци­піне сай келеді. Ел билеу оңай емес. Мемлекет басқарушы тұлғаның білімі мен қа­бі­леті, тәлімі мен тәжірибесі, тәубесі мен тәуекелі, сабыры мен қа­нағаты, ары мен мінезі, мемлекетшіл ұстанымы, сая­сат­керлік деңгейі, дип­ломатиялық өрісі, бабалар аманаты мен ха­лық сеніміне адалдығы сынға түседі. «Президент өкілеттілігінің бір реттік 7 жыл мерзімі» Ата Заңның 91-бабына тасқа таңба басқандай өзгермейтін етіп енгізілуі Мем­лекет басшысының жаңа саяси реформасының бүгініміз бен ер­теңіміз үшін маңыз­ды екендігін аңғартады. Әртүрлі саяси амал-тә­сіл­дер арқылы Пре­зиденттік құзырлы тақта ұзақ отырудың алдын ке­седі, жо­ғарғы билік алаңында әділеттілікке жол ашады. Президентті 7 жылға бір мезгілге ғана сайлау механизмі Мемлекет басшысының жауап­кер­шілігін арттыра түседі, реформасын толық әрі нәтижелі жүзеге асыруға мүм­кіндік береді. Одан бөлек, бір адамның мем­лекеттік билікті мен­шіктеп алуына, Президенттің маңайында ықпалды топтардың пайда болуы­на жол бермейді. Саяси мо­нополияның болмауына да негіз бо­лады деп ойлаймын. Кешегі ескі билік жүйесінің ең басты қателігі – бір адам­ның билік тұт­қасында тым ұзақ отырғандығы болатын. 30 жыл бойы бір ға­на тұлғаның ықпалында болу ішкі саяси тұрақтылықтың бұ­зылуы­на, халықтың наразылығына алып келді. Мемлекет бас­шысының бүгінгі саяси реформасы осы қателіктерді қайтадан бол­дыр­мауға, демократиялық принциптің салтанат құруына, халық сені­мін нығайтуға қызмет етеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа саяси реформасы мем­лекеттің де­мократиялық даму жолын мақсат тұтады, әділетті би­лік ұстанымына ба­ғытталған. Егер нәтижелі іске асыра алсақ, «Тоқаев реформасы» де­ген атпен ел тарихында құрметті орын алатын болады. Тілі шыққан, зейіні қалыптасқан жеті жасар бала зейнет жасына жеткенше жеті пре­зиденттің дәуірін көзбен көре алады. «Ата Заңға өзгеріс керек емес» деп жүрген аза­мат­тарды осы тұрғыда терең ойлануға шақырамын. Әлем­дік гео­сая­си ахуал күрделеніп тұрған сындарлы кезең – мемлекет тағ­­дыры тығырыққа тірелмес үшін бәрімізге де үлкен жауап­кершілік жүк­тейді. Сондықтан да қаралауға емес бағалауға, бө­лінуге емес бірі­гу­ге, жала жабуға емес, әділетті болуға ұмтыл­ғанда ғана саяси мәдениеті қа­лыптасқан прогресивті қоғам, ір­гелі мемлекет қалыптастыра аламыз. Көз­қарасымыз, саяси пар­тияларымыз, ұстанымымыз, пікірлеріміз алуан түрлі болса да, мұратымыз бір болсын!