Сыр өңірінде көпқабатты тозығы жеткен тұрғын үйлерді қайта жаңғырту бойынша кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір облыс бойынша 1 222 көпқабатты тұрғын үй бар. Кешенді бағдарлама шеңберінде тозығы жеткен үйлерді қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қызылорда облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сәйкес, 2011 жылдың дерегімен жөндеуді қажет ететін 800 көпқабатты тұрғын үй анықталған. Соған сәйкес 2011-2014 жылдары «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту» бағдарламасы аясында жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар 2015-2020 жылдар аралығында «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасымен жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары істелсе, 2020-2022 жылдарға «Нұрлы жер – 2020-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынып отыр. Осы жұмыстарға республикалық бюджеттен 6,1 млрд теңге қаралған. Оған 193 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен 129,8 млн теңгеге 25 көпқабатты тұрғын үй жөнделсе, 533 млн теңге қайтарымсыз қаражат есебінен 17 үй күрделі жөндеуден өтіпті. Мемлекет қолдауымен үйлері жаңарған кейіпке енген тұрғындардың да ризашылықтары шексіз.
«Есенов көшесі бойындағы үйімізге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі туындап тұрғанына көп болды. Мемлекеттік бағдарлама аясында үйімізге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде тозығы жеткен үйіміз қайта жаңғыртылып, жаңарған кейіпке енді. Осындай игі бастамаларға мұрындық болған барша азаматтарға алғысым шексіз. Мемлекет қамқорлығының арқасында жайлы да жылы үйде тұрып жатырмыз», – деп алғысын білдірді Есенов көшесі 20А үйдің тұрғыны Мақсатбек Нұрадинов.Сол сияқты мемлекеттік бағдарламаның қамқорлығын сезінген тағы бір тұрғын – Нұрсұлу Қалмұратова да зор ризашылығын жеткізді.
«Ұзақ жылдар бойына жөндеу көрмей, жұпыны күйге түскен үйіміз биыл жаңарған кейіпке енді. Әктеу, сырлау жұмыстары талапқа сай жүргізілді. Қазір үйіміздің жөндеу жұмыстарының өте сапалы жүргізілгеніне қуаныштымыз. Үйіміздің сырт келбеті адам танымастай өзгерді. Қыс мезгілі жақындап келеді. Жөндеу жұмыстарын жылы мезгілде сапалы етіп жасап бергенімен ризашылығымыз шексіз. Енді қыстан қосылмай шығатын болдық. Бұл тұрғыда осындай игілікті іске мұрындық болған басшылық құрамға зор алғысымызды білдіреміз», – дейді аталған үй тұрғыны Нұрсұлу Қаныбекқызы.Жалпы, өңірде осындай жұмыстардың нәтижесінде күрделі жөндеуді қажет ететін кондоминиум нысандарының үлесі 2011 жылғы межедегі 800 үйден 565 үйге азайған. Яғни, күрделі жөндеуді қажет ететін көпқабатты тұрғын үйлердің үлес салмағы 73 пайыздан 43 пайызға дейін төмендеген. Ал биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен облыстағы көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге 18 үйге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы