Табысымыз неге тамақтан артылмайды?
Табысымыз неге тамақтан артылмайды?
Өткен аптада АҚШ-тың ауылшаруашылық министрлігі 104 мемлекеттің азық-түлік­ке қара­жат жұмсау көлемі бойынша рейтин­гін жасады. Қазақстан – 96-орында, азамат­тары­мыз табысының 45 пайызға жуығын тамаққа бөледі екен. Бұл – әлем бойынша ең нашар көр­сеткіштің бірі. Мұның себебі неде? Әне-міне, дамыған отыз елдің арасына кіре­міз десек те,  жалақымыз неге нан-судан аспай отыр? Сөз болған рейтингтің көшін АҚШ, Сингапур және Ұлыбритания бастап тұр. Бұл елдердің халқы күнделікті азық-түлігіне қаражаттың 6-8 пайыз ғана үлесін жұмсайды екен. Ал экономикалық одақтас деп жүрген Ресей мен Беларусь елі 28 және 32 пайыз ақшасын тоңазытқышты толтыруға бөледі. Бәлкім, бұл Американың өзін ұлықтау үшін әдейі шығарған рейтингі болар. Мүмкін, біздің көрсеткішімізді әдейі төмендеткен шығар? Жоқ, бұл мәліметті елдің Статистика комитеті де растайды. Олардың дерегінше, қазақстандықтар тамаққа жала­қысының 50 пайызын шығындайды. Ресейлік «Рейтинг» агенттігі 2 ай бұрын Еуропа елдерінің арасында дәл осындай тізім шығарған. Онда да біз көш соңында қалдық, ол кезде дастарқанды толтыруға еліміздің азаматтары ақшасының 46 пайызын жұмсайды делінген. Қысқасы, бұл рейтингтер бір нәрсені көрсетіп тұр. Біз табысымыздың тең жартысын қарын тойдыруға бөлеміз және бұл көрсеткіш бойынша Еуропаның да, әлемнің де соңындамыз. Ал сонда бұған дейінгі Ауылшаруашылық министрлерінің «Қазақстан өзінің азық-түлік қауіп­сіздігін қам­тамасыз етті», «Ең басты өнімдерді өзіміз өндіреміз» деп көкірек жырта көпіргені қайда қалды? Халықтың басым бөлігі тек тамаққа ақша жеткізу үшін ғана жұмыс істеп, өмір сүріп жатқан жоқ па? Бағаның өсу себебі. 2019 жыл­дың қараша айында Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің төрағасы Рустам Ахметов 1 жылда жалпы азық-түлік бағасы 10 па­йызға қымбаттағанын айтып, оның себебін түсіндірген. Мәселен, қа­ра­құмық – 70 пайызға, күріш – 31 пайызға, ұн – 30 пайызға, сиыр еті – 16 пайызға. Себеп неде? Сиыр саны азайды ма, күріштің бі­тік өсуіне су жетпей қалды ма? Мәселе – неде? Жоқ, даудың басы тағы да Еуразиялық экономикалық одақта екен. Қазақстан Ресей және Беларусьпен бір экономикалық кеңістікте болғаннан соң олардағы баға өсімі бізге де әсер еткен. Бұдан бөлек, биыл бидай аз өнім берген, сиыр тірі күйінде Өзбекстанға көбірек сатылып кеткен. Бұл – былтырғы себептер. Одан басқа сан жылдардан бері бәрі айтып келетін, бірақ шешілмеген фактор да бар. Ол – арадағы алыпсатардың көптігі, егінді ору жұмысының жоспарланбауы, өнімді дұрыс сақтамау, жеткізу жолдарының жүйеленбеуі.    width= Қарапайым сөзге салсақ, соңғы жылдары 60 теңге болған бір бөлке нан қазір дүкендерде 120 теңге тұрады. Бес жыл бұрын 1 200-1 500 теңгеге бағаланған сиыр етін қа­зір елорда базарында 2 300 тең­геге са­тып аласыз. Бір уақытта 200-250 теңге деп саудаланған қияр мен қы­занақ қыс уақытында 1 200 теңгеге жетіп жығылады. Яғни, пайызға шақсақ, 200-250 пайыз қымбаттаған тауар түр­лері жиі кездеседі. Ал бірақ қа­зақ­стандықтардың табысы соңғы жыл­дары осынша есе көбейді ме? Оған жауапты өзіңіз беріңіз. Қысқасы, жоғарыда сөз болған Рустам Ахметов қазақстандықтар азық-түлікке неге табысының тең жартысын жұмсайтынын түсіндіріп берді. Алайда тапқан әр теңгесін санап отыратын отандасымызға шенеуніктің түсініктемесінен гөрі арзан азық анағұрлым қажет, яғни нәтиже керек. Енді сол Ахметовтің берген дерегіне көз жүгіртейік. Егер көлік пен жанармай, азық-тү­лік бағасы Ресейдегі бағаның әсерінен үнемі өсіп отырса, біз Еу­разиялық экономикалық одаққа неге мүше болдық? Өкінішке қарай, бізге бұл сауалды ешкім қоймады. Парламент кезінде бір күнде бір кісідей жаппай дауыс берді, «нәтижесін» енді кө­ріп жатырмыз. Ал Ахметовтің алып­сатардың көптігі, сақтау қоймасы­ның жоқтығы, логистиканың жүйеленбеуі деген түсініктемесін түсіну қиын. Неге? Себебі 2007-2008 жылдары отандық азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі кеңінен талқылана бастағанда дәл осы факторлар бағаның өсуіне ықпал етіп отырғаны айтылатын. Сонда арада 11-12 жыл өтсе де, ол түйт­кілдің шешілмеуінің себебі неде? Әлде олардың шешілуіне қарсы мүдделі лоббистер бар ма? Шешілмеген ескі мәселе. Эко­номикалық зерттеулер институ­тының жетекшісі Руслан Сұлтанов­тың пікірінше, азық бағасының өсуіне ортадағы алыпсатарлар мен тауар жеткізушілер қатты ықпал етеді. Олар әдетте сауда-логистика жүйесі жабық болғанда пайда болады. Сарапшының пі­кірі­мен келіспеуге амал жоқ. Жеміс, кө­көністерді ұзақ сақтау қойма­лары өз алдына бөлек ше­шіл­меген мәселе. Аталған түйткіл­дерді тарқату үшін кезінде әр өңірде әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­по­рацияларды құрды. Олардың бюд­жеттері де ауқымды. Бүгінде олар не істеп отыр? Өкінішке қарай, ірі қалалардағы азық бағасын реттеуге ол ұйымдардың әсері бар деп айтуға ауыз бармайды. Себебі базардағы сатушылар жеміс-жидек, көкөністің елдің оңтүстігінен не Өзбекстаннан, не Қытайдан келгенін айтады. Ал ірі супермаркеттер кейбір жеміс түрлерін тек шетелден алды­ра­тынын тауар белгісінен байқауға болады. Сонда әлгі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың рөлі не? Олар бюджет қаражатын қайда жұмсап жатыр? Оғаш әдіс. Олар түк істемейді демейміз. Істейді. Бірақ амалының тиімділігіне күмән көп. Мәселен, 2019 жылы Алматы қаласы әкім­дігі Magnum Cash and Carry супер­маркеттер желісіне 1 млрд 780 млн теңге берген. Мақсат – дүкен белгілі уақыт аралығында пияз, картоп, сәбіз, орамжапырақ бағасын 10-30 теңгеге арзан сатуы тиіс. Мұндай уақытша шаралар тиімді ме? Magnum бағаны белгілі мерзімге дейін ұстап тұрады. Ал кейін ше? Тағы 1 млрд 780 млн теңге сұрай ма? Басқа супер­мар­кет­тегі, базардағы, шағын дү­кендегі баға ше? Оларды әкімдік қалай бақыламақ? Бәлкім, бюджет ақшасын супермаркеттерге тарат­қаннан гөрі сол пияз, картоп, сәбіз, орамжапырақты өсіретін шаруа қожалықтарына субсидия не басқа да қаржылық инструмент ретінде беріп, бәсекені арттырып, бағаны нарықтың күшімен ұзақ мерзім қалыпта ұстаған тиімді емес пе еді?  width= Ғажап Нидерланд агросекторы. Азық-түлік бағасы геометриялық прогрессиямен өскен соң аталған түйткілді өзге елдер қалай шешіпті деген сауал амалсыз туындайды. Алдымен назар Нидерландқа түседі. Себебі жер көлемі бар болғаны – 41 мың шаршы шақырым. Елі­міз­дегі жер көлемі ең кіші өңір – Сол­­түстік Қазақстан облысына екі Нидерланд сыйып кетеді. Міне, осы ел қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан Еуропада көшбасшы, әлем бойынша АҚШ-тан кейін екінші. 2019 жы­лы агросектор өнімдерін экс­порттаудан 102,3 млрд доллар тапты. Бұл – өте үлкен жетістік. Ендеше аталған шағын ел оған қалай жетті? Әрине, ғылым мен тех­нологияның арқасы. Егер қа­тардағы фермерлер жарты гек­тар жерден 9 тонна картоп алса, мұнда 20 тонна алады. Бұл елде жер жыртқан фермерді кез­дестіру қиын. Себебі көбіне трак­тор ав­тономды басқарылады. Ал көк­тегі квадракоптерлер топырақтың құнары мен ондағы су мөлшері туралы ақпарды фермердің компьютеріне жіберіп тұрады. Нидерланд мұндай деңгейге Ва­генинген университеті мен от­басылық ірі шаруа қожалық­та­рының көмегімен жеткен. Өйткені бұл мемлекеттің агросекторында ғы­лыми жетістіктер кеңінен қол­да­нылады. Оған қоса, бұл елдегі ірі 25 агрокомпанияның 8-і өнімдерді терең өңдеумен айналысады. Бұл – пайданы еселеп әкелетін сала. Ол үшін өздері 60 млрд доллардың агротауарын сатып алады. Кейін оны терең технологиялық өңдеуден өткізіп, құнын арттырып, өзгелерге экспорттайды. Нидерланд тек дайын өнімдерді ғана экспорттамайды, сондай-ақ жемістердің дәні мен тұқымын (1,8 млрд доллар), агротехниканы (9,8 млрд доллар) да сатады. Ал ең көп пайда әкелетін – сүт өнімдері мен жұмыртқа, ет, көкөніс және түрлі жемістер. Әр бағыт кемі 6-8 млрд доллар пайда әкеледі. Сондай-ақ Нидерланд – гүлдер мекені. Былтыр гүл экспортының көлемі 10,2 млрд долларға жетті. Сөз соңында. 18-19 ғасырда ғұмыр кешкен француз кулинары, философы Жан Антельм Брийе-Саварен «Ұлттың тағдыры оның тамағына байланысты» деп қысқа түйіндепті. Біздің халықтың тағ­дыры болмаса да, отбасылық бюджет шығыны, денсаулығы, мәдени деңгейі жанама түрде азық-түлік бағасына байланысты десек, ағаттық болмас. Себебі 2 ай бұрынғы рейтингте халқымыз табысының 47 пайызын тамаққа, ал мәдени салаға бар болғаны 1,8 пайызын жұмсайтынын көрсетті. Бұған дейін Үкімет азық-тү­лік бағасын бақылау үшін та­лай бағдарламаны іске қосты. Әкім­дерге де ұрысып тұрады. Бірақ шаруа қожалықтары субсидия мен несиені қажетті деңгейде алып, өнімнің саны мен сапасын арт­тырып, баға бәсекенің арқа­сында әрі нарықтың күшімен рет­телмесе, мемлекеттік-әкімшілік инструменттер тиімді болмай тұр... Ал Үкімет қаласа, жауыр болған арадағы алыпсатарлар мәселесін түбегейлі шешуге қауқары жетеді-ақ. Әрине, егер қаласа.   Нұрмұхамед БАЙҒАРА