Қазақстанда Ресей мен Украинадан тасымалданатын тауарлар тапшы
Қазақстанда Ресей мен Украинадан тасымалданатын тауарлар тапшы
Фото: news.myseldon.com
274
оқылды
Қазақстанда тұрмыстық химия мен гигиена тауарларымен тапшылық сезіле бастады. Себебі, елге осы өнімдердің 70 пайызы Ресей мен Украинадан тасымалданады. Ал геосаяси ахуалға байланысты Ресейдегі зауыттар мен дистрибьюторлық компаниялар жабылған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады. Шикізаттың жоқтығынан талай кәсіпорын да жұмысын тоқтатты. Қазақстандағы ірі сауда орындары ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін басқа елдің тауарларына көштік деп отыр.
Супермаркет желісінің PR-менеджері Артём Крылов: «Иә, расымен түрлі себепке байланысты тауар уақтылы келмей, қиналдық. Бұған геосаяси ахуал тікелей байланысты. Қазақстанға көптеген зат, оның ішінде тұрмыстық техника Ресейден тасымалданады. Санкция салына бастағанда брендтер бұл елден кете бастады. Біз Ресейден келмей қалған тауарларды басқа елдің өнімімен алмастырдық. Ең басты мақсатымыз – тұтынушыларға өнім ұсыну. Тапшылық болғанын жасырмаймын», – деді.
Қазір елдегі тұрмыстық заттар сататын дүкен сөрелері босап қалған. Кәсіпкерлер ақпан айынан бері сабын, кір жуатын ұнтақ, ыдыс-аяқ жуатын сұйықтық, шашқа арналға бояу сынды Ресейден әкелінетін гигиена өнімдері жоқ екенін жеткізді. Балаларға арналған тағамдар, әйелдердің гигиеналық заттары мен косметикасы да едәуір азайыпты. Табыстан қағылмас үшін бизнесмендер отандық және Беларусь, Өзбекстан, Түркия сынды мемлекеттердің өнімдеріне тапсырыс беріп амалдауға көшкен. Соған қарамастан ішкі нарықта Украина мен Ресейден әкелінетін тауарлардың үлесі басым екен. Олардың орнын толық толтыруға уақыт керек. Сондықтан дүкен сөрелерінде бұрынғыдай таңдау жоқ. Ал баға тағы қымбаттаған. Отандық өнім ішкі нарықты қамтамасыз етуге қауқарсыз.