Мұнай саласының мәселесі назарда

Мұнай саласының мәселесі назарда

Соңғы кездері Қызылорда облысында мұнай өндіру көлемі күрт төмендеп кеткені байқалады. Қара алтынды өндіруде туындаған бұл қиындықтарды еңсеруде өңірде ауқымды жұмыстар атқару қажеттілігі туындап тұр. Соған орай Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ірі мұнай компанияларының бірі «Саутс ойл» мекемесінің басшысы Серікжан Сейітжановты қабылдап, өңірдегі мұнай-газ саласының бүгінгі жағдайы мен негізгі мәселелерін талқылады. Облыс әкімі аймақта жылдан-жылға мұнай өндіру көлемі кеміп жатқанын алға тартып, геологиялық зерделеу жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, газ өндіру ісіне басымдық беру арқылы табыс көлемін түсірмеу қажеттігін атап өтті. Бүгінде республикалық бюджет есебінен Шу-Сарысу мен Арал шөгінді бассейндерін геологиялық зерделеу жұмыстары жүргізілуде.  Сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ арқылы тереңдігі 5.5 мың метр ұңғыманы бұрғылау жұмыстары бастау алды. Бұған қоса «Кенқияқ – Атырау» реверсінің өткізу қуатын жылына 6 млн.тоннадан 12 млн.тоннаға дейін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде мұнай көлемінің орнын толтыруға, әрі қарай оның көлемін ұлғайтуға және жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік береді. Кездесуде Серікжан Сейітжанов компанияның негізгі қызмет бағыттарына тоқталып, биылғы жылдың 9 айында 257,3 мың тонна мұнай өндірілгенін тілге тиек етті. Басқосу соңында облыс әкімі жұмыс орнын қысқартпау, жұмысшылардың жалақысын кезең-кезеңімен көтеру және салық базасын ұлғайтуға баса мән беру керектігін назарға салды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ

Қызылорда облысы