Университет студенттерінің өз үйі бар
Университет студенттерінің өз үйі бар
Ауылдан білім қуып келген студент үшін басты қажеттілік жатын орын екені белгілі. Алайда, өкінішке орай жатақханаға қол жеткізу барлық студентке бұйыра бермейді. Өйткені студенттер көп, ал жатақханадағы орын әдеттегідей жеткіліксіз. Бұл бүгін ғана емес, бірнеше жылдан бері көптің көкейін күпті еткен мәселе. Әсіресе соңғы жылдары пәтерақының шектен тыс қымбаттауынан бұл жәйт тіпті күрделеніп, ушыға  түсті. Жасыратыны жоқ бүгінде, студент жастарымыздың көше кезіп, пәтерден - пәтерге көшіп, вокзалдарда түнеп немесе мешіттерге барып көмек сұрауға мәжбүр болып жатқанын да көріп жүрміз. Бұл мәселенің күрделенгені соншалық ата-аналар шу шығарып, телеарналарда, әлеуметтік желілерде өз наразылықтарын білдіруде. Күрделенген мәселе еліміздің үлкен қалаларында әсіресе Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында орын алуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да жуырда өзінің халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында бұл мәселеден сырт айналып кетпеді.
«Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ, барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болуы шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн» деп атап өтті.
Ал, ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің өзі де журналистерге берген сұхбатында «мемлекеттік немесе жекеменшік меншік иесіне қарамастан бұдан бұлай ЖОО басшылары өз студенттерін жатақханамен қамтамасыз етпесе, мамандықтар ашуға лицензия берілмейді», деп ашық айтты. студент Шымкент қаласындағы академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің құрылтайшылары осынау мәселелерге дер кезінде үн қосып, заман талабына сай 289 орындық «Студенттер үйін» тұрғызды. Бұл игі іс студент жастарымызға университет тарапынан жасалған керемет сый болды. Аумағы 10.256,2 шаршы метрді алып жатқан 6 қабатты жаңа жатақхана 81 бөлмеден тұрады. Студенттер үшін барлық жағдайы жасалып, соңғы үлгідегі талаптарға сай салынған жатақхананың 2,4 және 6 орындық бөлмелері бар. Студенттер үйі бейне-бақылау камерасымен, Wi-Fi арқылы ақысыз жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтылған.  50 орындық асханасы, 2 жаттығу залы, кітапхана, студенттер жұмыс істейтін 2 бөлме, спорт алаңы, 71 жуынатын бөлмесі, медициналық бөлме және мүмкіндігі шектеулі азаматттарға арналған жолақ қарастырылған. Жатақхананың сыртқы алаңы да жастар үшін демалатын орындықтармен қамтылып,  жасыл желектермен және арнайы гүлзарлармен көкалдандырылған. Бүгінде университет жатақханасында  оқу орнының студенттері мен магистранттары орналысып,  жайлы да, ыңғайлы бөлмелерде тұрып жатыр. Еліміздегі жеке меншік оқу орындары арасында  мұндай заманауи үлгіде салынған жатақхана әзірге санаулы ғана. Білімге құштарлығы жоғары жастарымыздың сапалы білім алуына оқу орындары мүмкіндігінше барлық жағдай жасауы тиіс  деп ойлаймын. студент Өйткені, ізденімпаз жастар талғамы жоғары болғандықтан ешбір кедергісіз сапалы білім алғысы келеді және олардың әлеуметтік мәселелері де толық шешілуі керек. Бүгінде біздің оқу ордамызда осылайша студенттеріміздің сапалы білім алуларына барлық жағдайлар қарастырылып отыр. Енді Мемлекет басшысы атап өткендей   оқу орындары құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін енгізуді жеделдетсе осынау мәселе біртіндеп шешімін тауып қалар.

Бердіқұл САДЫҚОВ,

Академик Ә. Қуатбеков атындағы

Халықтар достығы университетінің тәрбие

және әлеуметтк істер жөніндегі проректоры.