Жұлдыз Сүлейменова: Президентті бір мерзімге сайлау – билік монополиясының алдын алады

Жұлдыз Сүлейменова

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің кезектен тыс сайлауын 2022 жылдың 20 қарашасына белгілеу туралы Жарлыққа қол қойды. Осы ретте Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Президентті бір мерзімге сайлауға қатысты пікір білдірді.

«Осы жолғы Президент сайлауы – соңғы 3 жылда жүзеге асырылған саяси реформалардың негізді жалғасы. 2019-2022 жылдары Президенттің саяси бастамаларының мазмұнды және ауқымды пакеті заңнамалық деңгейде жүзеге асырылды. Президент 1 мерзімге ғана сайланады. Бұл – билік монополиясын болдырмайды. «Әділетті Қазақстан» құру жолында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік трансформацияны толыққанды әрі нәтижелі жүзеге асыру үшін Президентке жаңа сенім мандаты қажет. Жаһандық саясаттың күрделі кезеңінде Президентті демократиялық жолмен сайлау халықты мемлекетшілдік мүддеге ынтымақтастыруға және халықты біріктіруге бағытталған. Сайлау елімізде жүзеге асырылған Конституциялық реформалардың қорытындыларын бекітеді және әлеуметтік-экономикалық саладағы реформаларды жалғастырып, нәтижелерін айқындайды.

Бұдан өзге  Қазақстанның жаңа тарихында алғаш рет сайлаудың өтетін мерзімі саяси сарапшылармен алдын ала болжанды. Президенттің кезектен тыс сайлауы туралы Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында мәлімдеді. Ал Жарлыққа бір айға жуық уақыт өткенде қол қойылды. Барлық саяси күштердің сайлауға дайындалуға, қоғамдық талқылау өткізуге және алдын ала стратегияларын айқындауға уақыт жеткілікті болды деп ойлаймын. Ал бұған дейінгі саяси дәстүр бойынша кезектен тыс сайлаудың уақытын жариялау мен Жарлыққа қол қою бір күнде болатын. Сонымен қатар  Президент алдағы Парламент сайлауының уақытын кем дегенде алты ай бұрын айтып отыр. Барлық саяси күштердің алдағы Парламент және мәслихат сайлауларына дайындалуға жеткілікті уақыты бар.

Қазіргі халықаралық және өңірлік қақтығыстарды ескере отырып, әсіресе посткеңестік кеңістікте болып жатқан жағдайларда мемлекеттілігімізді нығайту ерекше өзекті.

Демократиялық жолмен орныққан саяси жүйе институттарын трансформациялау – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік. Президент сайлауы – халық бірлігін нығайтуға, азаматтық қоғамды және билікті үйлесімді әрекет етуіне ықпалдастырады. Демократиялық және орнықты жаңа саяси мемлекеттік басқару институттарын қалыптастыру – еліміздің тұрақтылығын және тұтастығын, оның сыртқы және ішкі сын-қатерлерге мойымай, төтеп беруін арттырады», – деді Мәжіліс депутаты.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.