Қазақстанға Ресейден ағылған адамдардың саны азаяр емес. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі екі ел арасындағы 30 бақылау-өткізу пунктінде жүздеген көлік кептелісте тұрғанын растады. Ал телеграм-каналдарға лап қойған ресейліктер қалай болса да Қазақстанға жетудің амалын қарастырып, он мыңдап тіркеліп, бір-бірінен ақыл-кеңес сұрап жатыр. Ulysmedia.kz тілшісі сондай арналарды шолып шықты.
«Бұл – өмір үшін күрес секілді. Пацифитспін. Менің еліме біреу шабуыл жасаса, қолыма қару алып, соғысар едім. Ал қазір кәрі маразматиктің имперлік геосаяси амбициясы үшін соғысқым келмейді. Ол аз десеңіз, туған-туыстарымның жартысы Украинада. Кімге қарсы соғысам? Ең бастысы, не үшін? Сол себепті ең негізгі шешім – миграция. Бізде соғыс немесе түрме деген жол бар. Қайда барамыз?» – дейді ресейліктердің бірі.«Қазақстанда ресейліктер өздерін қалай ұстауы керек» деген сұраққа да бас қатырып жатқандар көп. «Ең бастысы, осы жерде баяғыдан тұрып келе жатқандай еркін жүре берейік, бізге ешкім тиіспейтін шығар» дейді біреуі.
«Бізді аяңыздар, көмектесіңіздер» деп жатқандар да бар. Телеграм-арнаға пікір қалдырғандардың бірі «біз жетімбіз, ресейліктер – әке-шешесі көшеге лақтырып тастаған бала секілді» дейді.
«Шекара қызметі мемлекеттік құзыретті органдармен бірлесіп, шекара арқылы өту орындарында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуде. Ресей шекара ведомствосымен өзара бірлескен іс-қимыл ұйымдастырылды»,– делінген Шекара қызметінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.