«AMANAT» партиясы Тараз қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мен Мемлекеттік басқаруды дамыту және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестерінің бірлескен отырысы өтті. Отырыста көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту жұмыстарының барысы және азық-түлік тауарларының бағасын реттеуге байланысты қолданылған шаралар туралы мәселелер талқыланды. Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан жүргізілген рейдтер кезінде жұмыстардың сапасы мен азық-түлік бағасына қатысты анықталған жағдайлар бойынша ұсыныстар мен тиісті сала басшыларының есептері тыңдалды. Кеңес мүшелері тарапынан азық-түлік бағасына қоғамдық бақылау жүргізу кезінде картоп, пияз, жұмыртқа секілді әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасында 5-10 теңге аралығында өзгерістер байқалғандығы айтылды. Сондай-ақ кәсіпкерлік саласының басшылығына заң талаптарына сәйкес сауда орындары өкілдерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізу және тауар қымбаттауына жол бермеу бағытында шара қабылдау мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныс берілді. Мұнымен қоса, жиын барысында көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту жұмыстары жөнінде де бірқатар мәселе көтерілді. Бүгінде Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1406 көппәтерлі тұрғын үй бар. Олардың 1192-сі кондоминиум нысаны ретінде Әділет басқармасында тіркелген. Биыл қала аумағындағы 58 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жиын соңында атқарылған жұмыстардың сапасына қоғамдық бақылау тұрақты түрде жүргізіліп тұратындығы айтылды.
Азат ҚАЗАҚ