Жылу беру маусымына жақында ғана тұста әлеуметтік нысандарда коммуналдық жүйелердің апаты мен ақауларын болдырмау аса маңызды. Бұл тұрғыда қыс мезгіліне қысылмай кіру үшін тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізу қажет. Соған орай Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала, аудан әкімдері және сала басшыларымен бірге жылу беру маусымына дайындық мәселелерін пысықтады. Жиында Қызылорда облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов алдағы маусымға дайындық барысын баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына әзірлігі 100 пайызға жақын. Негізінен, облысқа алдағы жылу беру маусымына жоспар бойынша жалпы 176,1 мың тонна көмір қажет. Оның ішінде тұрғындар 142,5 мың тонна, әлеуметтік нысандарға 33,6 мың тонна қатты отын тұтынады. Бұл тұрғыда аймақ басшысы тиісті орындарға алдағы жылу беру маусымы іркіліссіз жүруі керек екендігін қатаң ескертті. Сондай-ақ әкімдер уақыт оздырмай, көмірдің 3 айлық қорын алдын ала жасап алуы қажет екендігін жеткізді. Сонымен қатар жанар-жағармайдың тиісті көлемде жеткізіліп, бекітілген бағада босатылуын бақылауға алуын міндеттеді.
«Жыл сайын ауа райы суытқан кезде облыс орталығындағы көмір қоймаларында қатты отынға сұраныс артып, халық арасында қарбалас туындайды. Тұрғындардың шағымы көбейеді. Мұны болдырмауымыз керек. Себебі қалаға жақын орналасқан Сырдария, Жалағаш, Шиелі аудандары өздеріне қажетті көмірді қаладан тасымалдайды. Биыл да осы көрініс қайталануы мүмкін. Өйткені аудандарда отын қоры әлі де аз. Осы мәселеге жете көңіл бөліңіздер!» – деді облыс әкімі.Сондай-ақ облыс әкімі көмір қорын жеткізуде Арал, Жалағаш, Сырдария аудандарының көрсеткіші көңіл көншітпейтінін айтып, әкімдерге 1 қазанға дейін жұмысты үйлестіруді қатаң тапсырды. Отырыста облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетұлы қала, аудандардағы көмір қорына деген қажеттілік пен нақты жұмыстарды тізбелеп, қатты отынды тасымалдау мәселесіне тоқталды. Жиында коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердегі қарыз берешегі мәселесі де ашық талқыланды. Бұл тұрғыда аймақ басшысы жұмысты тиімді ұйымдастыра алмай отырған сала басшыларын сынға алып, төлем түсіру мәселесіне жеткілікті деңгейде мән беріп, жұмысты жандандыру қажет екенін мәлімдеді. Сондай-ақ білім, мәдениет, денсаулық сақтау салаларындағы нысандардың жылумен қамту процесінде ақау туындамауы керек екенін ескертті.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы