Тоқсан жылдық тарихы бар Біржан сал ауданындағы Баймырза ауылында да ауызсу мәселесі шешімін тапты. Ауылда су құбырлары желісін тарту және жаңарту «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылған. Бүгінде ауылдың екі жағынан ұзындығы 4 шақырымдық ұзын құбырлар төселген. Ауыл әкімінің айтуынша, Баймырзада 76 құдық салу жоспарланып отыр. Қазір оның алтауы салына бастаған.
«Су құбыры осыдан 50 жыл бұрын салынған. Әр таяқ тастам жерде колонкалар қойылып, тұрғындардың қажеттілігін қанағаттандырып тұрған. Дегенмен тұрғындар ауылда болса да қаладағыдай жайлы жағдайда үйлеріне суды кіргізіп алып, өмір сүргенді қалайды. Су құбырын салу осыдан бірнеше жыл бұрын жоспарланған. Ауыл тұрғындары аудан әкімінен су мәселесін шешуді сұраған. Міне, көптен күткен ауызсу да ауылға жететін болды», – дейді ауыл әкімі Әлия Сәдуақасова.Осыған дейін ауылдағы суды халық тек шаруашылық үшін қолданатын. Жөндеуден кейін жұрт таза ауыз суға қол жеткізбек. Орталықтандырылған су жүйесіндегі судың сапасы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға толықтай жауап беріп, халықтың ауыз суы мен шаруашылықта пайдалануына мүмкіндік берілмек. Қазір суға арналған екі резервуар қоймасын салу мен электрмен жабдықтау жұмыстары қалған. Бүгінде Баймырза ауылда 494 адам тұрып жатыр. Ауылдағы ағайын елде болатын оң өзгерістерге қатты қуанған.
«Ауыл тұрғындарының көбі – төрінен көрі жақын қарт адамдар. Олардың көпшілігі туып-өскен ауылын тастап қалаға көшкісі келмейді. Толықтай сапалы ауызсу тартылғаннан кейін талай жыл қиындық көрген ауылдың жағдайы да жақсаратыны сөзсіз. Біздің бәріміз де ыңғайлы әрі жайлы жағдайда өмір сүргіміз келеді. Әсіресе, қария адамдардың суды тасып ішуге қауқары да жоқ. Сондықтан бұл біз үшін аса қуанышты хабар. Тезірек қосылуын күтіп жүрміз», – дейді Баймырза ауылының ақсақалы Ерік Шаймерденов.Мердігер ұйымның ақпаратына сенсек, ауызсу осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Желтоқсан айында барлық жұмысты аяқтау жоспарланған.
Ақмола облысы