«Қазақстан – алманың отаны» деп жатамыз. Бірақ ішкі нарықты 100% өзіміздің бау-бақша өнімдерімен қамтуға толық мүмкіндік бола тұра, оны шеттен тасимыз. Неге? Тіпті, консервілеу жұмыстарында да проблемалар аз емес. Бұл тұрғыда Үкімет тарапынан не істеліп жатыр? Жалпы еліміздегі алма шаруашылығы қалай дамуда? Сараптап көрген едік. Мемлекеттен көмек аз емес Қазақстанның табиғаты да, жер құнары да алма өсіруге өте қолайлы. Алма ағаштарын еліміздің қай түкпірінде де кездестіретініміз сондықтан. Әсіресе, оңтүстік пен шығыс өңірі «жұмақ жемісіне» бай. Жетісудың жер жәннаты деп аталуы да осы алмадан шықса керек. Бау-бақшалар тек суармалы жерлерде өнетіндіктен, Ауыл шаруашылығы министрлігі оның аумағын ұлғайту үшін ұзақ жылдардан бері кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Ол жұмыстарға, сондай-ақ, көшет өсірілетін питомниктерді дамыту, дайын өнімді сақтайтын жерлердің және қайта өңдеу өнеркәсібінің өндірістік қуатын арттыру, саланың фитосанитариялық жай-күйін жақсарту және тағы басқалар да жатады. Бақша алаңдарын ұлғайту кезінде үнем мақсатында тамшылатып суару жүйелерін енгізу ұдайы назарда. Ал көшеттермен қамтамасыз етуде отандық аграрлық ғылымды жұмылдырылуда. 2021 жылғы 1 қарашадағы Жер балансының деректері бойынша республикада 2,251 млн га-дан астам суармалы жер бар екен. Оның 1,8 млн гектары, яки 80,4%-ы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің құрамында, 229,2 мыңы, яки 10,2%-ы – босалқы жерлерде, 180,4 мыңы, яки 8,1%-ы – елді-мекендердің ішінде. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша алма ағашының алаңы 2015 жылғы 31,6 мың гектардан 2021 жылы 36,0 мың гектарға дейін, жалпы жиын-терім 2015 жылғы 147,6 мың тоннадан 2021 жылы 262,8 мың тоннаға дейін, өнімділік үлесі 2015 жылғы 57,2 ц/гектардан 2021 жылы 81,3 ц/гектарға дейін ұлғайтылған екен.
«Алма шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың ауқымы кең. Бірінші кезекте бұл субсидиямен байланысты. Мәселен, қарқынды жеміс беретін алма бағын өсіру кезінде, жеміс-жидек дақылдары мен жүзімді отырғызу кезінде, сондай-ақ жеміс сақтау қоймаларын салу және кеңейту кезінде салынған инвестициялардың 25%-ына инвестициялық субсидия беріледі. Одан бөлек элиталық көшеттерді сатып алу, органикалық түрлерін қоспағандағы тыңайтқыштардың құны, пестицидтердің, биоагенттердің, яки энтомофагтардың құны, өсімдіктерді қорғау мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуге арналған биопрепараттар мен су беру қызметтерінің құны, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу шығындары субсидияланады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің барлық бағыттары үшін айналым қаражатына берілетін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесіне де 5%-дық субсидия қарастырылған. Одан бөлек, ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жүргізіледі», – дейді АШМ өкілі Дамир Егізбев.Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2021 жылы 9,3 мың тонна жеміс консервіленіп, 14 мың литр алма шырыны өндіріліпті. Былтыр жемістерді қайта өңдеу өнімдерінің 2 606,6 тоннасы экспортталған болса, импорт 56,7 мың тоннаны құраған. Бұл ретте ішкі тұтыну үлесі – 18,2 мың тонна. Республикамызда өндірістік қуаты жылына 111,7 мың тоннаны құрайтын жемістер мен көкөністерді қайта өңдеу жөніндегі 36 кәсіпорын бар болса, оның 8-і алма өңдеумен айналысады. Олар Алматы облысында – «Есік жеміс консерві зауыты» ЖШС, «Мұханов» ЖК, «Керуен» агрофирмасы» ЖШС және Түркістан облысында – «Жаңа Ақдала» агрофирмасы» ЖШС, «Аят» ЖШС, «Мырзаханов А» ЖК, «Бәйтерек-4» ЖШС, «Арсен-Ас» ЖШС. Осы кәсіпорындардың жүктемесі небары 37%-ды құрайды. Оның негізгі себептері: өндірістің ұсақ тауарлығы және тиісті шикізаттың болмауы, жабдықтарының әбден тозуы, айналым қаражатының жетіспеушілігі, шикізат өндірісінің маусымдылығы, шикізатты сақтау қоймаларының болмауы, арзан импорттық аналогтармен салыстырғанда баға бойынша бәсекеге қабілетсіздігі.
«Бүгінгі таңда 500 гектарға жуық жер теліміне бау-бақша салып отырмыз. Оның ішінде алмадан бөлек алша, шабдалы, жүзім сияқты басқа да жеміс ағаштары көп. Шаруамен айналысқаныма 15 жылдың жүзі болды. Шаруа бастағаннан-ақ мемлекет тарапынан үлкен көмек берілді. Министрлікке алғыстан басқа айтарым жоқ. Ондай көмекті еліміздегі бау-бақша шаруа қожалықтарының барлығы да алып отыр. Міне осынша жылдан бері биыл республика бойынша бірінші рет ішкі нарықты 100 пайыз толық қамтитындай дәрежеге жетіп отырмыз. Мәселен, халқымыздың алмаға сұранысы 500 мың тоннадай делік. Қазір еліміз бойынша алма бақтарының аумағы 40 мың гектардан асып отыр, табиғаттың қолайлы болғанының арқасында биыл гектарына орташа есеппен 10-12 тонна өнім жинаймыз деп күтіп отырмыз. Бірақ, мәселе, алманы өсіру мен жинауда емес, сақтау және өткізуде болып тұр. Өйткені бірінші кезекте Польшадан, одан кейін Түркия, Мысыр, Иран, Қытай және тағы басқа елдерден келетін импорттық алмалар көп. Шындығына келгенде, шеттен келетін алмалар ұзақ сақталуы үшін химиялық жолмен өңделеді. Ал біз ешқандай қоспасыз, өңдеусіз табиғи таза алмаларды ұсына аламыз. Тағы бір мәселе, көтерме саудагерлер бізден алманы 100-150 теңгеге алып кетеді. Егер олар тіке дүкен сөресіне апарса, ол әрі кетсе, 200-250 теңге болуы тиіс еді. Бірақ қазір өздеріңіз білесіздер, 500 теңгеден арзан алма жоқ. Сондықтан да мен ритейлдарды бау-бақша бағбандарымен тікелей жұмыс істеуге шақырамын. Екінші мәселе, Үкімет отандық алма өндірушілерді қорғап, биылдан бастап импортты түбегейлі жауып тастау керек. Өйткені ендігі жерде ішкі нарықты қамтуға толық дәрменіміз жетеді», – дейді Нұрлан Амангелдіұлы.Бағбанның көтеріп отырған тағы бір мәселесі – алманы сақтау. Мемлекеттік қолдаудың арқасында елімізде алма сақтайтын тоңазытқыш қоймалар жеткілікті екен. Тек олардың ішіне алманы текшелеп жинайтын контейнерлердің бағасы қымбаттап кеткен. Елімізде ондай контейнер шығаратын Алматыда жалғыз ғана зауыт бар. Солар контейнердің бағасын биыл 45 000 теңге етіп қымбаттатып жіберген. Бір бағбанға жоқ дегенде 1000 контейнер керек десек, 45 миллион теңге шығынның құлағы қылтияды. Бұған дейін бұл контейнерлер 20-22 мың теңгенің көлемінде сатылып келген екен. Оның үстіне ол контейнерлердің саны биыл жетпейді.
«Осы жолы Астанаға алма мәселесін тиісті органдардың қаперіне жеткізу үшін арнайы келдім. Соның ішінде, «Атамекен» ҰКП-не, Ұлттық экономика министрлігіне, Сауда және интеграция министрлігіне ұсыныстарым бар. Олар – импортқа шектеу қоюдан бөлек, контейнер шығарушыға субсидия беру, Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін Агрокредиттік корпорациялардың жеңілдікпен несиелеу бағдарламалары арқылы айналым қаражатымен қамтамасыз ету, Сауда және интеграция министрлігіне және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, алмаларды қолжетімді бағамен өткізу мәселесін жолға қою, Қазақэкспорт арқылы көрші елдерге алма экспортын жолға қою, алма жиналғаннан кейін оның 20-30%-ын қалдықтары мен тауарлық жарамсыздары құрайды. Соны қайта өңдеу, малға жем ретінде болса да кәдеге жарату. Ал бұл дегеніміз, еліміз бойынша алғанда 100 мың тоннаның жобасын құрайды», – дейді «Қазақстан бақтары» консорциуымының төрағасы Нұрлан Құралов.Сондай-ақ алма бағбаны Германиядағыдай бау-бақша шаруашылықтарының басын қосып, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды ұсынып отыр. Мәселен, онда 1200 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері бірігіп 50 мың гектар жерді өте тиімді игеріп отыр. Тағы бір ұсыныс – оқушылардың, армиядағы сарбаздардың, ірі өнеркәсіптік компаниялардың жұмысшыларының рационына алманы міндетті түрде енгізу. Бұдан ұтпасақ, еш ұтылмасымыз анық.