Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Америкаға барған сапарында әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істеп жатқан жастармен кездескен еді. Сол жиында Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан дарынды жастарға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты. Алайда жыл өткен сайын елімізден шетелге кеткен жас мамандардың саны артып келеді. Білікті мамандар шетелге не үшін кетеді? Оларды елге шақырсақ, лайықты жағдай ұсына аламыз ба? Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы Қазақстаннан шетелге жалпы саны 32 209 адам кеткен. Оның ішінде 8 584 адам Жоғары оқу орнын тәмамдаған, оның 5 259-ы – техникалық маман, 1 628-нің педагогикалық білімі бар болса, 901-і – медицина мамандары. Басқа елде тұрақтап қалу үшін шекара асып жатқан азаматтардың арасында осындай білікті кадрлардың көптеп кездесуі бүгінде бас ауыртатын мәселеге айналып отыр. Олардың жоғары білім алып, маман ретінде қалыптасуы үшін мемлекеттен қаншама қаражат, уақыт жұмсалды. Болашағынан зор үміт күтіп, әр саланың әлеуетін арттыруға үлкен үлесін қосады деп отырған мамандардың шетел асуы алаңдатпай қоймайды. Оның үстіне, олардың орнын шетелден Қазақстанға қоныс аударғандар толтыра алмай тұр. Мысалы, былтыр елімізге 10 982 адам келген. Адам капиталын дамыту экономиканы, халықтың әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, мемлекеттің экономикалық даму деңгейінің 30%-ы адам капиталының сапасына байланысты екен. Сондықтан миграция мәселесін реттеу кез келген мемлекеттің басты назарында болып келеді. Мәселен, 2015 жылы көшіп-қонушылар АҚШ экономикасына – 2 трлн доллар, Германияға – 550 млрд доллар, Аустралияға – 330 млрд доллар, әлемдік ішкі жалпы өнімге 6,7 трлн доллар пайда әкелген. Халықаралық мигранттар халықтың 3,4%-ын құрағанымен, олардың жаһандық ІЖӨ-ге қосқан үлесі 10%-ға жетеді екен. Осы деректерге қарасақ, елден көшіп кеткен азаматтар өзге мемлекеттің экономикасын көтеруге едәуір септігін тигізеді. Дамыған елдердің бірқатары өз кадрын дайындаудан гөрі шетелдерден білікті, болашағы бар адамдарды көптеп тартуды құп көреді. Дегенмен бұл статистикаға да күмәнмен қарауымыз керек. Себебі елімізде жоғары білім алса да, дамыған елдерге барып қара жұмыс істейтін немесе ел көріп, жер тануға баратын азаматтар да бар. Сондықтан «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының президенті Абзал Сапарбекұлы Қазақстаннан шетелге қоныс аударған білікті мамандардың базасын жасақтау керек екенін айтты.
– Соңғы жылдары елден жас, білікті мамандардың кету үрдісі тоқтар емес. Мысалы, тек қана АҚШ-тың өзінде 100-ден астам өте білікті ІТ-маман жүр. Өкінішке қарай, сырттағы бұл әлеуетті қолдана алмай отырмыз. Шетелдегі түрлі саладағы мамандар мен тұлғалардың ортақ базасын жасаудың және олармен жұмыс істеудің нақты алгоритмі мен жобаларын ұсыну міндеті тұр, – деді Абзал Сапарбекұлы.Оның айтуынша, кейінгі жылдары Америкада 100 мыңға жуық, Түркияда 30 мыңға жуық, ал Еуропада 10 мыңға жуық қазақстандық жас тұрып жатыр. Жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жүйе керек Шетелге қызметі бойынша қоныс аударатындардың көбі – жоғары білімді, білікті, тәжірибесі мол, бәсекеге қабілетті азаматтар. Ағылшынша «brain drain» деп аталып кеткен бұл құбылыс жаһандану ғасырымен қатар ілгерілей бастады. 1970 жылмен салыстырғанда туған жерінен жырақта өмір сүріп жатқан адамдардың саны үш есе өскен. Бұрындары өзге елге жұмыс істеуге кеткен бірлі-екілі адамды білсек, бүгінде әркімнің шетелге кеткен танысы бар. Мұны елдегі ақыл-ой капиталының сыртқа кетуі немесе ақыл-ой көші деп атайтын болдық.
– Ғалымдарымыздың шетелге емес, еліміздің дамуына үлес қосқанын қалаймын. Бірақ жастар шетелдегі жайлы өмірді көргеннен кейін сол жақта қалуға тырысады. Жастарды елімізде алып қалу үшін ең бірінші жағдай жасауымыз керек. Мысалы, дарынды балалар немесе «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түскен жастар елімізге келіп, кемі бес жыл еңбек етуі қажет. Осы уақытта олар қоғамға араласып кетеді. Иә, біз елге шақырғанда жастарға жоғары жалақы төлей алмаймыз. Сондықтан жастардың бойындағы елге деген сүйіспеншілікті арттыруымыз керек, – дейді Болашақ бағдарламасының түлегі Ақерке Абылайхан.Оның пікірінше, жастардың санасын «тұрмыстық идеология» емес, елге қызмет ету мазалауы тиіс. Біз қоғамда материалдық дүниені емес, білімді құндылық ретінде қалыптастырсақ қана білікті жастар елде қалады. Материалдық дүниенің шегіне ешкім жете алмайды. Сондықтан жастардың бойындағы еліміздің болашағына деген сенімді оятуымыз қажет. Ақерке Абылайхан шетелде жұмыс істеп жүрген көптеген жастармен араласады. Олар Қазақстан қоғамында әділдік орнаса, жұмыс істеуімізге мүмкіндік беретін жүйе қалыптасса ғана елге ораламыз деген пікірде екен. Расында елдегі төмен жалақы, әсіресе шетелде білім алып немесе жұмыс істеп келген адам үшін мардымсыз екені белгілі. Ұлттық статистика бюросы 2022 жылы Қазақстандағы орташа жалақыны 285 мың теңгеден жоғары деп белгіледі. Десе де 285 мың теңге еңбекақыны елде нақты қанша адам алатыны үлкен сұрақ тудырады. Қазақстанның білікті кадрларының дәл осы жалақы мәселесіне көңілі толмай ел асып кетуі Қазақстандағы әлеуметтік мәселенің өзекті екенін көрсетеді.
– Білікті жастардың жаппай шетелге ағылуы – әлемдік проблема. Бұл үрдіс барлық дамушы мемлекетте бар. Статистикаға сүйенсек, шетке кетіп жатқан мамандардың басым бөлігі техникалық, экономикалық, педагогикалық мамандар. Бұлай жалғаса берсе елімізде адами капитал жағынан да, экономикалық тұрғыдан да үлкен дағдарыс болуы мүмкін. Дамыған елдер жастарды әлеуметтік жағдайымен, жоғары экономикасымен тартып жатыр. Ол жақта мамандарға сұраныс та жоғары, – дейді AGS ғылыми-зерттеу және даму департаментінің директоры Мақсат Жампейсов.Оның айтуынша, біздің елімізде мамандардың жобаларына тым көп қаржы бөлінбейді. Құрал-жабдықтар да жетіспейді. Онымен қоса барлық салада білікті маман емес, таныс-тамыр рөл атқарады. Сондықтан біз тек шетелдегі жас мамандарды ғана емес, ірі компаниялармен де серіктес болуға ұмтылуымыз керек. Ал жастарға елімізде қалу үшін жоғары еңбекақы мен түрлі әлеуметтік көмектер ұсынуымыз қажет. Отандық компаниялар жоғары жалақы ұсынбайды Apple, Google, Tesla сияқты әлемдік ірі компаниялар қызметкерлеріне жоғары еңбекақымен қатар, медициналық сақтандыру, әлеуметтік көмек түрлерін де ұсынады. Сондықтан да шетелде қалуды таңдаған жастар жарқын өмірден қол үзгілері келмейді. Ал оларды елге шақырсақ, бізде лайықты жалақы төлейтін жұмыс орындары бар ма?
– Біріншіден, Қазақстанда жоғары жалақы төлейтін компаниялар саны аз. Біліктілігі бірдей болса да, шетелдегі мамандар Қазақстаннан он есе көп еңбекақы алады. Неге Қазақстандық компаниялар жоғары жалақы төлемейді? Себебі компаниялар арасындағы бәсекелестік аз. Шетелде бір ғана мұнай саласында Chevron, Экзон, Shell сияқты бірнеше компания мамандарға таласады. Сол үшін еңбекақыларын көбейте береді. Ал мамандарда таңдау бар. Біздің елімізде әр салада бір ғана ірі компания бар. Сондықтан олар өздері айтқан бағаны қояды, – дейді «Болашақ» бағдарламасының түлегі Арнұр Қадылбеков.Оның сөзінше, шетелде инфрақұрылым, медицина, білім беру жағы әлдеқайда жақсы дамыған. Сонымен қатар, дамыған елдерде карьера қалыптастыру оңай. Біздің қоғамда мансаптық өсу қиын.
– Еліміздің болашағы үшін білімді мамандардың елімізде қалғанын қалаймын. Ал жеке тұлғалар жағынан алып қарасақ, бұл дұрыс та шығар. Мен шетелде білім алдым, қалуға мүмкіндік те болды. Әлі де шетелдік компаниялар шақырады. Бірақ мен еліміздің дамуына үлес қосуды, ата-анамның қасында болуды таңдадым, – дейді Арнұр Қадылбеков.Біз білікті маман дайындаймыз. Бірақ сол мамандар өзге елдің экономикасының дамуына үлес қосады. Шетелде өмір сүріп, қызмет етіп, білім алып жатқан азаматтарды «жайлы ел іздеп кетті деп» кінәлауға да болмас. Оның орнына кеш болмай тұрып мәселенің мән-жайын зерттеп, шешу жолын іздегеніміз жөн.