Көп күттірген жеңіс

жеңіс

Жанкүйерлер Қазақстан–Беларусь  арасындағы кездесуді  асыға күтті, білем. Өйткені ұлттық құрама Беларусьті алты ойын қатарынан жеңе алмай келген-ді. Содан ба, маусым айынан бері аталған матч жайында түрлі болжам ел ішін аралап кетті. Көпшілік екі жыл бұрынғы ойында кеткен есені еселеп қайтарғысы келгені хақ. Десе дегендей, құрама жігіттері жеңіске жетіп қана қоймай, тарихта тұңғыш рет топтық кезеңде көш бастады.

79 минуттағы қуаныш

Иә, ұлттық құрама ойыншыларына да, жанкүйерлерге де жеңіс керек еді. Мұны алаңдағы атмосферадан, футболшылардың жанарынан, айқайынан оңай байқауға болады. Қақпашы Игорь Шацкийдің сақ қимылы мен екпіні де жауапты ойын екенін аңғартқандай. Ойын алдында Қазақстан футбол федерациясының баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен жігіттердің барын салуға дайын екенін, егер осы матчта үш ұпай еншілесек топтық кезеңді мерзімінен бұрын бірінші орынмен аяқтайтынымызды жеткізді. Команда капитаны Асхат Тағыберген де жігіттердің өліспей беріспейтінін, жауапты ойын екенін анық айтты.

Осылайша, бірінші таймда қос команда алаңда алма кезек пас алмасып, ұрымтал сәтті мүлт жібермеуді көздеді. Беларусь ойыншылары ұлттық құрамаға қарағанда допқа еркін иелік етті. Десе де, матчтың 29-минутында Михаил Габышев есеп ашты. Турасын айтқанда, бұл «Рамазан Оразов атындағы гол» еді. Неге десеңіз, Оразовтың Габышевке берген пасынан оның алаңды көру, ойынды оқу қабілеті ерекше футболшы екенін байқау қиын емес. Осыдан кейін Беларусь құрамасы сақ қимылдап, есепті теңгестіруге тырысып бақты. Командалар үзіліске аттанар уақыт таяғанда белорус Павел Савицкий стандарт кезінде сытылып шығып, баспен дәл соққы жасады. Таблодағы есеп 1:1-ді көрсеткені жанкүйерлердің делебесін қоздырып, екінші таймның қызыққа толы боларын сездірді.

фудбол Қазақстан–Беларусь

Айтса айтқандай, екінші кезеңде ұлттық құрама барын салды. Тіпті, Габышевтің дубль жасайтын да мүмкіндігі бар-ды. «Астана аренаға» жиналған 30 мыңға жуық жанкүйердің қолдауы да жігіттерге дем берді. Осынша қошеметтен кейін жеңіске жетпеу көңіл қалдыратыны тағы бар. Футболшылар да іштей осыны ойлады ма, гол салуға барынша ден қойды. Ойынның 79-минутында «Астана арена» дүр сілкінді. Алаң толы жанкүйердің бір мезетте көтерілгенін, қол соққанын, демегенін Қабанбай даңғылы түгел естігендей әсер қалдырды. Осылайша, Бақтияр Зайнутдиновтің дәл соққысы Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады. Олар тарихта тұңғыш рет топтық кезеңнен бірінші орынмен шығып, 13 ұпай еншіледі. Ендігі жорық – Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі.

Бапкердің күші

Статистикаға қарасақ, Қазақстан алғаш рет УЕФА аясындағы бес кездесуде қатарынан жеңілген жоқ. Оның төртеуінде жеңіп, бір рет тең түсті. Оған қоса, ұпай жинаудан рекорд тіркеді. Өйткені ел құрамасы осыған дейін Еуропада, топтық кезеңде мұнша ұпай жинамаған. Бақтияр Зайнутдинов болса, ұлттық құрама жейдесінде 24 кездесу өткізіп, 10 гол соқты. Бұл көрсеткіш оны құрама тарихындағы үздік үш сұрмергеннің қатарына қосты. Осы қарқынынан таймаса, Зайнутдинов Руслан Балтиев пен Виктор Зубаревтің көрсеткішін басып озары анық.

Ойын аяқталған соң құрама бапкері Магомед Адиевтің «бұл ертегі аяқталмаса екен деп тілейміз» дегені де ел есінде қалды. Жалпы, Адиев құрама тізгінін ұстағалы жігіттерді жеңіске бастап келеді. Спорт сарапшысы Бек Төлеуовтің айтуынша, бас бапкер құрамада жақсы атмосфера қалыптастыра алған. «Адиев керемет тактик емес шығар, бірақ команданы бір мүддеге
ұйыстыру жолында жақсы жұмыс істеп жатыр», – дейді ол. Оған қоса, бапкер өзінің мүддесін командадан жоғары қоятын футболшыларды қатарға қоспаған.

жанкүйерлер

«Осыған дейін белорустарды ұта алмай келгенімізді, жолымыздың болмай жүргенін жанкүйерлер мен спорт сарапшылары жақсы біледі. Осы жолы есемізді қайтардық. Стадионға жанкүйер толып тұр­ғанда топтық кезеңнен бірінші орынмен шыққанымыз шабыт сыйлағаны рас. Ойынға келсек, жеңістің аты жеңіс. Үзіліске дейін бірінші таймда құрама ойыны нашар өрбіді. Қателіктер болды. Екінші кезеңде жігіттер жігерленіп шықты. Бастысы, жеңіске жеттік. Дегенмен ойын мәнерін керемет деп айтуға келмейді. Бірақ жекелей алғанда кейбір ойыншыны мақтауға болады. Мәселен, бірінші кезекте қақпашы Игорь Шацкий сенімді ойнады. Қазақстанның қаншама жыл жақсы қақпа­шыға жарымай жүргені бар. Одан кейін қорғаныстағы Әліп – Марычкин – Малый үштігі бір-бірін түсініп ойнайтыны көрініп тұрады. Құрамада кейінгі отыз жыл ішінде мұндай қорғаныс үштігі болмаған. Бастысы, орталықта Рамазан Оразовтың еркін ойнауы, түсінуі, сақ қимылдауы жанкүйерлерге ләззат сыйлады. Бақтияр Зайнутдиновті алсақ, керемет техникалық шеберлігі болмаса да, шабуылға еркін қосылып, мүмкіндігін мүлт жібермейтіні жақсы», – дейді спорт сарапшысы Бек Төлеуов.

«Қазақстан құрамасына топтық кезеңде бірінші орын алуы не береді?» дерсіз. Енді құрамамыз Ұлттар лигасының В дивизионына жолдама алады. Одан бөлек, Еуро-2024 жолдамасына таласады. Жолдамаға қалай таласамыз десеңіз, Ұлттар лигасы С дивизионында әр топта бірінші орын алған төрт құрама бір жолдамаға таласады. Яғни, жолдама үшін жорықта Түркия, Грекия, Грузия құрамасына қарсылас атанамыз. Айтпақшы, Ұлттар лигасының В дивизионында тәжірибелі құрамалар қарсы алатыны тағы бар.

Алда не болары беймәлім. Бірақ ұлттық құраманың осы жеңісі елдің жігерін жаныды. Жанкүйерлер ойын аяқталса да, стадионнан кетпей, ойыншыларға қолдау білдірді. Өз кезегінде футболшылар да көрерменге алғысын айтып, қошемет көрсетті. Алаң бойымен сап түзей жүріп, кейбіріне жейдесін сыйлап, естелік фотоға түсті. Ерекше күйге бөленген жанкүйерлер алаңға ойын басталып кеткеннен кейін кіргенін, сырттағы күзет қызметкерлерінің агрессиясын бір сәт ұмытқандай болды. Өйткені ойын өткізу барысында әлі де болса ұйымдастыру деңгейі төмен екені байқалды. Мұны матчқа келген жанкүйердің растары хақ. Дегенмен жеңіс бәрін жуып-шайып кетті. Аренадан сыртқа беттеген жанкүйерлер бір-бірімен етене араласып, біраз уақытқа дейін «Қазақстан! Қазақстан!» деп ұрандатты. Қабанбай даңғылы бойымен мәшинелер бірдей дабылдатып, жастар «Атамекенді» шырқады. Осы көрініске қарап, елімізде футбол мәдениеті қалыптасып келе жатқанына сүйсініп қайттық.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

Қатарда футболдан Әлем чемпионаты басталды!

1XBET компаниясы баталияларды бірге бақылауды ұсынады және ойыншыларға жоғары коэффициенттер, сондай-ақ кең желі ұсынуға кепілдік береді!

Өз фавориттеріңізге футбол эмоцияларының бас демеушісі 1XBET компаниясымен бірге жанкүйер болыңыз!

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.