«Мейірім» жобасы жандана түсуі тиіс
«Мейірім» жобасы жандана түсуі тиіс
437
оқылды
«Жетім көрсең, жебей жүр!» дейді дана қазақ. Иә, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз. Өзгені өзекке теппей, бауырға басып, барымызбен бөліскен халықпыз. Осынау қасиетіміз бабадан балаға жеткен мәңгілік мұраға да айналды. Игіліктің игі жалғасы ретінде Жамбыл жерінде екі жыл бұрын «Мейірім» жобасы жанданып, жетімдерді облыстың сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған азаматтар қанатының астына алған еді. Алайда, аймақ басшысы ауысқаннан кейін аталған жоба жүрісінен жаңылған жоқ па? Бүгінде қанша баланың есепшотына қаржы аударылды? Тәлімгерлер жауапкершілігіне алған міндетті орындап жүр ме? Әлде «әкім кетті, іс біттінің» кері келіп отыр ма? Жоба жанданған жылы ата-ана қамқорлығынсыз қалған және балалар үйінде тәрбиеленіп жат­қан 133 жасөспірімге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 88 мекеме және демеушілермен түсіндірме жұмыстары жүргізген. Нәтижесінде «Отбасы банкінде» арнайы есепшот ашылып, 205 балаға әлеуметтік келісімшарт жасалған. Ал облыстың сол кездегі әкімі Бердібек Мәшбекұлы Альбина Қадырова есімді қызды қамқорлығына алып, банктегі есепшотына 1 миллион теңге ау­дарған болатын. Қазіргі таңда осы қызымыздың жағдайы қандай? Шотына құйылған қаржысын қа­шан ала алады? Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында тәрбиеленіп жат­қан өзге балалар «Мейірім» жо­ба­сы­ның мейірімін сезіне алды ма?
– Альбина қазір Тараз қала­сындағы №46 мектептің 8-сы­ны­бында оқып жатыр. Банктегі қар­жысын кәмелет жасқа тол­ғанда ала алады. Қыздың жағдайы жақсы. Озат оқушылардың бірі. Одан бөлек, облыс әкімі болмай тұрған кезінде Нұржан Нұржігітов те Кан-кан Елона есімді қызды қамқорлығына алған болатын. Ол кісі де қолдан келген көмегін аямауда. Жалпы біздің орталықта 75 бала тәрбиеленіп жатса, соның 49-на тәлімгер бекітілген. Биыл аудан әкімдері қалған балаларды қамқорлығына алатындығы ай­тылған. Бұйырса, барлық бала «Мейірім» жобасының шара­патын көреді деген үміттеміз, – дейді Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры Айжан Дүкембайқызы.
Орталық басшысының ай­туынша, балалар мен тәлімгер­лердің жүздесуі жиі ұйымдас­ты­рылып тұрады екен. Тәлімгер­лер­дің сөзіне сүйенсек, есепшотына қаржы аударғаннан кейін ба­лаларды бірде-бір рет көрмеген­дері де бар.
– Сол тұста менің жауапкер­шілігіме екі бала берілген бола­тын. Екеуінің де тиісті қаржысын аударып бердім. Алайда одан кейін балаларды көрмедім. Бір жағынан жұмыс басты болғаннан кейін оған да уақыт табыла бер­мейді. Бірақ басқосулар болып жатса қалмауға тырысамыз. Ал жоба 2020 жылдан кейін жалғасты ма, жоқ па, ол жағын білмеймін, – дейді Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров.
Облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков те жоба жанданған жылы тиісті қаржысын аударып, одан кейін жауапкер­ші­лігіне берілген баланы көрмепті. Осы тұста, жоба аясында өңір бойынша нақты қанша балаға қаржы аударылғанын білмек мақ­сатта Жұмыспен қамтуды үй­лес­тіру және әлеуметтік бағдарла­малар басқармасына хабарластық.
«Облыста 2020 жылдың қыр­күйек айынан бастап жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Ме­йірім» жобасы іске асырылуда. Өңірдегі жетім және ата-анасы­ның қамқорлығынсыз қалған ба­лаларға арналған 4 мекемедегі 137 балаға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 96 мекеме мен жауапты тұлғалар бекітілген болатын. Тізім бойынша «Отбасы банкінде» 137 баланың барлығына арнайы есепшот ашылды. Сон­дай-ақ Тараз қаласы мен аудан­дар­дағы отбасылық тәрбиеде жүрген 1 194 балаға әлеуметтік қол­дау көрсету мақсатында 1 012 демеушілермен жұмыстар жүр­гізілді. Бүгінде «Мейірім» жобасы аясында 1 331 баланың «Отбасы банкінде» ашылған шоттарына бекітілген мемлекеттік ме­ке­мелер мен ірі кәсіпорындардан 48 мил­лион 500 мың теңгеден астам қа­ражат аударылды. Жи­налған ақ­шаны бала кәмелет жасына тол­ғаннан кейін ғана өмір­лік қа­жет­тілігіне жұмсай ала­ды», – дейді басқарманың бас­пасөз қызметі.
Мамандардың сөзіне сенсек, жоба бір күнге де тоқтамаған көрінеді. Бұл, әрине, жанға жылу береді. Алайда биылғы аударым туралы толық ақпарат жоқ. Тек Любовь Тимофеева есімді жасөс­пірімнің есепшотына 80 мың тең­ге құйылғанын білдік. Ал Өмір­лік қиын жағдайдағы бала­ларды қолдау орталығының ди­ректоры Айжан Дүкембайқызы биыл аудан әкімдері бір-бір бала­ны жауапкершілігіне алу қажет болғанын айтып отыр. Әрине, жоба ешкімді қаржы аударуға міндеттемейді. Дегенмен орталықта тәрбиеленіп жатқан бір бала «Мейірімнің» шарапатын көріп жатқанда, екіншісі елеусіз қалмаса екен дейміз. Өйткені бұл бала психологиясына теріс әсет етуі мүмкін. Сондықтан әкім ауыс­са да, жобаға тәлімгерлер жа­уапкершілікпен қараса екен. Сон­дай-ақ, тек қаржы аударуды ғана мақсат тұтпай, жомарт жандар балаларға жақын болса деген тілегіміз бар. Өйткені, өмірі қиын жағдайдағы балаларға, ең әуелі, аялы алақанның жылуы қажет.

Жамбыл облысы