Қазақстандағы әр үшінші құс фабрикасы банкротқа ұшырауы мүмкін. Ал жұмыртқа бағасы жыл аяғына дейін 40 пайызға қымбаттайды. Еліміздегі құс шаруашылығының қожайындары осындай уәж айтып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2020 жылдан бастап жұмыртқаға субсидияны тоқтату туралы шешімі шу тудырды. Жалғыз жұмыртқа емес, министрлік биыл ірі қара мал етіне, қымыз бен шұбатқа, күріш пен мақтаға мемлекеттен қосымша беріліп келген субсидияны алып тастады. 2019 жылдың соңында субсидия берілмейтіні жайлы әңгіме шығысымен-ақ, ең бірінші мал шаруашылығы саласының өкілдері қарсылық білдірген. Ақтөбеде митингіге жиналған фермерлер «субсидия болмаса, ет те, сүт те жоқ» деген ұран көтерді. Ендігі қарсылық кезегі құс өсірушілердікі секілді.
Иә, мемлекет қаржысын субсидиялап тарата берудің де шегі болады. Бұл тұрғыда министрлік келтірген дәлелдің де жаны бар. Жұмыртқа өндірісі осыдан он жыл бұрынғы импортқа тәуелділіктен құтылып, ішкі сұранысты тұтас қамтып отыр. «Біз жұмыртқаға деген ішкі сұраныстың 126,5% қамтамасыз етеміз. Қазір қолдауды, дамытуды қажет ететін басқа бағыттар бар деп санаймыз. Біздің алдымызда алты өнімнің импортын алмастыру міндеті тұр. Субсидияны сол салаға жұмсаймыз», – деген министр Сапархан Омаров.Рас, осы күнге дейін құс фабрикаларын қолдауға бюджеттен ондаған миллиард теңге жұмсалды. Жабдықтар сатып алынып, цехтар жаңартылды. Мәселен, он-он бес жыл бұрын ішікі нарықтағы жұмыртқаның 30%-ы ғана отандық өнім болса, қазір 18 млн халықтың сұранысын толық жауып, артылғанын экспортқа шығаратын жағдайға жеттік. Тоқсаныншы жылдары қат-қабат келген тоқырауда тұралап қалған сала аяғына тұрды. Алайда қанша қаржы салғанымызбен, нәтижесі мәз болмапты. Қазақстанның құс өсірушілер одағы мамандарының айтуынша, саланың болашағын субсидиясыз елестету әзірге мүмкін емес. Өйткені тауық пен қаз-үйректің жеміне қажетті қоспалар, дәрумендер, дәрі-дәрмек түгел сырттан әкелінеді. Өзімізде өндірілетіні тек астық дақылы. Оның түсімі өткен жылы ауа райына байланысты төмен болғаны белгілі. Құс шаруашылығы фабрикалары керекті жемнің бір тоннасын бұрын 120 мың теңгеден алып келсе, былтыр құны 200 мыңға шықты. Жем сататындардың да айтар сылтауы дайын. Жем құрамына кіретін арпа-бидайдан бөлек, қоспа жемге керек соя, өсімдік майы, т.б дақылдар да қымбаттаған. Ақыр соңында тауықтың жеміне кететін шығын өнімнің өзіндік құнының (ет пен жұмыртқа) 60%-на дейін жетеді.
СУБСИДИЯ ШЕШКЕН МӘСЕЛЕЛЕР
Елімізде 2008 жылдан бері төленіп келген субсидия тиімділігі екі негізгі көрсеткіштен білінді. Өндіріс көлемі 2 есе артты (жұмыртқа 2009 жылғы 2 млрд данадан, 2019 жылы 4 млрд данаға жетті). Екіншіден, 2009-2019 жылдары жұмыртқа бағасы 66%-ға көтерілді, бұл кезеңде өнімнің өзіндік құны 106% көлемінде болған. Себебі жұмыртқа өндірісінің негізін құрайтын – жем бағасы 34,1%-ға жеткен еді. Дегенмен соңғы үш жылдың өзінде ғана өзіндік құн 16,6%-ға өскеніне қарамастан, нарықтағы бағаны 14,8% көлемінде ұстап тұруға мүмкін болды. Демек, он жылдық субсидияның үлкен көмегі көрінген. Ал министрліктің есебінше, жылдар бойы субсидияға арқа сүйеп алған шаруашылықтар нарық заңына орай бәсекелестікке ұмтылмайды. Жұмыртқа өндірісі қазір түсім беретін өндіріс. Бірақ қожайындары оны мойындағысы келмей, мемлекет мойнынан түскісі келмейді.«АЙДАЛАДА АҚ ОТАУ, АУЗЫ-МҰРНЫ ЖОҚ ОТАУ»
Жұмыртқаны табатын тауық, оған келетін шығын ненің есебінен дерсіз. Өнімнің өзіндік құнына ең бірінші әсер ететін тауықтың жемі екенін айттық. Одан бөлек, фабриканың электр энергиясына төлейтін төлемі, су, газ, жемге қосып берілетін дәрілер, жұмыртқаға арналған қаптама және т.б. кіреді. Мұндай шығындар үшін мемлекет он жыл бойы жұмыртқаның әр данасына 2-3 теңгеден төлеп келген болатын. Енді ол жоқ.Айта кетейік, жұмыртқа бағасын субсидиялап отырған ел жалғыз біз емес. Мәселен, Ресейде жұмыртқаның бір қаптамасының (10 дана) өзіндік құны 32-36 рубльдің айналасында болса, субсидиялау арқылы бағасын 22-28 рубльге түсіріп нарыққа шығарады. Ресей үкіметі 2024 жылға дейін жұмыртқа шаруашылығын дамытуға 2,3 млрд рубль бөлуді қарастыруда. Солтүстіктегі көршінің қаржысын бекер санамалап отырған жоқпыз. Егер субсидиядан қағылған біздің шаруашылықтар банкротқа ұшыраса, ішкі нарықты одақтас елдің өнімі жаулап алмай ма деген де қауіп бар. Өйткені РФ әлемдік жұмыртқа өндірісі көрсеткіші бойынша 6-орында (Қытай, АҚШ, Үндістан, Жапония, Мексикадан кейін) тұрған мемлекет екенін ұмытпайық. Мұндай мысалды ақпарат құралдарына берген жауабында Қазақстанның жұмыртқа өндірушілері қауымдастығының президенті Максим Божко да растаған. «Егер біз жұмыртқа бағасын көтерсек, нарыққа бірден ресейлік арзан жұмыртқа келеді. Сол себепті отандық фабрикалардың сату көрсеткіші төмендейді, ал ол банкротка апарар жол», – дейді М.Божко.Қазіргі күні Қазақстанда 32 жұмыртқа фабрикасы жұмыс істеп тұрса, оның 11-нің өндіріс көлемі кішігірім (100 млн данаға дейін), 16-сы орташа, бесеуі ірі (200 млн данадан жоғары) шаруашылық саналады. Субсидияның тоқтауы орташа шаруашылықтың жартысын, ұсақ шаруашылықтарды түгелге жуық банкротқа әкелуі мүмкін дейді сала мамандары. Бұл жұмыртқа экспортының жолын жаппай ма?
ЖҰМЫРТҚА ЭКСПОРТЫ ЖАБЫЛА МА?
Экспорт демекші, соңғы жылдары сырттан тауық етін сатып алғанымызбен, жұмыртқадан біраз пайда тауып отырғанымыз рас. Мысалы, 2015 жылы 20 млн дана жұмыртқа экспорттасақ, 2016 жылы – 100 млн дана, 2017 жылы 280 млн дана саттық. Біздің жұмыртқа негізінен Ауғанстан мен Тәжікстанға және Қырғыз Республикасына жөнелтіледі. 2017 жылы Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы шекара жанжалынан кейін ауған ағайын көршісінің өнімінен бас тартып, бізге бұрылған. Нәтижесінде, 280 млн дана экспорттың 180 млн данасын Ауғанстанға өткіздік. Ал бір жылдан кейін (2018) экспорттық әлеует 16 есе өсіп, 938 млн дана саудаласақ, оның да 800 млн данасын ауғандар алды. Осы қарқыннан кейін Қазақстан Үкіметі ендігі мақсат – Қытай мен Иран нарығын жаулау деп мәлімдеген. Себебі Қытай жұмыртқа өндірісі бойынша әлемде бірінші орында тұрғанымен, өз нарығын толық қамти алмайды. Бізге Қытайдың тұтыну нарығының 1%-ын иеленсек те жеткілікті, ол үшін 4 млрд дана жұмыртқа (ҚХР жылына 400 млрд дана тұтынады) керек. Енді ол арман көзден бұл-бұл ұша ма?ТҮЙІН:
Жер бетінде жұмыртқа жемейтін адам аз шығар. Мамандар күніне кем дегенде 1 немесе 2 данасын жеуге кеңес береді. Себебі оның құрамында ақуыз көп, одан бөлек A, D, B и B12 дәрумендері бар. Оған қоса жұмыртқадағы лютеин мен зеаксантин көздің көру қабілетін жақсартады. Сондықтан Тәжікстан мен Ауғанстанның тұтыну нарығын төрт жыл тұрақты түрде қамтып, үлкен базар – Қытайға шығуды ойластырып отырған Қазақстан үшін аталған саланың мүмкіндігін жан-жақты қарастырған жөн.
Бауыржан БАЗАР