Ақмолада ішек құрты көбейді

ішек құрты Ақмола
© коллаж: Елдар Қаба

Ақмолада соңғы уақытта энтеро­биозбен ауырған науқастардың саны көбейген. Өткен жылдармен салыс­тырғанда еселеп артқан ауруды тұрғындардың көпшілігі күнделікті ішіп жатқан ауыз судың сапасыз­дығынан көреді. Өйткені расында да облыстың бірқатар ауданы мен Көкшетаудың өзінде таза ауызсу мәселесі әлі де болса аса күрделі. Орталықтан­дырылған су жүйелері­нен келген суға сүзгі орнатпаса ішуге мүлде жарамсыз. Жұрттың көбі әлеуметтік желілерде түйінді жайды биліктің назарына ұсынып шара қолдануын талай сұраған. Дегенмен өңірдің санитарлық-эпидемио­логия­лық қызмет мамандары ауру­дың судан таралмағанына нық сенім­ді.

Энтеробиоз – ішек жолдарында болатын, ұзындығы шамамен 1 сантиметрге дейін жететін ақ түсті ұсақ құрттардан туатын жұқпалы дерт. Ауру негізінен мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардан бірлі-жарым ғана шығатын. Осыған дейін аса байқалмағанымен өңірде соңғы уақытта әсіресе ішек құрты бар балалардың қатары күрт көбейгені анықталды.

300 адамнан ішек құрты табылды

Ақмола облысы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің деректеріне сенсек, облыста жыл басынан бергі сегіз ай ішінде энтеробиоздың 300 фактісі тіркелген. Бұл былтырмен салыстырғанда, 1,3 есеге көп. Құрт табылғандардың басым бөлігі, яғни 236-сы 14 жасқа дейінгі балалар болып шықты. Негізінен, Көкшетау, Ақкөл және Степногор қалалары мен Бурабай, Целиноград, Біржан сал, Жарқайың аудандарында көбірек табылғаны белгілі болды. Сондай-ақ басқа аудандарда да бұрнағы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай көбейгені байқалған.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары жариялаған ақпардан кейін жұрттан да маза кеткен. Әлеуметтік желілерде балалардың ағзасынан шыққан құрттардың ішкен судан пайда болғанын айтқан сөз желдей есті. Тұрғындар балалардың ішегінен табылған құрттың жеке гигиенадан емес, сапасыз суды қолданғандықтан пайда болуы мүмкіндігін жеткізді.

Ауру судан шықты ма?

«Қала қоқыстан көз ашпайды. Тіпті, шаһар үйілген қоқысқа көміліп бара жатыр десем де болады. Үй маңындағы контейнерлер әрқашан асып төгіліп жатады. Ал краннан аққан таттанған судан сасыған иіс шығады. Оны ішуге, тұтынуға мүлдем жарамсыз. Көпшілік суды дүкеннен я болмаса әр жерде қойылған автоматты сүзгіден алып қолданады. Колонкаларда да дәл осындай жағдай. Бұл жерде қандай жеке гигиена туралы айтуға болады? Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары алдымен осыған неге мән бермейді?! Мәселен, менің кранымнан дәл осындай құрттар шыққанын талай көрдім. Кәдімгі краннан аққан судан құрттар ағып түседі», – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Светлана Бобровцева.

Ал жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің мамандары құрттардың балалар арасында күрт көбеюі жеке гигиена ережелерінің сақталмауынан болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ елді екі жыл бойы ауыр жағдайға ұшыратқан коронавирус пандемиясы кезінде балалардың үйде болуы да аурудың аталған аурудың күрт көбеюіне ықпал етуі мүмкіндігін жеткізді.

Тағы да коронавирус кінәлі...

«Санитарлық ережелер талаптарына сәйкес энтеробиозбен ауырудың алдын алу мақсатында медициналық ұйымдар клиникалық және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша тексеріс жүргізеді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына баратын балалар бір топтан екіншісіне ауысқанда немесе 10 және одан көп күн болмаған жағдайда тексеріледі. Сонымен қатар жыл сайын жазғы каникулдан кейін, спорт секцияларына барғанда, балаларды сауықтыру нысандарына апарғанда, сондай-ақ энтеробиоз ауруларымен науқастанған баламен қарым-қатынаста болған жағдайда міндетті түрде тексеріледі. Аурудың алдын алу мақсатында аумақтық бөлім мамандары санитарлық-профилактикалық шараларды ұйымдастырып тұрады. Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, сыртқы орталарда паразитті жолмен пайда болатын аурулардың таралу жолдары мен факторларын анықтау үшін зертханалық бақылаулар жүргізіледі. Жұрт айтқандай, бұл ауру ауыз судан таралмайды. Себебі судан болса, онда мыңдаған адам энтеробиозға әлдеқашан шалдыққан болар еді. Коронавирус пандемиясы кезінде балалардың мектеп пен балабақшаларға бармауы себепті бұл аурудың саны да аз болған. Өйткені олар тексерілген де жоқ. Ал жағдай тұрақталып, балалар білім ордаларына оралған соң аурулар да анықтала бастады», – дейді Ақмола облысы Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина.

Санитарлық – эпидемиологиялық қыз­мет мамандары аурудың алдын алу үшін жеке гигиенаға баса мән беру қажеттігін жеткізді.

«Энтеробиоз жұқтырып алмау үшін Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті жеке гигиена ережелерін қатаң сақтап балаларға өздерін таза ұстауды, тұрғын жайларда үй жиһаздары мен балалар ұстайтын ойыншықтарды үнемі тазартып, отырған жөн», – деп толықтырды Айнагүл Мусина.

 

P.S.

Әрине, жеке гигиенаның бұзылуы түрлі аурулардың пайда болуына себепкер болатыны түсінікті. Дегенмен «Ауру – астан» демекші, тұрғындардың айтқан уәжіне де құлақ салып, тиісті тексеріс­тер­дің жүргізілгені жөн сияқты.

Ақмола облысы

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.