Қарағанды қоқыстан қашан арылады?
Қарағанды қоқыстан қашан арылады?
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
Ғарыштық мониторинг нәтижесінде Қарағанды облысы аумағынан 202 полигон анықталған. Іс жүзінде оның 52-сі заңдастырылған, 150-і заңдастырылмаған. Қарағанды облыстық Экология департаментінің дерегіне сүйенсек, полигондар мен үйінділерде жинақталған қоқыс қалдықтарының көлемі 10 мың тоннадан асып кеткен. Жақында бірнеше жүк көлігі рұқсат етілмеген жерге қоқыс төгіп жатқаны туралы Қарағанды тұрғыны Наталья Палкина дау көтерді. Ол Цветная көшесіндегі екпе талдар арасына жүк көлігі жүргізушілерінің қоқыс төгіп жатқанын бейнетаспаға түсіріп алған.
«Тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын КамАЗ көліктері шығарып, саябақтың аумағына ағаштардың артына төгіп жатыр екен. Бір көліктің жүргізушісі бізге күзетшінің қоқыс әкелуге рұқсат бергенін түсіндірді. Ақша болса болды, оның несі кетеді. Бір көлікте «Әкімдік» деген жазу тұр. Экология бөлімі қайда қарап отыр?» – дейді наразы тұрғын.
Бұл түсірілім әлеуметтік желілерде жарияланғаннан кейін Қарағанды облыстық Экология департаментінің қызметкерлері Цветная көшесіне келіп, нақтылаған екен. Соның арқасында мұнда тұрмыстық қана емес, құрылыс қалдықтары да көптен бері төгіліп келгені анықталды. Қоқыс шығарған кезде «тұзаққа» түскен техника «Авторотор» ЖШС-на тиесілі болып шықты. Қоқыс тастаған көліктердің біріне «Әкімдік» деген белгі орнатылған. Қарағанды қаласының әкімдігі «Авторор» ЖШС-нің әкімдікке еш қатысы жоқ екенін айтып шыр-пыр. Сонда кез келген көлік «Әкімдік» деген жазбаны жапсырып алып жүре бере ме?
Бұл бірінші оқиға емес. Бұған дейін де кеншілер шаһарында осындай дау болған еді. Қазір Қарағанды облыстық Экология департаменті мен Қазыбек би атындағы аудан әкімдігі Қарағанды қаласындағы Таугүл шағын ауданында пайда болған қоқыс полигонын кім жою керектігін сотта анықтап жатыр. Аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Қожанов «қоқысты үйіп қойған құрылыс салушы компания тазалауы керек» десе, Экология департаменті «бұл тұрмыстық полигонды әкімдік жинастыруы тиіс» дейді.
Айта кетейік, Таугүл шағынауданының сыртындағы Тәттімбет көшесі қоқыс орнына айналған. Облыстық Экология департаменті Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Қожановқа «санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзу» бабы бойынша айыппұл салып, қоқысты шығаруды міндеттеген. Мақсұт Қожанов мұндай шешіммен келіс­пей, департаментті сотқа берді. Әкімнің орынбасары қоқыс «Баспана» ТК құрылысынан кейін пайда болғанына сенімді. Ал Экология департаменті болса, полигон орналасқан аумақта құрылыс емес, қағаз, картон, пластик және шыны бөтелке, пласт­масса, тоқыма, қаптама сынды тұрмыстық қалдықтар жатқанын айтады. Сонымен қатар Экология департаменті қалдықтарды шығару талабымен Қазыбек би атындағы аудан әкімі аппаратына бірнеше рет хат жол­данғанын айтады. Алайда жауап болмаған. Осыдан кейін экологтар мәселені шешуге көмектесу үшін Қарағанды қаласының әкімі Ермағамбет Бөлекпаевқа хат жазған.
«Жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша Қазыбек би атындағы аудан әкімінің аппараты аумақты тазартпайтыны, сондай-ақ Таугүл шағын ауданының аумағындағы рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісін жою бойынша ешқандай шаралар қабылдамайтыны анықталды. Осыған байланысты ҚР ӘҚБтК 324-бабының 1-бөлігі бойынша М.Қожановқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылды», – деп толықтырды Экология департаменті. Енді бұл қоқыс полигонын кім тазарту керектігін сот анықтамақ.
Әрине, қала көркі – тазалық. Ал соған жауапты әкімдіктің өзі соттасып жатса не деуге болады?

Қарағанды облысы