Шымкенттегі колледж жатақханасында қайтыс болған студенттің өліміне қатысты іс бойынша күдіктілер ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz. Бұл жағдайға қатысты Қылмыстық кодекстің 106-бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ведомстволық сайттың мәліметінше, сот-медициналық сарапшысының алғашқы қорытындысына сәйкес, өлім тыныс алу жолдарының құсу массаларымен жабылуына байланысты асфиксиядан болған. Қазір бұл іс бойынша күдіктілер ұсталған. Айта кетейік, 22 қыркүйекте түнгі сағат 01.00 шамасында Шымкенттегі жатақханадан студенттің мәйіті табылды. Куәгерлердің айтуынша, студенттердің бірі көз жұмған жігітті кеудесінен, ал екіншісі иығынан ұрған. Салдарынан кенеттен ол өзін нашар сезінген. Студенттер жедел жәрдем шақырғанымен, жас жігіт медицина қызметкерлері келгенге дейін көз жұмған.