Мигранты көп миллионер қала
Мигранты көп миллионер қала
Әлемде 7 млрд адам болса, соның 1 млрд-қа жуығы көшіп-қонып ғұмыр кешеді. Көбі ішкі көші-қонға тартылған. Азияда урбандалу үдерісі үдеп тұр. Өйткені ауыл­дан қалаға қоныс аударатындар көп. Мәселен, елор­да­ның өзіне жыл сайын 50 мың адам көшіп келеді. Мұны қала әкімі Алтай Көл­гінов есеп беру жиынында мә­лімдеді. Ел астанасы уығын қадап, іргесін бүтіндегенде қалада 400 мың адам тұрыпты. Қазір ұзын-саны 1 млн 200 мыңға жеткен. Сол тұста жылына 4,5 мың сәби дү­ниеге келсе, бүгінде 25 мың бала туылады. Бұған ішкі көші-қон жа­йы ықпал етеді. Ел қоныс теп­кесін жер кеңейіп, еңбек майданы қызады. Мысалы, 2 000 жылы елорда аумағы 300 мың шаршы метр болса, қазір үш есе өскен. Ауыл тұрғынының қалаға кел­гені, табыс табуға ұмтылғаны – жақсы. Бірақ ішкі миграцияның өскені бірқатар мәселе туын­да­тады. Бұл жайында қала әкімі де жөн сөз айтты. Шаһардың инфра­құрылымын жақсартып, көпір, балабақша мен мектеп салу жағын қарастыру керек. Әкім айтқандай, Нұр-Сұлтандағы өмір сүру сапасы Үкімет қолдауына тәуелді.
Мигрант мәселесін Прези­дентіміз де сан мәрте айтты. Көші-қон процесін бақылауда ұстаған жөн екенін нұсқады. Себебі бұл жоғарыда айтқандай, білім мен медицинаға салмақ түсіреді. Басқа аймақтан көшіп келгендер алды­мен тіркеліп, баспана кезегіне тұ­рады. Артынша мектеп пен ба­лабақша жайын біржақты еткісі келеді. Білсеңіз, Нұр-Сұлтан қа­ласында бір сыныпта 40-тан астам бала оқитын 14 мектеп бар. Оған үшауысымды 8 мектепті қосыңыз. Ал елордадағы 85 мың бала бала­бақша кезегінде тұр. Түптеп кел­генде бәрі әлеуметтік тоқырауға әкеледі. Қайтпек керек? Прези­дент айтқандай, әлеуетті көтеріп, инфрақұрылымды ретке келті­ре­тін жүйе қалыптасуы қажет.
Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірген жай көптің талқысына түсті. Біразы өз ойын білдіріп, шешу жолдарын қарас­тырды. Бізге ұнағаны депутат Вла­димир Божконың пікірі. Ол «ауыл да­мымай, ел өрістемейдіні» нұсқады. Ра­сы­мен де, ауыл халқы не үшін қалаға қоныс аударады? Бірін­шіден, жұ­мыс жоқ. Нәпақа тауып, отбасын асырауы керек. Өйткені ауылда бұрынғыдай тір­шілік жоқ. Егін ексең де машақаты көп. Суб­сидия жайы бөлек әңгіме. Малшы бола­йын десе, ауылда не көп – малшы көп. Жарнамада көрсет­кендей, бизнес бастауға бекінсе, ұрынып қалам ба деп бөгеледі. Ауыл мен қала арасында адам тасып күнел­тейін-ақ дейді, бірақ шұрық тесік жолда діңкелеп кетерін сезеді. Сөй­теді де, қалаға кетуді жөн кө­реді. Қаланы бетке алса, екі қолға бір күрек табарын біледі. Баласы жақсы білім алып, өрісі кеңейетінін ой­лайды. Алға­шында бас сауғалай­тын жер іздер, арада бірнеше жыл өткенде баспаналы боларын топшылайды. Мұндай оймен қалаға келе­тін­дер жетіп артылады. Қолы жет­кен­дер бас қалаға келіп, уақыт кө­шіне ілеседі. Ұмтылғандар елор­да аума­ғындағы елдімекенге болсын тұ­рақтауды қалайды. Әри­не, үлкен қала тіршілігі ешкімді аямайды. Тамақ пен пәтерақыға айлықты жеткізу үшін аядай бөлме жалдай­ды. Балабақшаның кезегі бар, оған төлейтін ақшаның жы­ры... Ақыры баланы үйге қалды­рып, әке-ше­шесі жұмысқа кетеді. Нәтижесінде, үй өртеніп, бала өлімі көбейеді. Сөзі­мізге өткен жылы болған 5 қыздың өлімі дә­лел. Осыған ұқсас мысал көп. Мәселен, 4 баласымен жертө­лені мекендеген Бибіғайша Иса­бе­кова туралы БАҚ өкілдері жарыса жазды. Бас қаладағы көп­балалы ананың тағдыры туралы Көші-қон комитеті мәлімдеме жасады. Сөйт­сек, Исабекова пәтер кезе­гіне тұру үшін елорда аума­ғында кем дегенде 3 жыл тұруы тиіс екен. Ал ол 2019 жылдың қаңта­рында жеке куәлік алып, тұрақты тір­кеуге тұрған. Сон­да жертөледегі ел ертеңінің күні не болмақ? Мей­лі, 3 жыл сонда тұр­сын дейік, содан кейін пәтер кезегі үшін тағы неше жыл сабылуы керек? Бердібек Сапарбаев та елор­дадағы мигранттар жайлы сөз қоз­ғаған. Аталған процеске ты­йым салып, тоқтата алмайтыны­мызды атап өтті. Тек туған же­рін­дегі еңбек балансын реттеп, әле­уетін жақ­сартуға күш салуға бо­ларын мең­зеді. Сапарбаев нұс­қа­ғандай, ауыл әлеуетіне келгенде «Ауыл – ел бе­сігі», «Жұмыспен қамту – 2020» секілді бірқатар бағдарлама бар. Бірнеше жылдан бері елді мекен игілігі үшін бір­қатар жұмыс ат­қарылды. Соған қатысты бағдар­ламаның бірі – «Еңбек». Жұмыс күші көп елді жұ­мыс күші аз аумаққа шоғыр­ландырады. Бір реттік көші-қон шығынын өтеп, он екі ай бойы пә­терақы мен коммуналды тө­лем­ге көмектеседі. Сізге қалғаны – лайықты еңбек ету. «Еңбек» бағдарламасы өр­кен­деп, жастар «Дипломмен ауылға» барып, «Ауыл – ел бесігі» болсын де­сек, «Цифрлы Қазақстаннан» бас­­тап қайта реттеу керек. Сонда ел­дегі миграция деңгейі қалыпқа түседі.   Айзат АЙДАРҚЫЗЫ