Иса пайғамбар жерге түседі - мешіт имамдары осылай дейді

Иса пайғамбар жерге түседі - мешіт имамдары осылай дейді

"1tv.kz" арнасында қиямет күні жақындап, Иса пайғамбардың адамзатты бар жамандықтан құтқару үшін жерге түсетіні туралы бейнежазба көрсетілді. Онда имамдар мен дінтанушылар осындай оқиғаның болатынына көпшілікті сендіруге тырысады. Ал қоғам белсенділері мұндай сенімдер қиялдан туған деп отыр.

"Иса пайғамбар жер бетіне түседі. Ол - ақиқат. Тажалды өлтіреді. Жер бетіндегі көптеген нәрсені тоқтатады. Қияметтің үлкен белгілері болады. Күнделікті шығыстан шыққан күн батыстан атады. Барлығымызды жұмақ пен тозаққа бөледі", - дейді әл-Фараби мешітінің наиб имамы Әділхан Оразов.
Имамның сөзін дінтанушы Мұрат Смағұлов та қисынға сүйене отырып, растады.
"Ғылыми тұрғыдан алып қарасақ, өлім болатыны анық. Сол секілді қияметтің болары ақиқат. Оны бәрі мойындайды. Жаратылыстың бір кезде басталып, аяқталады дегені логикаға сай келеді", - дейді Мұрат Смағұлов.
Алайда діндарлардың сенімін қоғам белсендісі Нұржан Жолдыбекұлы жоққа шығарды. Оның айтуынша, мұндай дүниенің бәрі - адамдардың қиялынан туған өтірік нәрселер.
"Өздері мұсылман дінінде жоқ адамды кәпір санап келіп, солардың құдайын адамды құтқарады деу — қиялдан туған әңгіме. Бұл - әртүрлі сенімдегі адамдардың басын біріктіруі үшін жасалған дүние. Ашаршылық жылдарында да ақырзаман келді деп айтылған", - дейді Нұржан Жолдыбекұлы.
Бұған көрермен тарапынан да түрлі пікірлер айтылып жатыр. "Ақырзаман жақындағанда жер бетінде әнші мен блогер көбейетін секілді", "Дінмен ойнамаңдар", "Иса пайғамбардың есімі Құранда жазылған", "Елдің бәрі итше үріп жүр" деген сыңайда пікір қалдырған.