Бауыржан Байбек Павлодар облысы тұрғындарымен жүздесіп, аймақтағы проблемаларды талқылайды
Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды.
Аймаққа сапары жайында Facebook-тағы парақшасында жазды.
«Аймақтарға сапарымды жалғастырудамын. Бүгін және ертең Павлодар облысының бірқатар шалғай елді мекендерінің тұрғындарымен кездесіп, сол жерде көкейкесті мәселелерді талқылап, олардың шешімін бірге табуды жоспарлап отырмын.
Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне павлодарлықтардан келіп түскен өтініштерге және әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы ақпараттарға талдау жасау арқылы біз мемлекет тарапынан шешімін күткен бірінші кезектегі міндеттердің ауқымын анықтадық. Атап айтқанда, бұл – әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаның сапасы, сондай-ақ, тұрғын үй қорының мардымсыз жағдайы, елді мекендерді абаттандыру және тағы да басқа көптеген мәселелер.
Азаматтарымызды алаңдатып отырған мәселелер бүгінде әзірленіп жатқан аймақты дамытудың 5 жылдық бағдарламасына енгізіледі. Біз әр қаланы, ауданды және ауылды қамтуды жоспарлап отырмыз. Осы бағыттағы жұмыстарды партия орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып бірнеше айдан бері жүргізіп те келеді. Nur Otan түйінді мәселелерге құлақ асып қана қоймай, оларды шешу үшін нақты шараларды қолға алуы керек. Ол үшін бізде қажетті ресурстар бар, ең бастысы, қарапайым халық қолдап отыр, – деді Бауыржан Байбек.