Қостанай облысына бір тәулікте мыңнан астам ресейлік келді
Қостанай облысына бір тәулікте мыңнан астам ресейлік келді
348
оқылды
Қостанай облысына 1 тәулікте 1000-нан астам Ресей азаматы келді. Өңірлік полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ресейліктердің келуінен аймақта көші-қон көлемі екі есе артқан. Осыған байланысты көші-қон қызметі басқармасы шетел азаматтарының облыс аумағында болу тәртібін еске салды. Бұл ретте, шетелден келген азаматтар Қазақстанда қанша күн жүре алатынын ескеруі керек. Мәселен, Қазақстан аумағына келген Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Әзербайжан және Тәжікстан азаматтары 90 күнге дейін емін-еркін жүре алады. Ал шекті мерзімнен артық жүретін болса, олар тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне жүгініп, уақытша тұруға рұқсат рәсімдеуге міндетті. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанға 4,3 млнға жуық шетелдік келсе, 4,1 млн кеткен, оның ішінде 1 660 000 Ресей Федерациясының азаматтары келген және 1 640 000 кеткен.
"Олардың уақытша болуы есепте. Әрқайсысының төлқұжат деректері мен кіру күндері, олар туралы толық ақпарат бар. Көші-қон процестеріне мониторинг жүргізілуде. Ішкі істер органдары келушілердің белгіленген болу ережелерінің сақталуын бақылауда. Шетелдiктiң елде болу мерзiмi аяқталса, оған қатысты заңда көзделген шаралар қолданылады", – деп жазды ІІМ.
Бақылау барысында көші-қон заңнамасын бұзған 45 700 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 4200-і мәжбүрлі түрде Қазақстаннан шығарылды. Оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 3200 ресейлік жауапқа тартылған. Бұл елге келген Ресей Федерация азаматтарының тек нөл бүтін оннан екі пайызын құрайды. Бұл статистика олардың Қазақстанда болу шарттарын сақтау тәртібін көрсетеді. Егер заңды бұзған жағдайда Қазақстаннан мәжбүрлеп шығару 5 жыл мерзімге елімізге қайта кіруге тыйым салу түріндегі қосымша санкцияны қарастырады.