Өзгенің қорасын сығалағаннан, өз керегемізді бекіту маңызды - Мәжіліс депутаты
Өзгенің қорасын сығалағаннан, өз керегемізді бекіту маңызды - Мәжіліс депутаты
414
оқылды
Айналамыздағы елдер арасындағы шиеленістердің өршуі мен халықаралық дипломатияның бәсеңсуі барлығымызды алаңдататыны сөзсіз. Бұл пікірді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев айтты. Оның сөзінше, әлем саясатында мемлекетаралық конфликттер, азаматтық қақтығыстар мен әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қиындауы байқалып келеді.
"Қазірдің өзінде, әлем бойынша "жеңіл жеңісті" көксеген, елдік мәселеден өзінің саяси мүддесін жоғары қойған топтар пайда болып келеді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік популизммен жалғасын табатыны анық. Сондықтан, біржақты позицияны ұстанудан аулақ болуымыз керек. Шындығында, мемлекетаралық шиеленіс пен елдердің ішінаралық қақтығыстары тек дипломатиялық жолмен шешілгенін қалайтын да, солай болатынын ойлайтын елдің біріміз. Бұл біздің мызғымас ұстаным болуы шарт", – деп жазды ол.
Депутаттың пайымынша, осы тұста, біздің елдегі тұрақтылық пен саяси трансформация егіз ұғым екенін түсінетін уақыт жетті. Өзгенің қорасын сығалағаннан, өз керегемізді бекіту маңызды. Сол үшін Мемлекет басшысы жаңашыл саяси өзгерістерді енгізуден талмай келеді.
"Мысалы, жыл басынан бері елімізде түбегейлі саяси реформалар орын алды. Конституция жаңарып, президенттің құзыреттері шектелді. Саяси билік институттарына біршама құзыреттер берілді. Оның жалғасы ашық экономикалық балансты сақтауға бағытталған шешімдермен күшейтілді. "Ұлттық фонд – балаларға", кедендік тазартулар, өңірлерге өз бюджеттерін пысықтау мүмкіндігі, монополияны жою. Бұрын-соңды болмаған барлық деңгейдегі әкімдер сайлауы 2023 жылдан бастап өтсе, енді саяси партияларды тіркеу 8 есеге жеңілдетілді. Бірінші рет, ашық саясаттың куәгері болып, басты сайлаулардың қашан өтетіні белгіленді. Бұл салауатты саяси конкуренцияның пайда болуына түрткі болмақ", – дейді депутат.
Бейсенбаевтың сөзіне қарағанда, енді, елімізде үлкен саяси науқанның кезеңі басталды. Негізі президент институтын қалыптастыратын уақыт жетті. Оның моделі сайлауға қатысу, ашық дауыс беру арқылы нақты кандидатты таңдау. Бұл елімізде орын алып отырған саяси реформалардың жүзеге асуында әділеттілік принциптерінің сақталуын қамтамасыз ететін ең негізгі құрал.
"Тұрақты қоғам – әділ конкуренция" концепциясына қарай бет бұратын уақыт келді. Тек саяси мәдениеті жоғары қоғамда ғана, дұрыс таңдау жасалатыны анық. Саяси дебаттың үстел басында өткенін қалаймын", – деп атап өткен ол.