Түбінде бәрібір адам жеңіп, қар барысы өмір сүруін біржола тоқтататын секілді
Түбінде бәрібір адам жеңіп, қар барысы өмір сүруін біржола тоқтататын секілді
Фото: Интернеттен алынды
602
оқылды
Алексеймен екеуара әңгіме басталып кеткен. Әдетте сұхбат ал­дында біз дик­тофонды қосамыз. Оны сұхбат беру­шінің алдына жа­қын­да­тамыз. Сөйтіп, сұрағы­мыз­ды қоя бастаймыз. Иә, бәрі солай бо­луы керек заңды­лықтар. Бұл жолы мейрамханаға сырт­тан әңгімеле­сіп кіріп едік. Сөйтсек, сұхба­тымыз далада-ақ басталып кетіпті. Сонымен...  width=   – ... Осы жақында ғана экс­педициядан оралдым. Көп уақы­тымыз тауда өтеді. Кейде қаланы жатырқап та қалатынымыз бар. Қазір біз барысты қорғау бойынша реабилитациялық орталық құру, оны ғылыми тұрғыда жасақтау жайын қарастырып жатырмыз. Дәл қазір мұндай тәжірибе бізде ғана емес, әлемде жоқ. Егер оны сәтті жүзеге асыра алсақ, үлкен жетістік болушы еді. Соның ая­сы­н­да жараланған жыртқышты, жетім қалған кішкентай алан­дарды да қамқорлыққа аламыз. Оларды емдеп, сауықтырып қай­тадан жабайы табиғатқа жібереміз. Қазір бұл шаруаны Snow Leopard Foundation қоры ресми қолға алуда. Әрине, бұл бастамаға әлем­дік табиғат қорғау ұйымдары да, отандық зоология институты да қолдау білдіреді. Ол орталықта арнайы тәлімбақтар салынады. Осыған ұқсас тәжірибе Бішкекте қолға алынған. Ол неміс табиғат қорғау ұйымымен бірлесе ашыл­ған. Жұмыс істеп жатқандарына біраз жыл болып қалды. Олар кө­біне браконьерлер атқан, басқа жағдайлармен жараланған жырт­қыштарды тауып паналатады. Әкелінген жаралы аңдар таби­ғатқа қайта босатылмайды. Өйт­кені көбі ары қарай өз бетінше өмір сүруге қауқарсыз. Ал бізде тәсіл басқаша. Біз тек жаралы ба­рыстарды жиып қана қоймай, оларды сауықтырумен, кейін қай­та т­абиғатқа жіберумен айна­лысамыз. Сол арқылы олардың қайта ұрпақ өрбітуіне мүмкіндік жасағымыз келеді. – Яғни, ол орталық арнайы дарбаза, шарбақпен қоршалады. Бірақ жыртқыш үшін құдды адам жоқтай болып көрінеді. Солай ма? – Иә, солай. Бұл жобада адам­ның қатысуы, араласуы толы­ғымен шектеледі. Шын мәнінде адам ғой басқаратын. Бірақ аң­дардың көзіне түспейді. Қар ба­рыстары өздерін адам басқарып, тәрбиелеп, бақылап жатқанын аң­ғармауы тиіс. Сауықтыру про­цесінен өткен соң барыс арнайы сынақ «тапсырады». Сол сынақ сәтінде ол адамнан қорқып, үркіп тұрса, онда оны табиғатқа жібе­руге болады деген сөз. Ал егер қорқыныш сезімі болмаса, онда оны еркіне қоя беруге болмайды. – Соңғы дерек бойынша Қазақстан аумағын қанша барыс мекен етеді? – Соңғы мәліметтерге қара­ғанда, 150-ге жуық барыс мекен­дейді. Олар негізінен Алтай, Жоң­ғар Алатауы, Солтүстік Тянь-Шаньда, батыс Тянь-Шаньда өмір сүреді. Бірақ олар үшін қа­тып қалған шекара жоқ. Тау сілем­дері арқылы бір елден екінші елге еркін өтіп жүре береді. Жалпы, ілбіс 12 елдің аумағында кездеседі. Орталық, Оңтүстік-Шығыс Азия, Оңтүстік Сібірде және ең көп по­пуляция – Қытайда. Ал Қазақстан аумағында Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Қытай, Ресей ел­дерімен шекаралас аймақтарда барыс көп жүреді. Негізі барысты сақтап қалу проблемасы тек бізге тиесілі емес. Бұған өзге 11 ел де бас ауыртып отыр. Жалпы, бәріміз бірігіп ойласып, ақылдасуымыз қажет. Сондықтан олармен бұл бағытта тығыз әріптестік орнату маңызды. Көршілерімізбен бірле­се отырып, трансшекаралық ай­мақтардағы қорық жұмысын, оларды күзету, бақылау мәселесін жолға қоя алсақ жақсы болар еді. – Әу баста барыс тақырыбына не үшін қызықтыңыз? – Зоология институтында 2011 жылдан бері істеп келемін. Он жылға жуықтап қалыпты. Яғни, барысты зерттеп, таңның атысы, күннің батысы осы тақы­рыпты қаузағаныма осынша уа­қыт болды деген сөз. Ал зоология ғылымымен танысуым тым ерте кезден басталды. Анығырақ айт­сам, алты жасымнан. Әкем де, немере атам да зоологтар. Олар мені кішкентай күнімде-ақ экс­педицияларға ертіп кететін. Сон­дықтан бала кезімнен тау деген не, аң деген не, биология деген не, бәрін біліп өстім. Немере атаммен бірге 2011-2017 жылдар аралығында (Юрий Алексан­дро­вич Грачев) бүкіл тауды адақтап, аралап шықтық. Сөйтіп жүріп біз алғаш рет 2012 жылы фототұзақтар орнаттық. Бұл Қазақстандағы алғашқы тәжірибе болатын. Ол аппарат тиімділігін дәлелдеді. Қазір барлық қорықта өздерінің мұндай құрылғылары бар деп ойлаймын. Кейін біз БҰҰ Даму Бағдарламасы кеңсесімен бірлесе отырып, 2016 жылы методикалық еңбек шығардық. Онда барысты қалай зерттеп, қалай мониторинг жүргізу керек екені айтылады. Еңбекті кез келген мекеме, ұйым қолдана алады. – «Жақында ғана экспедиция­дан оралдым» деп айттыңыз. Қан­дай тың жаңалықтарыңыз бар? – Иә, Жамбыл облысынан кеше ғана оралдық. Жалпы, экс­педиция бір аптаға созылады. Меркіде күн өте жылы болды. Мүлде қар жоқ десе де болғандай. Бәлкім, естіген де боларсыз, Мер­кі орман шаруашылығы меке­месінің қызметкерлері барысты фототұзаққа түсіріп, оны БҰҰ Даму Бағдарламасы кеңсесіне табыстаған. Сол жаңалықты ести сала біз дереу арнайы топ құрып, жағдайды нақтылап зерттеу үшін аттанып кеткен едік. Фототұзақ­тарды көбірек қойдық, қар ба­рыстарының ізі бойынша зерттеу жасадық. Генетикалык анализ жасау үшін көп биоматериал жи­нап қайттық. Ал негізі барыс Қазақстан бойынша Алматы ау­мағында өте көп ұшырасады.    width= – Барысты сақтап қалуға ке­дергі болып отырған не нәрсе? – Алматы халқының күн са­нап өсуі, инфрақұрылым аясының кеңейе түсуі бізді уақыт өткен са­йын тауға жақындатып бара жа­тыр. Шаһар билігі тауда тау-шаңғы базасын салғысы келеді. Одан өзге көңіл көтеретін, дема­латын түрлі демалыс нысандарын жобалайды. Сол арқылы турис­тер­­ді тартуды қалайды. Олай іс­темей-ақ адамдардың жәй ғана жаппай тауға шығуының өзі ба­рыстың тынысын тарылтып, үре­йін тудырады. Қазір барыстар тө­зіп жүр. Бірақ қазіргі қарқынға қарасақ, түбінде бәрібір адам жеңіп, барыс өмір сүруін біржола тоқтататын тәрізді. Біздің мінде­тіміз – ғалым ретінде адам мен барыстың үйлесімін табу. Қазір біз бүкіл ақыл-ойымызды, жиған-терген тәжірибемізді соған жұм­сап жатырмыз. Қала тұрғыны өз әрекетімен, өз өмір сүру салтымен жыртқышқа зиян келтіретінін тү­сінуі тиіс. Адам зияны тимес үшін не істеу керек? Барыс көп ме­кен ететін аймақтарға турис­терді жіберуді тоқтату, туристік мақсаттағы инфрақұрылымдық жобаларды барыс мекен ететін жерден аулақта салу керек. Мә­селен, Көкжайлау жобасы секілді. Ол да Іле Алатау ұлттық табиғи паркінде орналасқан. Ал аталған паркте ілбістер өте көп кездеседі. Соңғы кезде барыстар қалаға тіптен жақындай түскен. Шаһарға ең жақын нүкте деп – әл-Фараби даңғылынан жоғарыда орналас­қан тау жоталарын айтар едім. Яғни, қала орталығынан 10-15 шақырым жер маңайы. Барыс таудың ең биік жерлерінде ме­кендейтін болғандықтан осы күн­ге дейін аман жеткен. Себебі ең биік жерлерге адам аяғы жет­пейді. Ал адам аяғы жеткен жердің бәрі оның иелігіне айналып жатыр. Сөйтіп, табиғаттың мазасы қаша бастады. Барысқа қауіп төндіріп тұрған басты нәрсе – антропо­ген­дік фактор деп анық айта аламын. Теміржолдардың салынуы, тауда және тауға жақын маңда ұдайы қозғалыстың көбеюі, түрлі жер-қойнауларын пайдалану жобала­рының ашылуы (геологиялық жарылыстар) барыстың мазасын қашырады. Қалай болғанда да олардың тыныштығын бұзып алмау, оларды үркітіп алмау өте маңызды. Біз әшейінде барыс бейнесін өте көп пайдаланамыз. Түрлі спорттық жарыстардың логотипі етеміз. Алматы қаласы таңбасында да суреті бар. Бірақ дәл қазіргідей салғырт қарасақ барыс тек суретте ғана қалуы мүмкін. – Ілбістер басқа жануарларға қарағанда өте аз зерттелген, сол себепті олардың тіршілігі де, мінез-құлқы да жұмбақ. Сіз бірнеше жылдан бері зерттеп келесіз. Олар­дың мінезін, тіршілік ету қағидасын аңғара алдыңыз ба? – Иә, өте сирек кездеседі. Сон­­­дықтан да жұмбақ. Менің дис­сертациям да осы тақырыпта – яғни, барыстың өмірін зерттеу һәм зерделеу. Ғылыми жұмысым аяқталуға жақындап қалды. Та­қырып – «Қазақстандағы қар ба­рысының экологиясы» деп ата­лады. Олар адамға ешқашан шабуылдамайды. Менің өзім бірнеше рет бетпе-бет кездестім. Аз уақыт қарап тұрады да, кетіп қалады. Әрине, адам өзі шабуыл­даса өз-өзін қорғау үшін айқасқа баруы мүмкін. Десе де, ондай жағ­дайлардың өзі өте сирек тір­келген. Қартайып, бойынан әл кеткен барыстар биіктен таудың етегіне түсіп, адамдардың қоны­сына жақындап, малға шабуыл жа­сай­ды. Олар өз бетінше жем­тігін аулай алмайтын болған­дықтан, үй жа­нуарларына ша­буылдайды. – 2019 жыл қорытындысы бо­йынша фототұзақ материалдары нәтиже берді ме? – Біз осы уақытқа дейін нысанамызға іліккен (фототұзақ) барыстарды басқалардан айыру үшін оларға бірегей нөмір бел­гілеп, бір-бірінен ажыратуға ты­рысамыз. Соған сәйкес әрбірі үшін арнаулы жеке сәйкестен­ді­рілген нөмірі бар ID паспорт жа­саймыз. Былтыр біз негізінен Іле Алатауында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 30-дан астам барысты санаққа іліндірдік. Тұрақты мо­ни­торинг жүргіземіз: олар қалай өмір сүреді; адамға қатысты қан­дай реакция танытады дегендей. Кей барыстарды алты жылдан бері көзден таса қылмай келеміз. Фототұзақтардың бағасы шама­мен 300 доллардай. Бірақ олар жиі жоғалады. Көбіне жергілікті тұрғындар қызығып алып кетеді. Сосын аюлар бұл құрылғыны қиратуға құмар. Осыған дейін Қа­зақстандағы БҰҰ Даму Бағдар­ламасы кеңсесі 300-ге жуық фото­тұзақ сатып алып, оны еліміздегі ұлттық қорықтарға бөліп берді. Бұл қорықтардың зерттеу, бақылау мүмкіндігін арттырады. – Әйгілі актер Леонардо Ди Каприо осыдан бір-екі жыл бұрын барысты сақтауға қатысты ой айтып, барыс мекен ететін 12 елге арнайы сәлем жолдады. Мұндай адамдардың барыс пен оның эко жүйесін сақтап қалуға ықпалы қандай болмақ? – Әлбетте, ондай адамдар­дың аузынан шыққан сөз қа­шанда ерекше әсер етеді. Ди Кап­рио қаншама жылдан бері жабайы табиғатты қорғау бо­йынша көп еңбек сіңіріп жүр. Әлеуметтік желідегі парақша­сы­нан да тек осы тақырыпқа қа­тысты жазбаларды көреміз. Әрі ондай кісілердің ақша саламын десе де мүмкіндігі бар. Барыс тағ­дырына алаңдайтын жанашыр азаматтардың көбеюі қуантады. Бұл өте маңызды. – Ісіңізге сәттілік! Әңгімеңізге рақмет!   Сұхбаттасқан Абай АЙМАҒАМБЕТ